Жаңа тариф бекітілді

Ақп 27, 2025

Павлодарда қоқысты шығарып, жинауға арналған тариф бағасы арта түспек. Соңғы рет бұл коммуналдық қызмет түрінің ақысы 2021 жылы көтерілген екен. Енді 14 наурыздан бастап бұл қызметтің бағасы 9 пайызға қымбаттайды.

Павлодарда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге тарифтерді бекіту туралы мәселе қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында қаралды. Сессия отырысында мәслихат депутаттары қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа тарифін бекітті.

Қалалық мәслихат төрағасы Қобыланбек Қожин «Спецмашин» ЖШС-нің басшылығы тариф бағасын бірнеше жыл бойы көтеріп келе жатқанын айтып, бұл сұрақ бір күнде шешілмегенін жеткізді.

— Қатты қоқыс қалдықтарының тарифіне қатысты сессия отырысы өтті. Осыған дейін бұл сұрақ үш рет көтерілген еді. Бірақ, қолдау таппаған болатын. Желтоқсан айында жауапты мекеме басшылары барлық есептерді бергеннен кейін біз сарапшыларды тартып, олармен ақылдасып, кеңескеннен кейін бұл сұрақты қолдап отырмыз. Олар 16 пайызға өсіруін сұрап еді. Алайда, инфляция деңгейінде 9 пайыз қолдау тауып отыр, — деді мәслихат төрағасы.

Айта кетейік, бүгінгі күні аталмыш коммуналдық қызмет үшін көпқабатты тұрғын үйдің тұрғыны айына 490 теңге төлейді. Ал жеке сектордың бір тұрғыны бұл қызмет ақысына 554 теңге жұмсайды. Бұл ретте, әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарға жеңілдіктер сақталады.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.