Жылу желілерінің ахуалы қандай?

Қаң 20, 2026

Естеріңізде болса, 2022 жылы  Екібастұз қаласында жылу-электр  орталығы  істен шығып, тұрғындар жылусыз  қалған еді.  Сол  оқиғадан  кейін еліміздің  кейбір өңірлерінде де  жылу желілері  бұзылып,  қақаған  аязда  халық  бүрсең қағып, көрпеге оранып отыруына  тура келді. Кейін Үкімет Қазақстан Республикасы Президентінің  бастамасымен  «Коммуналдық  және  энергетикалық  секторларды жаңғырту»  атты  2029  жылға  дейінгі  жобаны әзірледі.

Еліміздегі  жылу  желілерінің  орташа  тозу  деңгейі  бүгінгі күні  54 пайызды құрайды. Министерлер осы жылы  сол  54  пайызды  40  пайызға  дейін түсіруді  жоспарлап отыр. Бұл туралы  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Turkistan»  газетіне  берген   сұхбатында  былай дейді:

«Энергетика  және  тұрғын үй-  коммуналдық   шаруашылығы  кез келген  мемлекеттің  өмір  сүруіне  аса  қажетті  тұғыр саналады. Бұл  негіз  шайқалса, басқасы  түгел  күйрейді. Тамыры  тереңге  кеткен  экономикалық  мәселелерге  ондаған  жылдар  бойы назар аударылған  жоқ.  Қалалар  мен  ауылдардағы  инфрақұрылым  тозды, энергетика  нысандары  мен  коммуналдық  желілер  әбден  ескірді. Бұл  сала  жыртық-тесігін  жанталаса  жамап-жасқап, бюджет  қаржысын  үздіксіз  құюға  тура келетін   «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті. Соған қарамастан, біздің үкіметіміз «Авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді», — деді  Қазақстан Республикасы  Президенті  Қасым-Жомарт  Кемелұлы.

Ал  енді  Павлодар қаласында  жағдай  қалай болып жатыр, сол  туралы  сөз  қозғалық. «Коммуналдық  және  энергетикалық  секторларды жаңғырту» атты ұлттық  жоба  бойынша  өткен жылы  Павлодар  қаласына  3  млрд теңгеден  астам  қаржы  бөлініп, Павлодар, Екібастұз,  Ақсу  қалаларында  жылу  желілерін  жаңарту  жұмыстары жүргізілді.

— Былтыр Павлодар облысында жылумен жабдықтау жүйесін жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыс аумағында жалпы ұзындығы 37,1 шақырым жылу желілерінде жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Павлодар қаласында жылу желілерінің 11,1 шақырымы қайта жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен енгізілген «Коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғырту» атты жаңа ұлттық жоба аясында маңызды жұмыстар басталды. Павлодар облысы республика бойынша алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен облигациялар шығару жөніндегі бұйрыққа қол қойып, ұзындығы 6 шақырымды құрайтын ТМ-20А жылу магистралін салу жобасын іске асыруға кірісті. Аталған  жоба  аясындағы  жұмыстар   биыл да  жалғасады және сол жобаға сәйкес облыс әкімдігі  мен табиғи  монополия   субъектілері  2029  жылға  дейінгі  жол  картасын  әзірледі, —
деді  облыстық  энергетика  және  тұрғын үй-коммуналдық  шаруа-шылық  басқармасы  жылу  энергиясы  бөлімінің  басшысы   Жангелді  Қожанов.

Аталған жоба аясында Екібастұз қаласында 16,5 км болатын жылу желілері  жөнделіп,  қайта  жаңғыртылды. Оның ішінде қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ететін ТМ-2 және ТМ-7 жылу магистральдары бойынша 5 км екі ірі жоба іске асырылған.  Ақсу қаласында жылу желілерінің 3,53 км учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 79,7%-дан 78,2%-ға дейін төмендеген.

— Жылудың жеткіліксіз берілуі туралы өтініштер түскен жағдайда тиісті қызметтер бірлесіп, уақытылы реттеу жұмыстарын жүргізеді. Пәтерлерде жылу болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда себептері анықталып, жою шаралары қабылданады. Жылумен қамту мәселелері бойынша тұрғындар «109» бірыңғай байланыс орталығына немесе тиісті қызметтерге хабарласа алады, — деді  Жангелді  Қожанов.

Жасалған жұмыстардың нақты нәтижесі – тозу деңгейінің төмендеуі мен жылу беру тұрақтылығының артуы. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, өңір тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыра бермек.

Нұрайым  ҚАЛЫБЕК.