Қазақтың басына зор қасірет әкелген репрессия жылдары қазақтың дарынды жазушысы, ұстаз Жүсіпбек Аймауытовтың балалары жан-жаққа бытырап кетеді. Жүсіпбек Аймауытовтың жан жары Евгения Қарабатырқызы екеуінің ұлдары — Бектұр, Жанақ пен қыздары Мәруа арттарында қалады. Мәруаны кейде Муза деп атаған екен.
Негізінен олардың үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шегеді. Әкесі «халық жауы» деп танылғанда Бектұр Аймауытов он жаста ғана болатын. Жер аударылған жылы Уфа қаласында Мәскеуден келген атақты орыс инженерінің қолынан көп нәрсені үйренеді, әрі дәріс алады. Электрик деген мамандық алып шығады. Осы салада өткен байқауларда Бектұр Жүсіпбекұлы талай рет жеңімпаз атанады. Бағы жанып, ол 1936 жылы Қазан қаласындағы С.Горбунов атындағы соғыс ұшағын жасайтын жабық зауытқа жұмысқа орналасады. Ол сол кездегі ең мықты ұшақ жасайтын зауыттардың бірі болатын. Бектұр Аймауытовтың еңбекақысы да жоғарылап, жұмысы да жүріп кетеді. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. 1937 жылы үстінен арыз түсіп, «Контрреволюционер Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы жабық зауытта шпиондық жасап, Совет мемлекетіне қастық жасағалы жүр» деген жаламен ОГПУ тексеріп, Ақтеңізге абақтыға айдап жібереді. Сөйтіп ол 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Тура 10 жыл дегенде Бектұр Аймауытов түрмеден босап шығады. Сол кезде әкесі Жүсіпбек Аймауытовты білетін татар халқының зиялы қауымы оған көмек береді. Ал Аймауытовтың екінші ұлы — Жанақты да 1941 жылы «халық жауының ұлы» деп, еңбек армия-сына жібереді. Ол кездегі бұл еңбек армиясы соғыстан да қиын болатын. 24 сағатқа дейін демалмастан жұмыс атқарған күндері болыпты. Соғыстан кейін «Қуғынға ұшырап кетпеймін бе?» деген қорқыныш пен тұрмыстың қиыншылықтары оның да өмір сүріп кетуіне көп кедергі туғызады. Дегенмен, ол Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер институтына түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, ҚазМУ-дің физика-математикалық факультетіне оқуға түседі де, мектепте математикадан сабақ береді. Қайткенде де ол Бектұрдай қудалауға түспейді, себебі ол әскери зауытта жұмыс жасаған жоқ қой, осы жағы оған көмек болған болар. Жанақ Мәскеуде жоғары математикадан өмір бойы сабақ беріп, ұстаздықпен айналысыпты. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың қызы Мәруа (Муза) 1926 жылы Орынбор қаласында туған. Әкесі қудаланған жылы ол төрт жаста еді. Қудаланған жылдары Ақтөбе қаласына келеді. Өскеннен кейін мұнайшы Степан Сахно дегенге тұрмысқа шығады. Одан екі қызды өмірге әкеледі. Сол қыздары Татьяна мен Натальялармен ұзақ жыл Ақтөбе қаласында тұрып, «Ақтөберентген» бірлестігінде зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істейді. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың екінші зайыбы Евгения Карабатыровна Аймауытова (Музаның анасы) барлық отбасылық Жүсіпбек Аймауытовтың фотосуреттері мен жеке заттарын сақтап қалған екен. Соны ол 1991 жылы туған жері Павлодар қаласына арнайы келіп, Бұқар жырау мұражайына Жүсіпбек Аймауытовтың құнды заттарын тапсырып, мұра етеді. Менің журналистік өмірімде есте қалған талай кездесулер болды ғой. Соның бірі тарихи кездесу дер едім – Жүсіпбек Аймауытовтың үлкен ұлы Бектұр Аймауытовпен болған кездесу. Ол Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайына келгенде болды. Павлодарға бала жасынан кейінгі алғаш келгені екен. 1994 жылы, қазір аты-жөні толық есімде жоқ, Кемеров облысының Прокофьевск қаласына жұмыс сапарымен барған журналист Армиял Тасымбеков болар деймін, сол алып келеді. Сол жылдардағы Бұқар жырау музейінің