Облыс орталығы тұрғындары жаңа жылда коммуналдық қызметтер ақысы көрсетілген алғашқы түбіртекті алды. Кейбір тұтынушылар сол түбіртектегі жылу ақысы бірден шарықтап шыға келгенін байқады. Желтоқсан айында қатты аяз болмаса да, қызмет ақысы айтарлықтай артқанға ұқсайды. Бұған не себеп? Тариф тағы өзгерді ме?

Жаңа жылдың алғашқы түбіртегі көпшіліктің көңілінен шыға қойған жоқ. Онсыз да аспандап тұрған коммуналдық қызметтердің ақысы тағы да көтерілді. Әсіресе, жұртшылық жылу үшін неге көп сома келгенін түсінбей дал. Айталық, бұған дейін бір бөлмелі пәтердің иелері орта есеппен 5-6 мың теңге көлемінде төлеп келсе, бұл жолы түбіртектегі сома шамамен 10 мың теңгені құрады.

— «Сарыарқа» шағын ауданындағы бір бөлмелі пәтерімнің жалпы ауданы 40 шаршы метрден сәл асады. Өткен жылдың қараша айында жылуға 5 мың теңге, желтоқсанда 6 мың теңге төлесем, бұл жолы желтоқсанда тұтынылған жылудың ақысы 9600 теңге (!) деп көрсетіліпті. Бұл қалай болғаны сонда? Бір айда қызмет ақысы шамамен бір жарым есе өскен. Мұның себебін білмек болып, қызмет көрсетуші компанияға хабарласқанымда төлемнің артуын аязға байланысты жылу параметрінің көбеюімен байланыстырды. Бірақ бір ай бұрын қатты аяз болған жоқ. Меніңше, бұл — тұтынушылардан анағұрлым көп сома «сорып» алудың амалы, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айгүл Тұрғанбекова.

Ал енді бірі жылу үшін төленетін сома көбейгенімен, пәтер іші әлі де салқын тартып тұратынын айтады.

— «Дачный» шағын ауданында тұрамыз. Жылу үшін қарашада шамамен 6 мың теңге, желтоқсанда бір мың теңгеге қымбат төледік. Осы айда келген түбіртекте баға 7600 теңге болып көрсетіліпті. Бірақ баға өсіп жатқанымен, үйдің ішіндегі жылу сол баяғы. Жылу параметрінің жоғарылағаны сезілмейді. Сондықтан кішкентай баламызға жайлы болуы үшін қосымша жылытқыш құрал қолдануға тура келеді. Соның есебінен электр энергиясын пайдалану ақысы қымбат болып отыр. Жылуға 7600 теңге төлесек, электр энергиясы үшін 13 мың теңге аудардық. Сонда бір айда тек жылу мен жарық үшін 20 мың теңге шығаруға тура келеді. Одан бөлек, лифт, домофон, қоқыс шығару, интернет, бейнебақылау жүйесі сынды коммуналдық қызметтердің ақысы бар. Осының барлығын ескерер болсақ, жалақының айтарлықтай бөлігі жұмсалады, — дейді облыс орталығының тағы бір тұрғыны Назерке Оспанова.

Қысқасы, бір бөлмелі пәтерлерде жылу ақысы орта есеппен 7-8 мың теңге, екі бөлмелі пәтерлерде 10 мың теңге көлемінде болса, үш-төрт бөлмелі үйлердің коммуналдық ақысы 15 мың теңгеге дейін жетеді.

«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, желтоқсан айындағы есеп қараша айындағы тариф бойынша жүргізілді. Яғни, тариф өзгерген жоқ. Ал түбіртектегі соманың көбеюі ауа температурасының төмендеуіне байланысты көрінеді.

— Жалпы үйге ортақ есептеуіш құралдары бар тұтынушыларға берілетін жылу энергиясының көлемі өсті. Себебі сыртқы ауа температурасының орташа тәуліктік көрсеткіші төмендеді. Атап айтар болсақ, қараша айында ауа температурасы тиісті нормадан — 3,57 градусқа, желтоқсанда 9,61 градусқа азайды. Ал мұндай есептеуіш құралы жоқ үйлерге берілген жылудың ақысы күн санына байланысты. Қарашада 30 күн болса, желтоқсанда 31 күн бар. Бұл да энергия шығынына, сәйкесінше түбіртектегі сомаға әсер етеді.

Тұтынушылар есептелген сомамен келіспеген жағдайда немесе коммуналдық қызмет ақысына қатысты басқа да сұрақтары туындаса, «Павлодарэнергосбыт» кәсіпорнына 903-309 бірыңғай байланыс орталығы арқылы хабарласа алады, — деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

Редакциямызға хабарласқан кей тұрғындар аталған нөмірге жылу ақысының қымбаттауына байланысты қоңырау шалғанда да коммуналдық төлемнің артуы айдағы күн санына байланысты деген жауап алғанын айтады. «Бұл тіпті қисынға келмейді ғой! Біркүндік жылудың бағасы 1-2 мың теңге болғаны ма сонда? Олай болса, ақпан айында жылу бағасы әлдеқайда арзан болу керек емес пе? Әлде бұл кезде де тағы бір қисынсыз сылтау тауып алып, бағаны өсіріп жібере ме екен?», — дейді әбден налыған Айдос есімді оқырман.

Ал облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов осы уақытқа дейін тұтынушылардан жылу бағасына қатысты ресми шағым түспегенін айтты.

— Нақты мекенжайы, сомасы көрсетілген өтініш негізінде ғана тексеріс жүргізе аламыз. Әзірше мұндай өтініш жоқ, — деп түсіндірді департамент басшысы.

Бұл ретте 1 ақпаннан бастап тұтынушылар жылу үшін мүлде басқа ақы төлеуі мүмкін. Себебі 1 қаңтарда жаңа дифференциалды тариф бекітілді. Соған сәйкес, жалпыүйлік жылу есептеуіш құралдары бар тұтынушылар үшін тариф 15 пайызға арзандайды. Бұған дейін бір гигакалорий үшін 3 927,2 теңге есептеліп келсе, енді 3 333,14 теңге болады. Ал мұндай құралдары жоқ көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер иелері үшін коммуналдық қызмет ақысы тек 3 пайызға төмендеп, түптеп келгенде пәтердің ауданы бойынша есептеледі. Жаңа тарифке негізделген бағаларды ақпан айында алатын түбіртектен байқай аламыз. Қызмет ақысы шынымен арзандай ма, жоқ па, сол уақытта білінеді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.