Павлодар облысы алдағы жылыту маусымына дайын. Көктемнен бастап үш қаладағы жылу-электр орталықтарындағы қазандықтар мен желілер жөнделіп, қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі әлеуметтік нысандарға көмір жеткізілуде. Сондықтан қысқы уақытта айтарлықтай қиындықтар туындамауы тиіс.
Кеше облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды. Жиынға облыс әкімі Асайын Байханов, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, атқарушы билік өкілдері қатысты. Алдымен жергілікті энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов аймақтағы ахуалды атап өтті. Айтуынша, өңірдегі 2231 көпқабатты тұрғын үйдің 2045-і жылыту маусымына әзір. Әлеуметтік нысандардың барлығы дерлік дайындық актісін алды. Елді мекендердегі мекемелер де сақадай сай. Қазіргі таңда білім, денсаулық, спорт және мәдениет мекемелеріне 52 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл нысандардың қыстан қысылмай шығуы үшін барлығы 128 мың тонна қатты отын қажет. Бұл көлем жақын күндері толығымен тасымалданады. Кейін Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімдері өздері басшылық ететін шаһардағы жағдайға егжей-тегжейлі тоқталды. Облыс орталығының жаңадан тағайындалған әкімі Хасар Хабылбеков қазір 223 үйдің тұрғындары әлі ыстық сусыз отырғанын айтты. Оған құбырларды толтыру барысында анықталған ақаулар себеп. Олардың барлығын 20 қыркүйекке дейін жойып, осы уақытта көпқабатты баспаналарды ыстық сумен қамтуға уәде берді. Ал Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембиновтің сөзінше, шағын шаһарда ыстық суға қатысты мәселе жоқ. Жұртшылықты да, қоғамдық кеңес өкілдерін де осыдан алты жыл бұрын құрылысы басталған қалалық қазандықтың қашан қолданысқа тапсырылатыны көбірек қызықтырады. Жиын барысында белгілі болғандай, алдағы жылыту маусымында миллиардтаған қаржыға салынған қазандықтың игілігін көре алмаймыз. Мердігер компания қосымша құрал-дарды орнатуына байланысты жобаны дайындап, мемлекеттік сараптамаға тапсырды. Ол қазан айының соңында қорытындысын алған соң үш ай аралығында қабылдау, іске қосу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан осы жылы қалалық қазандық тек тест режимінде іске қосылуы мүмкін. Жылу туралы сөз қозғалғанда Екібастұздың мәселесіне көпшіліктің назары ерекше аударылатыны белгілі. Бұл жолы да қоғамдық кеңес өкілдері кеншілер шаһарының алдағы қысқа қаншалықты әзір екенін сұрады. Қала әкімі Аян Бейсекиннің сөзінше, жылу желілерінде апат болғаннан бері барлығы 70 шақырымнан астам құбыр жөнделді. Көппәтерлі 690 тұрғын үйдің 663-інде дайындық жұмыстары жүргізілді. Басқарушы компаниясы жоқ 182 баспананы қала құраушы кәсіпорындар өз мойнына алып, тиісті істерді атқарды. Сондықтан былтырғы түйткіл туындамауы тиіс. Жиын соңында облыс әкімі Асайын Байханов жылыту маусымына қатысты жалпы жағдайды түйіндеді. Айталық, Екібастұздағы жылу құбырларының дені 1957-1978 жылдары салынған. Содан бері жаңарып, күрделі жөндеуден өтпеген желілердің бүгінде 92 пайызы тозып тұр. Әрине, 382 шақырым желіні әп сәтте ауыстыруға келмейді. Биыл оның тек 65 шақырымы жөнделді. Осылайша, жыл сайын құбырлардың белгілі бір бөлігін жаңартып, ескілерінен құтылу ойда бар. Облыс орталығында да тәуелсіздік алғалы алғаш рет төрт ауладағы 18 шақырым желі жаңарды. 1970-71 жылдары салынған бұл құбырлар бұған дейін ауыстырылған емес. Енді 54 көпқабатты үйдегі 7 мыңға жуық тұрғынға жылу жаңа желілер арқылы жеткізіледі.
— Баяндамада айтылған сандардың астарында ауқымды іс, тәулік бойғы жұмыс жатыр. Әсіресе, Екібастұз қаласында жылумен қамтуды жақсарту үшін көп жұмыс атқарылды. Былтырғы қиын қыста төзімділік пен шыдамдылық танытқан қала тұрғындарына тағы да алғыс айтқым келеді. Алдағы уақытта мұндай қиындық қайталанбауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Павлодар мен Ақсу қалалары да тасада қалып қойған жоқ. Бұл шаһарлардағы қазандықтар да, құбырлар да жөнделіп, жаңартылды, — деді А.Байханов. Үш қаладағы жылыту маусымы ауа темпертурасы қатарынан үш күн бойы +8 градустан төмен болған жағдайда басталады. Болжам бойынша, әлеуметтік нысандарға жылу осы айдың ортасынан бастап беріледі. Ал тұрғын үйлер 30 қыркүйек – 1 қазанда орталық желіге қосылады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.