директоры Роза Игібаева телефон шалып, сүйінші сұрап, Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы табылды, қазір біздің музейде деп, менің келуімді өтінді. Мен ол кезде Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі әрі Павлодар облыстық телевидениесінің қазақ тіліндегі жаңалықтар бағдарламасын басқаратынмын. Қуана жетіп бардық. Бектұр Жүсіпбекұлы туған жері Баянауылдың қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылынан он жасында кетіп, 68 жылдан астам Ресейдің Кемеров облысында тұрса да, туған ана тілін ұмытпаған екен, менімен қазақша сөйлесіп кетті. Алғашқы сұрағым:
— Алпыс жылдан астам жырақта, Ресейде орыстардың ортасында жүрсеңізде туған тіліңізді ұмытпапсыз. Бұл сіздің ана тіліңізге деген құрметтен туған болар, қазақ тілін қалай ұмытпадыңыз, елден 10 жасыңызда кеттіңіз ғой? — дегенімде:
— Мені елімнен жырақ кеткенде Ресейде жүргенімде әкемді білетін Уфадағы, Қазандағы татарлар, сондағы зиялы қауым өкілдері бауырларына басып, тіл мен ділге, дінге үйретті. Қудалауда жүрсем де әкемнің аруағы көмектесіп, сондай жақсы адамдармен араластым. Туған тіліме деген құрмет содан деп сол жақсы адамдар жайлы біраз әңгіме айтты…
— Туған жеріңізге келіп, қандай сезімде отырсыз?
— Үлкен қуаныштамын. Әкемнің туған жеріне келдім ғой. Бұл Павлодар шаһарын кішкентай кезімде әкеммен бірге талай аралап едім. Ол кезде бұл қала өте кішкентай болатын. Ана шетімен мына шеті көрініп тұратын, жаяу жүретінбіз. Қазір қала танымастай өзгеріпті.
— Осы Павлодардан кеткесін Кемеров облысына қалай тап болдыңыз?
— Ол жаққа жер аударылдым. Шахтада жұмыс істедім де, содан сол жақта қалып қойдым.
— Сізді Кемеров облысынан осы Павлодарға алып келген журналистпен қалай таныстыңыз? Қай жерде?
— Автобустың аялдамасында тұрғанмын. Қырғыз ба, өзбек пе, мұсылман екенін түрінен сездім, бір жас жігіт тұрды. Жанына келіп, өзбек емессің бе деп сұрадым. Жоқ, — деді. – Әлде қазақсың ба дедім.
— Иә, Қазақстаннанмын, — деп жауап берді. Қуанып кеттім. Әкемді көргендей. Мен де қазақпын дедім. Алматыда тұрады екен. Содан менің үйіме еріп келді, паспортымды көріп, Аймауытовтың баласы екенімді, қазақ екенімді біліп, осылайша мені Қазақстанға ертіп әкелді, — деді.
Алғаш Бектұр Жүсіпбекұлы 78 жасында туған елі Қазақстанға оралады. Он жасында кетіп, тек қартайған шағында еліне оралғанын, бала кезіндегі Павлодардың танымастай өзгергенін қайта-қайта айтып, бала кезіндегі әкесімен болған күндерін еске алып, Ертіс өзені бойымен әкесі Жүсіпбек Аймауытовпен паром арқылы талай жүргенін әңгімелеп, балаша қуанып отырды. Прокофьевскіде тұрғанымда бала кезімдегі шақтарымды жиі есіме алушы едім. Туған өлкемді, өскен жерімді бір сәт те есімнен шығарған емеспін. Үнемі Қазақстанды ойлап, қалай жетсем деп армандаушы едім. Міне, талай жыл өткеннен кейін ғана сол арманым орындалды, — деп қуанышын да жасырмады.
— Сіз он жылдан астам түрмеде отырдыңыз? Сол күндеріңізді еске алып кетсеңіз…
— Ол күндерді еске алу оңай емес. Менің түбіме жеткен электрик мамандығым ғой. Себебі мен сол кезде Кеңес Одағындағы ең мықты деген электриктің бірі болдым. Және өзім Ресейдің Қазан қаласындағы атақты ұшақ жасайтын зауытта жұмыс істедім. Жұмысым да жақсы еді. Электриктердің алды болдым. Маған жететін сол зауытта электрик болмады. Біреулер көре алмады білем, алашордашының баласы деп 1937 жылы мені көрсетіп жіберді. Совет үкіметінің жауы, шпион екен деп кінә тақты да соттап жіберді ғой, — деді көзіне жас алып. Көзін іле сүртті де, бұл туған жеріме келгендегі қуаныштың көз жасы ғой деп, тағы да Павлодар жайлы, мұндағы өзгерістер жайлы айта бастады.
