Биыл облыс бойынша 300 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өтпек. Оның ішінде 220 шақырымы қиыршық тасты төсемнен асфальт-бетон төсеміне ауыстырылады. Жол-құрылыс материалдары мен жұмыстар сапасына сараптама жүргізу үшін «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығымен келісімшарт жасалды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров биыл облыс бойынша 313 шақырымды құрайтын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өтетінін мәлім етті. Оның айтуынша, бұл мақсатқа 12 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Жоспарға сәйкес, 89 шақырым облыстық автомобиль жолдары және 223 шақырым аудандық жолдарда орташа жөндеу жүргізіледі.
– Биыл ұзындығы 36 шақы-рымды құрайтын Ақшиман-Лекер автомобиль жолын және ұзындығы 39 шақырымдық Баянауыл-Угольное автомобиль жолын жөндеу жоспарлануда. Бұл Май ауданы мен Баянауыл ауданы орталықтары арасындағы қашықтықты 100 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биыл Баянауыл ауданындағы 60 шақырым жолдың асфальт жабынын ауыстыру жоспарланған.
Жалпы ұзындығы 82 шақырымдық 23 ауылдық елді мекеннің кіреберіс жолын жөндеуді де көздеп отырмыз. Былтыр облыста мұндай 11 жол жөнделсе, келесі жылы тағы да 30 жобаны жүзеге асырмақпыз. Қазіргі таңда облыс бойынша кіреберіс жолдардың 85 пайызы жақсы жағдайда, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, Қанат Қашкиров жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде нормативтік жағдай-дағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 94 пайызға жететінін атап өтті. Оның ішінде облыстық жолдардың үлесі 94,7 пайызды, аудандық жолдар 93,8 пайызды құрайды. Сондай-ақ, басқарма басшысы жол бойындағы сервис деңгейі бойынша жолдар «A», «B», «C», және «D» санаттарына бөлінетінін айтты. Биыл облыстық маңызы бар жолдарда осы сервистік жұмыстар да жанданбақ.
— «A» санатындағы жолдар қонақ үйлермен, ойын-сауық орталығы және сауда орындарымен қамтылуы тиіс. Павлодар облысында «B», «C» санатындағы жолдар бар. Республикалық маңызы бар жолдарда трассаға, оның ішінде дәретханаларға «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ қызмет көрсетеді.
Облыстық маңызы бар жолдарға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, ал аудандық маңызы бар жолдарға – аудандық ТҮКШ бөлімдері қызмет көрсетеді, — деді ол.
А.МҰҚЫШЕВ.