2025 жылы да жол жөндеу, тас жол төсеу жұмыстары жалғасын таппақ. Жоспарланған жұмыстар сәтімен іске асса, жыл соңында аймақтағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 96 пайызға жетеді деп күтілуде. Тұрғындардың әкімдермен кездесуде жолға қатысты айтқан ең өзекті 17 өтініші ескерілмек.
Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында мәлім болды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің айтуынша, бюджеттің әртүрлі деңгейінен жалпы сомасы 25,4 млрд теңгеге ұзындығы 409 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін асфальттау жоспарланған. Яғни, 106 жоба іске асады. Оның ішінде 139 шақырым жолдың қиыршықтасты төсемі асфальт-бетонды түрге ауысады.
Облыстық маңыздағы жолдарға қатысты 8 жоба қолға алынады. Облыс қазынасынан бөлінетін 3,8 млрд теңгеге 77 шақырым жол жөнделеді. Аудандық маңыздағы 42 шақырым жол жөндеу көреді. Бес жобаға облыс қазынасынан 2,3 млрд теңге қарастырылмақ. Осы ретте, аудан орталығынан шалғай елді мекендерді байланыстыратын аудандық жолдарға маңыз беріледі. Мәселен, биыл Аққулы-Қазы, Майқарағай және Железин-Веселая роща-Мыңкөл автомобиль жолдары толық жөнделеді.
Соңғы бірнеше жыл облысымызда ауылдардың кіреберіс жолдарын жөндеу мықтап қолға алынған еді. Енді міне, биыл 32 ауылға апаратын кіреберіс жол жөнделеді. Бұл — жалпы ұзындығы 102 шақырым жол. Оған 6,7 млрд теңге бөлінді. Оның 1,6 млрд теңгесі республикалық қазынадан қарастырылса, 5,1 млрд теңге облыс бюджетінен бөлініп отыр. Олардың ең ірі жобасы — Ертіс ауданындағы Амангелді ауылына апаратын жол. Үш жылдық жоба аяқталса, аталмыш ауыл тұрғындары талай жыл көрген жол азабынан құтылады. Себебі, мұнда топырақты жолға асфальт бетон төселіп, тақтайдай тегіс болмақ.
Бұл жобалар іске асса, кіреберіс жолы жөндеу көрмеген 31 ауыл қалмақ. Оларды 2026 жылы жөндеу жоспарланған. Осылайша, келесі жылы елді мекендердің кіреберіс жолдары толығымен жөнделіп бітеді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердің көшелеріне тас жол төсеу жалғасады. Биыл 13 ауылда жалпы ұзындығы 47 шақырым ауылішілік жол жөнделеді. Оған облыс қазынасынан 2,3 млрд теңге бөлінді. Бонустық трансферт шеңберінде де ауылдардың көшелеріне көрік кіреді. 17 елді мекенде 1,9 млрд теңгеге37 шақырымдық жол ретке келтіріледі. Аудан-қалалар өз қаражаты есебінен де жолдарды жөндеуге көңіл бөлмек. Мұндай 30 жоба жоспарланыпты. Бүгінде жобалар бойынша конкурстық рәсімдер өткізілген. 13 жоба қалыпты. Оларды ағымдағы айда аяқтау көзделген.
Нәтижесінде жалпы ұзындығы 98 шақырым жол жөнделеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, жоспарланған жобалар нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 98 пайызға жетеді. Қ.Қашкиров бұл көрсеткішке жету үшін өңірімізде барлық қажетті инфрақұрылым, құрылыс материалдары жеткілікті екенін атап өтті. Яғни, бүгінде 23 асфальт-бетон зауыты, қиыршықтас өндіретін 13 кеніш және битум шығаратын бір зауыт жұмыс істеуде. 2025 жылы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарына орташа жөндеу жүргізуге 30 мың тонна битум және 700 мың тонна қиыршықтас қажет көрінеді. Жолдардың сапасын бақылау аясында басқарма, қала-аудан әкімдіктері жол активтері сапасының ұлттық орталығымен келісімшарттар жасауда. Аталмыш орталық ақпан айында барлық ауылдық округ әкімдері мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің мамандарына жолдарда жүргізілетін жұмыстардың сапасын бақылауға қатысты арнайы семинар өткізіпті.
Облыс әкімі барлық жобалардың тізбесін жасап, оларды бірыңғай ахуал орталығына шығарып, сәуір айынан бастап апта сайын бақылау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, барлық әкімдер, депутаттар қауымы бірлесіп, жолдарды жөндеу барысын бақылау қажеттігін де атап өтті. Ауыл, қала тұрғындары көптен бері сұрап жүрген жолдарды қалпына келтірілуі өте маңызды екенін еске салды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы басты туристік бағыт – Екібастұз-Майқайың арасын жөндеуді екі жылда қолға алу қажеттігін атап өтті. Бүгінде 23 шақырымының жобасы жасалыпты. Осыған құзырлы басқармаға қазынадан қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының басшысы Ермұрат Нұрханов республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу бағытындағы жоспарды ортаға салды. Айтуынша, 2025 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен 9 жоба қамтылмақ. Ең ірісі – Ертіс өзені арқылы көпір салу жобасы. Қазіргі таңда тіректердің іргетасын орнату жұмыстары 90 пайызға аяқталған. №1 және №6 жағалау тіректері орнатылды. Биылғы жұмыстарға қажетті жабдықтар Еуропадан жеткізілмек. Одан басқа, 8 жоба бойынша жалпы ұзындығы 196 шақырым жол жөнделмек. Оның екеуінде күрделі жөндеу, қалғанында орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жыл соңына дейін 87 шақырымы пайдалануға беріледі. 2025-2026 жылдарға тағы екі жолға министрліктен қаражат сұратылуда. Олар — Қалқаман-Үміткер-Баянауыл (56 км) және Омбы-Майқапшағай (60 км) бағыттары. Осы орайда, аймақ басшысы Асайын Байханов Атамекен-Ертіс-Руская поляна және Павлодар-Омбы-Майқапшағай бағыттарында республикалық жолдың жағдайы нашарлап бара жатқанын алға тартты. Е.Нұрханов алғашқысы бойынша 60 шақырым жолға орташа жөндеу жоспарланғанын мәлімдеді. Қалған тұстарда шұңқырларды жамауға қаржы қарастырылыпты. Павлодар-Омбы бағытында 60 шақырым жолды жөндеуге министрліктен қосымша қаржы сұратылыпты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.