Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Жаңа құжат бойынша зейнетақы төлеу жүйесіне де бірқатар өзгерістер енгізілуде. Бұл жөнінде толығырақ ақпарат алу үшін «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Питраков Владимир
Юрьевичпен сұхбаттасқан едік.
— Владимир Юрьевич, жаңа кодекс бойынша зейнетақы жүйесінде не өзгереді?
— Әлеуметтік кодекс аясында алдымен салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейетін болады. Яғни, жаңа кодекс күшіне енген күннен бастап салымшы міндетті және кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейінгі мөлшерін ИПБ-ның (инвестициялық портфельді басқарушы) сенімгерлік басқаруына беруге құқылы. Сонымен қатар, ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар аталған зейнетақы жинақтарының 100 пайызын ИПБ-ға бере алады. Осы жүйедегі тағы бір өзгеріс — зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарын толығымен тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделу үшін пайдалануға мүмкіндігі бар.
— Бұл ретте, тұрғын үй және емделу үшін зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалану құқығы нақты кімдерге беріледі?
— Мұндай құқыққа ие зейнеткерлердің санатына әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен фельдъегерлік қызмет мамандары, сондай-ақ арнайы атақ-шенге ие болған және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар жатады. Сонымен қатар, бұл санатқа ҚР Ішкі істер саласындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған адамдар кіреді. Бірақ олар лауазымы қысқартылған кезде құқық қорғау органдары мен фельдъегерлік қызметте кемінде 12 жыл және әскери қызметте үзіліссіз 6 ай еңбек сіңірген болуы тиіс.
Ал өзге зейнеткерлер зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі табысты алмас-тыру коэффициентін қамтамасыз ете алса, зейнетақы жинақтарының
50 пайызын пайдалану құқығы беріледі.
— Келесі жылдан бастап азаматтарға жұмыс беруші тарапынан міндетті зейнетақы жарнасы төлене-
тіні жайлы айтылуда. Бұл өзгеріс қалай жүзеге асады?
— Иә, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қосымша жұмыс беруші де міндетті зейнетақы жарналарын аударуы тиіс.
Айта кетерлігі, осы өзгеріс тек 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған қызметкерлерге ғана қатысты. Олар үшін аударымдар жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Бұл жаңашылдық келесі жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізіледі деп жоспарлануда.
— Жалпы, зейнетақы жарналарын төлеу кімдерге міндетті?
— Биыл 1 шілдеден бастап тұлғалардың барлық санаты БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы төлемдерін төлеуі тиіс. Соның нәтижесінде, болашақта халықты лайықты төлемдермен қамтамасыз ету үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту шегі де кеңейе түспек. Атап айтар болсақ, салық агенттері болып табылмайтын және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар, ҚР-ның аумағында тұрақты тұратын тұрғындар, елдегі халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің өкілдіктерінде, консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін азаматтар БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы төлемдерін жасауға толық құқылы.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Нұржайна ШОДЫР.