Желіні жаңарту жалғаса береді

Қаз 30, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Облысымызда жылыту маусымы басталғалы  жылумен жабдықтау сапасына қатысты 223 өтініш түскен. Құзырлы органдар мен жылумен қамту ұйымдары бірлесіп, тұрғындардың өтініштері белгіленген тәртіппен пысықталғанын айтады. Жасалған талдау шағымдардың шамамен тек 1-2 пайызы ғана жылу желілерінің кінәсінен болса, қалғаны үйлердің ішіндегі жұмыстардың дер кезінде жасалмауынан болғанын көрсеткен. 

Мамандар маусым басталар шақта мұндай шағымдардың түсуі қалыпты жағдай екенін еске салуда. Яғни, желілерді, құбырларды баптау, бір режимге келтіру сынды жұмыстар жүргізіледі. Түскен шағымдар бойынша мамандар жұмыс тобын құрып, күнбе-күн мәселенің мәнін айқындап отырған. Қазіргі таңда мұндай бірде-бір шағым жоқ көрінеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов мәлімдеді.

Құзырлы мекеме басшысы жылыту маусымы облыста қалыпты жағдайда өтіп жатқанын айтты. Оған өңірімізде жылыту маусымына дайындық жұмыстары кең ауқымда жүргізілгені оң әсер етуде.

– Биыл энергия көздерінде негізгі жабдықтың 37 бірлігі жөнделді. Бұл жылыту маусымының басында халықты сенімді жылумен қамтамасыз ету үшін жеткілікті. 2115 шақырым электр желісі және 712 бірлік жабдық жөндеуден өткізілді. Жылумен жабдықтау желілерінде маңызды жобалар іске асырылды. Жалпы ұзындығы 31,1 шақырым жылу желісі жөнделді. Сондай-ақ, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Павлодар қаласында ұзындығы 6 шақырым жаңа ТМ-20А жылу магистралінің құрылысы аяқталу сатысында тұр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыста жылу желілерінің тозу деңгейі 79,7 пайыздан 78,2 пайызға немесе 1,5 пайызға төмендеді, — деді Ержан Иманзайыпов.

Ал жылыту маусымы басталар алдында жүргізілген күзгі гидравликалық сынақтар кезінде аймақтың үш қаласында 295 ақау анықталған. Олардың 52-сі магистральдік желілерде тіркелсе, 243 ақау кварталішілік аумақтарда анықталған. Олардың бәрі бүгінде жойылып, реттелген.

Жылыту кезеңіне әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер толық дайындалған. Бүгінде облыстағы барлық 566 білім беру нысанында, 305 денсаулық сақтау мекемесінде, 2499 көпқабатты үйлерде жылу бар. Аймақтағы барлық 394 қазандық уақтылы іске қосылды. Сонымен қатар, басқарма басшысы көмір жеткізу жұмыстары да қарқынды екенін атап өтті. Аймақтың көмір қорларында шамамен 40 мың тонна, оның ішінде Павлодар қаласында 11 мың тоннадан астам қатты отын бар. Бюджеттік ұйымдар үшін де, халықтың қажеттіліктері үшін де жеткізіліп жатқанын мәлімдеді. Қатты отын бағасын тұрақтандыру және оның тапшылығын болдырмау үшін басқарма мен ірі көмір өндіруші компаниялармен меморандум жасалған.

Павлодар қаласында гидравликалық сынақтан кейін қазылған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары баяу жүргізілетініне көпшіліктің көңілі толмайтыны рас. Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Арслан Айдархановтың айтуынша, қалпына келтіру жұмыстарына бір ай уақыт беріледі. Бүгінде облыс орталығында мұндай 30 учаске барын мәлімдеді. Қарашаның 10-ына дейін олар толық реттеледі деп сендірді.

Ержан Бейбітұлы алдағы жылы да жылумен жабдықтау желілелерін жаңарту жалғасын табатынын, шақырымдық көлемде биылдан кем болмайтынын атап өтті. Бұған дейін облыс орталығында магистральдік желілерге мән берілсе, енді келесі жылы кварталішілік аумаққа көшу жоспарланған. Павлодар қаласында бүгінде кварталішілік 2 желіні, Екібастұзда 4 магистральдік құбырды жаңғырту жобасы әзірленіп жатқаны белгілі болды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жылумен іркіліссіз қамтуға әрі тозу көрсеткішін төмендетуге септігін тигізеді деп күтілуде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.