— Он жасыңызда елден қуылып, Уфаға қалай бардыңыз?
— Біздің анамыз жайлы айтатын болсам, әкем — екі рет үйленген адам. Жанақ пен екеуіміздің анамыз Вера Николаевна Волков деген көрнекті жазушының қызы болатын. 1921 жылы өмірден ерте кетті. Содан біз біраз уақыт әкем сотталып кеткесін, осы екінші анамыздың қолында тұрдық. Ал екінші анамыз Евгения Қарабатырқызы бірде мені шақырып алып кеңес берді. Заман өзгеріп барады, алдымызда не күтіп тұр, білмеймін. Сенің қазақ жерінде қалуың қиын болады. Кішкентай болсаң да, 10 жасқа келдің, өз наныңды өзің тауып жейтін кез. Тасқира Бақтыгерейқызы ертең Уфаға жүреді, сонымен бірге Уфаға бар деді. Ондағы адамдарға тапсырамын, әйтпесе, мына жақта қудалауға түсесің дегесін сол кісімен Уфаға келдім, жолым болып, осындағы ФЗО-ға түсуіме екінші анамның көмегі тиді. ФЗО-дан электромонтер деген мамандық алып шықтым да, жұмысқа орналастым. Алғашқы айлығымды өгей шешеме алып келгенде қалай қуанды десеңізші. Бірақ туған жерімде тағы тұра алмадым, алдымнан «Алашорданың баласы» деп тағы қудалай бастағасын Түркіменстанға өтіп, онда қудаланып, Шымкент өтіп, 1936 жылы қайтадан Қазан жаққа өтіп кеттім де, соғыс ұшағын жасайтын жабық зауытқа орналастым — деп қудалауда жүрген өткен күндерін еске түсірді.
— Ақ теңіздің жанындағы Соликамск, Ныроб лагерлерінде отырдым. Онда әртүрлі ұлттың адамдары болды. Көбіне сол — елін сатқан, шпион деген жала жапқандар. 1937 жылдан 1948 жылдың қаңтарына дейін отырдым. Сібір өте суық қой, 72 градус суықта далада жұмыс істедік. Қарағай шаптық. Үсіп қалған кезіміз де болды.
— Сіз қайда жүрсеңіз де тегіңізді өзгертпей, Аймауытов болып қалдыңыз ғой…
— Бірақ атымды өзгерттім. Виктор болдым. Қазір де менің Виктор деген ұлым мен Римма деген қызым бар. Қызымның күйеуі — латыш, фамилиясы — Турмас. Кемпірім бар. 1935 жылы туған, ауырып жүр. Жазықсыз жапа шеккен ақтаңдағымыз, қазақтың нағыз тірегі болған алаш деп алаулаған жазушы, публицист, қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың ұрпағы әкесі үшін от кешкен Бектұр Жүсіпбек Аймауытовтың тағдыры соңында қалай болды деген сұрақ туындауы заңды болар? Бектұр ақсақалға Алматыдан бір бөлмелі үй береді. Кемпірі қайтыс болғасын Алматыға қолына қызы Римма көшіп келеді. Өмірінің соңында Бектұр ақсақал қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Жұмыста жүрген қызын аяп, жұмыссыз қалады деген ойда болу керек, өзі Алматыдағы қарттар үйіне сұранады. Сол жерде 2008 жылы қайтыс болады. 2009 жылы қазақтың біртуар азаматтарының бірі, халқым деп тұрған ұлтжанды азамат, «Мемлекеттік тілді дамыту қорының» президенті Берік Әбдіғалиев басқарған қазақтың бір топ азаматы оның басына ескерткіш қойып, арулаған екен. Осындай сауапты да игі жұмысты атқарған саясаттанушы Ерлан Сайыров, сәулетші Шәйкен Жалаледдин, журналист Еренғайып Қуатайұлы мен жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлы бастаған азаматтарымызға мың алғыс деп осы мақаламды аяқтаймын. Халық үшін жанын пида еткен алаштарымыздың ұрпағы жадымызда мәңгі сақталсын!
Ғалия Құсайынқызы БАЛТАБАЙ,
«Құрмет» орденді журналист.