Биыл Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталмақ. Бірақ өзен суының көтерілуі тиісті істерді бастауға әзірше мүмкіндік бермей отыр. Мұндағы жұмыстар аумақ толығымен кепкен соң ғана қолға алынбақ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Инна Бейм ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 600 шақырымнан астам 194 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын мәлім етті. Атап өтсек, облыстың 3 қаласында, 12 ауданында тұрғындар саны 598 мыңнан асатын 89 ауылдағы жолдар жөндеуден өтеді.
— Бүгінгі күні нормативтік жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 94 пайызды құрайды. Биыл іске асатын ірі жобалардың бірі – Екібастұз ГРЭС 1 – Басқамыс автомобиль жолын қайта жаңарту. Аталған бағыттағы автомобиль жолы Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданын қосады. Сонымен қатар, Железин-Веселая роща-Мыңкөл жолын жөндеуден өткізу жоспарлануда. Бұл бағыт аудан орталығын шалғай ауылдармен қосады. Бұдан басқа, Баянауыл ауданындағы Теңдік-Ұзынбұлақ, Қаражар-Южное жолы жөнделмек. Жалпы, 42 ауылға кіреберіс жолды ретке келтіру жоспарда бар, — деді И.Бейм.
Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облысы бойынша филиал директорының орынбасары Алмат Шойынбаев биыл облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 117,1 шақырым жолы және 3 нысан күрделі жөндеуден, 3 нысан орташа жөндеуден өтетінін жеткізді. Айтуынша, жөндеуден өтетін бірінші нысан — республикалық маңызы бар Қызылорда – Павлодар – Успен – Ресей Федерациясының шекарасы тас жолының 1381 шақырымында Ертіс өзенінен өтетін көпір құрылысы.
— Бұл жобаның мердігер ұйымы «Қазақдорстрой» ЖШС. Филиал құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау бойынша мердігерге құжаттарды беріп, дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бірақ Ертіс өзенінің арнасы көтерілуіне байланысты мердігер компания толықтай жұмысқа кірісе алмай отыр. Аумақтар толық кепкеннен кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Бұдан басқа, күрделі жөндеу нысандары бойынша Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Ақжар-Курчатов автомобиль жолының 195-216 шақырымы жөндеуден өтеді. Мердігер ұйым — «Павлодаржолдары» ЖШС. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.
Сонымен қатар, биыл Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара автомобиль жолының 100-105 шақырымы, Атамекен-Ертіс-Русская Поляна жолының 226-244, 257-263 шақырымы жөндеуден өтеді.
А.МҰҚЫШЕВ.