Соңғы жылдары Павлодар қаласында жылу желілерін жөндеп, жаңа құбырларды салуға баса мән берілуде. Яғни, қара күзден ерте көктемге дейін тұрғындардың бүрсең қақпауы үшін жайлы жағдай жасалып жатыр. Бұрын-соңды жүргізілмеген жұмыс — кварталішілік желілерді жаңарту ісі де қолға алынды. Бұл өз кезегінде жылдар бойы қордаланып қалған түйткілдерді тарқатуға оң әсер етті.

 

Жалпы, облыс орталығында барлығы 416,53 шақырым желі бар. Оның 117 шақырымы – магистральдік, 275,8 шақырымы кварта-лішілік болса, тағы 23 шақырымы ыстық сумен қамтиды. Алайда жылу құбырларының 85 пайызы тозған. Ескірген желілер жылумен қамтуда қиындық тудырмас үшін олар кезең-кезеңімен ауыстырылып, жөнделуде. Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Темір Қасқабаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында атап өткендей, былтыр 11,7 шақырым болатын кварталішілік жылу желісі жөнделді. Бұған дейін квартал ішіндегі құбырлар жөнделген емес. Бұл бағыттағы жұмыс келесі жылы да жалғасады. Атап айтқанда, Жаяу Мұса, Баймолдин көшелерінің аумағын-дағы 5,9 шақырым кварталішілік құбыр жаңарады.

— Өткен жылы ТМ-31 жылу магистралі салынды. Биыл 30 шақырымға жуық жылу желілері жөнделіп, ұзындығы 2,6 шақырым болатын ТМ-13 жаңа жылу магистралі салынды. Осындай жұмыстар 250 көппәтерлі үй мен әлеуметтік сала нысандарын жылумен қамтуды жақсартуға мүмкіндік береді, — дейді Т.Қасқабаев.

Сол сияқты жылу желілерінің күрделі жөндеуі аясында Лермонтов көшесінің бойы мен жақын маңдағы көшелерінде ТМ-2, Омбы-Майқапшағай трассасы мен Ледовского, 10 көшесіне дейінгі ТМ-23, ТМ-32 мен Ломов көшесіндегі басқа учаскелер, қала ішіндегі көшелердегі желілердің жөнделуіне баса назар аударылды. Сонымен қатар, инвестициялық бағдарлама бойынша жалпы ұзындығы 1,007 шақырымдық желілер қайта жаңғыртылды. Оның ішінде Ворушин көшесі бойындағы ТМ-20, ТК-134 және ТК-134/8 дейінгі аумақтар бар.

— Қыстың кезінде қиналып қалмас үшін көктем мен күзде гидравликалық сынақтар жүргізілетіні белгілі. Биыл осындай сынақтардың барысында 800 ақау анықталды. Сол олқылықтарды реттеп, кем-кетікті түзеу үшін 624 млн теңге бөлінді. Бұл сома сынақтан кейінгі ақауларды жөндеуге жұмсалды, — дейді бөлім басшысының орынбасары.

Осындай жұмыстардың нәтиже-сінде жылумен қамтуға қатысты шағымдар айтарлықтай азайды. Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Базылованың сөзінше, жылу маусымы басталғалы тұрғындардан барлығы 30 шағым түскен.

— Оның 15 жағдайы расталып, тиісті жұмыстар атқарылып, жылу параметрлері ретке келтірілді. Көп жағдайда жылудың төмен болуына пәтер ішіндегі батареялардың бітеліп қалуы сынды жағдайлар себеп болды. Жалпы алғанда, қандай да бір проблемалық үйлер тобы жоқ. Барлығы – жекелеген мәселелер, — деп атап өтті Б.Базылова.

Айтуынша, тұрғындар мүлік иелері бірлестігіне көшкен соң жылыту маусымына дайындық жұмыстары әлдеқайда жақсара түсті. Яғни, жаңа жүйенің оң ықпал еткенін байқауға болады. Бүгінде облыс орталығында барлығы 80 МҮБ жұмыс істейді. Сонымен қатар, кейбір көпқабатты баспаналардың тұрғындары «Павлодар жылу желілері» ЖШС-мен келісімшарт жасап, аталмыш компанияның сервистік қызметін пайдаланып келеді. Қаланы жылумен қамтуға жауапты кәсіпорын қосымша 100-ден астам тұрғын үйдегі жағдайды жеке бақылауына алды. Аталмыш серіктестік облыс орталығындағы желілерді жаңартуға да ден қойып отыр. 2026-2027 жылдары жалпы ұзындығы 1,8 шақырым болатын 9 учаскеде күрделі жөндеу жүргізбек жоспары бар. Бүгінде тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Атап өтерлігі, қаладағы жылу жағдайын 10 мобильді топ басты назарда ұстайды. Оның құрамында әкімдік, «Павлодар жылу желілері» ЖШС, инспекция, қызмет көрсетуші ұйым өкілдері бар. Олар жылумен қамту жүйелерінің жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. «109» бірыңғай байланыс орталығы, басқа да жолдар арқылы жылуға қатысты шағым түскен кезде сол күні-ақ аталған мекенжайға барып, мәселенің анық-қанығымен танысады.

Бұл ретте Темір Қасқабаев облыс орталығына қарасты ауылдық аймақтардың жағдайы да шет қалмағанын тілге тиек етті. Павлодар, Мойылды, Жетекші, Кенжекөл, Атамекен мен Теміржолшылар кентіндегі әлеуметтік нысандарды жылыту үшін 10 мың тоннадан астам қатты отын жеткізілді. Ал жеке үй тұрғындары қатты отын сататын қаладағы 4 сауда орнынан қажетіне қарай көмір ала алады.

Түйіндей келе, қалалық әкімдік өкілдері әлеуметтік маңыздағы 277 нысанның, 1300 көпқабатты тұрғын үй және 4904 жекеменшік үйдің барлығы үздіксіз жылумен қамтылып отырғанын айтты. Жылыту маусымының штаттық режимде жалғасуы жергілікті биліктің басты назарында бола бермек.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.