Облыстағы үш шаһар – Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы жылу желілерінің
60-90 пайызы әбден тозған. Сол себепті де қысқы уақытта жылумен қамту бағытында қиындықтар туындап келеді. Аталмыш мәселені шешу үшін Үкіметтің резервінен 9 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қомақты сома жаңа жылу желілерін салып, ескілерін қайта қалпына келтіруге жұмсалмақ.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға және реконструкциялауға Үкімет резервінен 9 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды. Соған сәйкес, үш қаладағы жылу желілері толығымен жаңартылмақ. Атап айтқанда, облыс орталығында жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болатын ТМ-13 жылу магистралі салынады. Бұл 41,5 мың адам тұратын Павлов – Шевченко – Катаев көшелері орналасқан аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталмыш жобаны іске асыруға 3,6 млрд теңге қарастырылып отыр.
Ал Екібастұзда жалпы ұзындығы шамамен 4 шақырым болатын ТМ-1 және ТМ-3 жылу магистральдері қалпына келтіріледі. Бұл бағыттағы жұмыстарға да 3,6 млрд теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік мекемелер, шағын және орта бизнес нысандарын жылу жүйесіне қосудың тетігі қарастырылады. Сөйтіп, 2 мыңнан астам адам тұрақты түрде жылумен қамтылады.
Қалған 1,8 млрд теңге Ақсудағы №3,5 және 8 шағын аудандарда орналасқан, ұзындығы 4,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңартуға бағытталады. Соңғы 2 жылда аталған учаскелерде 40-тан астам ақау тіркелген. Қалпына келтіру жұмысы 1,5 мыңнан астам жергілікті тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Павлодар облысы әкімдігінің дерегі бойынша, бүгінгі таңда Павлодарда 828,1 шақырым жылу желісінің 82,8 пайызы, Екібастұздағы 422,5 шақырым құбырдың 90,7 пайызы және Ақсу шаһарындағы 99,1 шақырым желінің 59 пайызы тозған. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілуі тиіс, тозу деңгейі аса жоғары 4 учаске анықталды.
Айта кетейік, бұған дейін Екібастұз жылу-электр орталығын жаңғыртуға, дәлірек айтқанда қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуге және тұндырылған су магистралін салуға резервтен 3,4 млрд теңге бөлу туралы да қаулыға қол қойылған болатын.
Өз тілшіміз.