Жаңа бағыт ыңғайлы ма?

Там 28, 2025

Осыдан тура бір апта бұрын Павлодар қаласындағы бірқатар автобус бағытын өзгертті. Ал кейбірі мүлдем желіден алынып тасталды. Бұл кей жолаушылар тарапынан наразылық тудырғаны рас.

Бұған дейін қалалық автобустардың жаңа бағыт бойынша қатынайтынын жазған едік. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, мұндай жаңашылдық қалаға іргелес ауылдық аймақтардан қатынайтын автобустардың жұмысын жүйелеп, интервалды қысқартады. Бұл ретте Мойылды, Жетекші, Кенжекөл сынды ауылдардан тұрғындарды тасымалдайтын автобустар жолаушыларды облыс орта-лығындағы бірінші аялдамада қалдырып, елді мекенге қайта оралады. Ал ауылдан келген ағайын қалаға кірген соң бірден келесі автобусқа бір сағат ішінде отырса, жолақысы тегін болуы тиіс. Бірақ алғашқы күндерден-ақ жүйенің өзі бұл жаңашылдыққа дайын емес екені байқалды. Кей тұрғындар бір сағат аралығында басқа автобусқа отырса да жолақысы қайта ұсталды. Осы сынды келеңсіздіктер бастаманы құптай қоймаған қараша халықтың наразылығын одан әрі күшейтті.

— 20 тамыздан бастап енгізілген өзгеріс ойластырылмай жасалған «шикі» дүние сыңайлы. Туған-туыс, әріптес, көршінің барлығы қолайсыздықтар тудырып жатқанын айтады. Мысалы, біз Кенжекөлден автобусқа отырып, Ладожская аялдамасында түсіп, келесі автобусты күтуге мәж-бүрміз. Бұл аялдамадан айтарлықтай көп автобус та қатынай қоймайды. Сондықтан екі емес, үш-төрт автобусқа дейін ауысып отыруға тура келеді. Оның өзінде аялдамада көп адам жиналып қалады. Қоғамдық көлікке сығылысып, әрең сыямыз. Әсіресе, оқу жылында студент балаларға қиын болайын деп тұр. Сондықтан бұрынғы бағыттардың қалғанын қалаймыз, — дейді Медет есімді тұрғын.

Ауылдық аймақтардан келу былай тұрсын, қала ішінде қатынаудың өзі қиындап кетті. Айталық, енді №66 автобус Мойылды мен облыс орталығындағы сапаржай аралығында ғана жүреді. Енді бұл автобуспен бұрынғыдай Усолка шағын ауданына еш алаңсыз жету мүмкін емес. Тағы да автобус ауыстыруға тура келеді. Ал Шөкин көшесінің бойында тұратын азаматтар тіпті қиналатын болды. Себебі бұған дейін Усолка шағын ауданына, мұндағы әлеуметтік нысандарға №66 автобуспен жетіп алатын. Енді ол да, оны алмастыратын қоғамдық көлік те жоқ.

Бұл жүйе бір айлық сынақ режимінде іске қосылды. Бұл аралықта жолаушылар тарапынан сұрақ, шағымның көп түсері анық. Оның барлығын +7 775 157 89 59 WhatsApp нөміріне жолдауға болады. Бұл ретте мамандар кеңес те бере алады. Бастысы, бір айлық сынақ аяқталған соң қалалық әкімдік тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, көпшілікке ыңғайлы жолды қарастырса екен дейміз.

 Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.