Жолдың қауіпті тұсын тарылту қандай нәтиже береді?

Мам 2, 2025

Жол-көлік оқиғаларының жиілегені кім-кімді де алаңдатады. Тас жолдағы түрлі апат талай адамның өмірін қиып кетіп жатқаны да жанға батады. Жол-көлік қозғалысының тиісті ережелері, әр тұста сақталуы тиіс жылдамдық — бәрі-бәрі заңда айқын жазылған. Көпшілік біледі. Бірақ, кейбір азаматтардың ережелерді елемей, жылдамдықты арттырып, өзінің ғана емес өзгенің де өміріне қауіп төндіреді. Оған қоса, кейде жолдың да сапасы кері әсерін тигізіп жататыны тағы бар. Құзырлы министрлік жолдағы жол-көлік апаттарын азайту үшін әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, түрлі тәсілдерді қолданып келеді. Камералар орнатып, жол бойында кезекшілік жасау сынды амалдар жасалуда. Десе де, әлі жағдай оңалмай отырғаны ойландырса керек, енді Ішкі істер министрлігі Қазақстанның автожолдарында апат жиі орын алатын қауіпті учаскелерді тарылтуды қолға алмақ. Бұл тәсіл мұндай тұстарда жүргізушілердің жылдамдықты бәсеңдетуіне жетелейді деп күтілуде. Жаңа әдіс қаншалықты қажет? Шынымен, жол-көлік апаттарын азайтуға оң әсерін тигізе ала ма? Осы тақырыпты «Алаң» айдарында талқылап көрмекпіз.

Қасен ЕСТАЕВ, облыстық жол полициясы саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Министрлік ойдан шығармағаны анық. Әлемдік тәжірибені ескеріп, қолға алып отыр. Апатты, қауіпті жол бөліктерін анықтап, оны тарылтқан соң онда арнайы патрульдік машина кезекшілікке тұратыны анық. Яғни, ескертіп, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілетін көрінеді. Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында енгізілетін тәсіл уақыт өте нәтижесін беруі де мүмкін.

Әрине, құзырлы орган тарылтқан тұс туралы әлеуметтік желі, БАҚ арқылы алдын ала көпшілікті хабардар етуі тиіс. Ұзақ уақыт көлік жүргізушілеріне хабарлап, тарылтқан жолға жетпес тұста арнайы белгілер орнатса, бұл тәсілдің де нәтижесін байқауға болады. Себебі, жүргізушілер алдын ала білсе, автоматты түрде жылдамдығын төмендетеді, барынша мұқият болуға тырысады, сөйтіп, қауіпті аумақтан сәтті өтеді, өзіне де, өзгеге де зиянын келтірмейді.

Тағы бір айта кетерлігі, көп жағдай жүргізушілердің жолдағы тәртібіне, жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан, әр азамат жолға шыққанда ойлануы керек. Жолда жалғыз еместігін ұмытпауы тиіс.

Рустам МАЗГУТОВ, облыстық мәслихат депутаты:

— Әлемнің талай елін аралаған адаммын. Шыны керек, ешбір жерде мұндай тәсілді қолданғанын көрмеппін. Менің ойымша, қала сыртындағы күрежолдарда апат жиі орын алатын қауіпті учаскелерді тарылтса, керісінше, жағдай қиындайды.

Өзіңіз елестетіп көріңізші. Бұрын-соңды бұл тас жолмен жүріп көрмеген көлік жүргізушісі қараңғыда жоғары жылдамдықпен келе жатыр делік. Тар жолға келгенін байқап, бірден тежегішті басып   үлгермесе, ар жағы не боларын болжай беріңіз. Меніңше, мұндай әдісті енгізуге болмайды. Бәлкім, министрлік меңзеп отырған тәжірибе өзге елдерде қалалық елді мекендердің ішінде қолданылатын шығар. Қала ішінде болса, көпшілік тар жолдың барын біліп алады, сондықтан, жылдамдығын бәсеңдетуге бейімделеді. Ал ұзақ жолға, автомагистральдарға аталмыш тәсілді қолдану өте қауіпті.

Сәбит ЖАНАТ, көлік жүргізушісі:

— Автожолдың қауіпті, жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын жерін тарылту мәселені шешеді деп айта алмаймын. Керісінше, қауіпті күшейте түседі, көліктердің соқтығысуын арттырады деп санаймын.

Меніңше, оның орнына жолдың мұндай бөліктерін жарықтандыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Ол мүмкін болмаса, жарық шағылыстыратын элементтер орнатылғаны дұрыс болады. Күнделікті жұмыс бабымен көлікпен жиі қатынаймын. Жолдың жайын жақсы білеміз. Қай тұста қандай шұңқыр, қандай кедергі барын білеміз. Барынша жылдамдықты асырмауға мән беремін. Өйткені, бұл — өзімнің, жолдағы өзге де жолаушылардың қауіпсіздігі. Біз, жүргізушілер де жол қозғалысына жауапкершілікпен қарауы керек. Сонымен қатар, жолды қыста уақытылы тазарту, жазда тесік жерлерін дер кезінде жөндеуге мән берілсе деймін.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.