Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнамаға енгізілген түзетулер талқыланды. Баспасөз конференциясына Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Базылова, сондай-ақ «Ладожская 5» тұрғын үй кешенінің меншік иелері бірлестігінің төрағасы Руслан Нұғметов қатысты.
Кездесу барысында 15 қыркүйектен бастап күшіне енген «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдағы жаңа талаптар түсіндірілді. Енді көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың тек екі түрі болады. Бірін-шісі – меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) – тұрғындар өздері үйді басқарып, есеп пен шығынды бақылайды. Екіншісі – тікелей бірлесіп басқару (ТББ) – тұрғындардың атынан барлық жұмыстарды басқарушы компания атқарады.
Бақытгүл Базылованың айту-ынша, бұл өзгерістер тұрғындарға өз үйінің жағдайына көбірек көңіл бөліп, басқару ісіне белсенді қатысуға жол ашады.
– Бұрын ПИК пен кооперативтер негізсіз жұмыс істеп келді. Енді әр үй міндетті түрде өз басқару формасын таңдап, оны ресми түрде тіркеуі тиіс, – деді ол.
Жаңа заңға сәйкес, бұрынғы пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен ПКСК ұйымдары бір жыл ішінде өз қызметін тоқтатып, МИБ не ТББ түрінде қайта тіркелуге міндетті. Қалада қазірдің өзінде 90-нан астам МИБ құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ал қалған тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жаңа басқару форматына көшуде.
Руслан Нұғметов өз тәжірибесімен бөлісіп, МИБ жүйесінің артықшылықтарын атап өтті .
– МИБ жүйесінде барлық шешімді тұрғындардың өздері қабылдайды. Барлық есеп ашық жүргізіледі, әр тиынның қайда жұмсалғанын тұрғындар біледі. Қажет кезде медігер ұйымдарды өзіміз таңдап, келісімшарт жасаймыз, — дейді Руслан Нұғметов.
Кездесуде тариф пен шығын мөлшерін бекіту тетіктері де талқыланды. Бұрын тарифті жергілікті атқарушы орган белгілесе, енді әр үйдің тарифы тұрғындардың жалпы жиналысында бекітіледі, ал маслихат тек ең төменгі шекті мөлшерді анықтайды. Инженерлік жүйелері ескірген үйлерде тариф мөлшері жоғары болуы мүмкін, себебі жөндеу мен күтім шығындары көп.
– 70–80 жылдары салынған үйлерде инженерлік жүйелер ескірген. Сондықтан мұндай үйлердің тарифі жоғары болуы заңды, – деп түсіндірді Бақытгүл Базылова.
Жаңа заң тұрғындарға өз үйінің қожайыны болуға, қаражаттың қайда жұмсалатынын бақылауға және ортақ мүлікті ұқыпты ұстауға мүмкіндік береді. Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың және тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін арттырудың маңызды кезеңі.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.