Май өңірі — табиғаты шырайлы, жері шұрайлы, малға және адам жанына жайлы аудандардың бірі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында жыл өткен сайын өсу көрсеткіші айтарлықтай бар. Агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы, шағын және орта бизнес, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет сынды салаларды дамыту аясында қол жеткізген табыстар көңіл қуантарлық. Биыл елді мекендеріндегі әлеуметтік нысандар да жөнделіп, ауылдың әлеуеті артуда.

Жаңа қазандықтан үміт көп

Бүгінге дейін Май ауданы Көктөбе ауылындағы орта мектеп салынғалы бері ондағы жылу мәселесі талай рет көтерілді. Соның салдарынан бүрсең қаққан оқушылар суық кабинеттерде оқуға мәжбүр. Мәселенің мәніне үңілсек, ауданның орталық қазандығынан дұрыс жылу келмегендіктен ғимарат іші тастай суық болған. Соның салдарынан оқушылар ауырып та қалатын. Бұл мәселені елді мекен тұрғындары  атқарушы билік өкілдерімен кездесу барысында талай рет көтергенмен, мәселе шешілмеген. Аталмыш түйткіл биыл ғана өз шешімін тапты. Енді білім ордасы модульдық қазандықпен жылытылады. Май ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің айтуынша, өткен жылы облыс әкімі Асайын Байхановтың Май ауданына жұмыс сапары барысында мектептегі жағдай толықтай тексерілді. Биыл тиісті шаралар атқарылып, жобаланған жаңа қазандық орнатуға қаражат түскен. Жоба құны 43 миллион теңгені құрады. Аудан әкімінің сөзінше, бұл — облыстағы алғашқы модульді қазандық.

— Жылу температурасы 70 градус шегінде сақталады. Үш сағат бойы отқа көмір қоспасаңыз, температура 10 градусқа ғана төмендейді. Стокерлер қазандықтардың көр-
сеткіштерін арнайы пульт арқылы бақылайды, — деді аудан әкімі. Бұрын мектептегі әрбір радиатордың жартысы салқын болса, қазір жылу біркелкі таралады. Қыс енді басталады, жаңа қазандық артылған сенімді ақтайды деп сенеміз. Айтпақшы, облыста кездеспейтін мұндай модульді жылыту орталығын қарағандылық фирма конкурс кезінде жеңіп алып, жүзеге асыруда. Бүгінде мектепте  1-11-сынып аралығында 420 бала білім алуда.

«Мен мұндалаған» мәдениет үйі

Биыл ауданда игілікті істер қолға алынуда. Мәселен, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Малайсары ауылындағы 192 орынды мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 122 млн теңге бөлінген. Сол жөндеудің нәтижесінде мәдени нысанның төбесі, шатыры, жарық шамдар, ішкі жылу жүйесі толықтай ауыстырылды. Жұмыстар осы жылдың
1 мамырынан бастап, үш ай ішінде толықтай аяқталған. Малайсары ауылы мектебінің іргетасы осыдан 35 жыл бұрын қаланған. Соңғы рет жөндеу жұмыстары 2015 жылы жүргізілген. Білім ошағында бүгінде 100-ге жуық оқушы білім алады. Ауыл әкімі Қуаныш Нұрғожиннің сөзінше, жөндеу жұмыстарына жауапты болған мердігер мектептегі жұмыстарды жаңа оқу жылына дейін аяқтаған. Май ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Солтановтың сөзінше, мәдениет үйі шатырының бір бөлігі 2013 жылы өртеніп, толық қалпына келтіруді қажет еткен. Алайда оны жөндеу жоспарға енгізілмеген. Дегенмен, ауыл тұрғындары бұл мәселені аудан әкімдігінде көтеріп, мердігермен сол уақытта келісімге келген.

— Әр жауапты мердігер жұмысты жоспар бойынша ғана істейді. Шатырды жөндеу барысында бір жағы толықтай шіріп кеткені байқалды. Ел азаматтарының өтінішімен жауапты компания шатырды да жөндеп берді. Мүгедек адамдарға да жағдай жасалған. Олардың емін-еркін кіріп шығуы үшін жеке есік орнатылды. Бүгінде жұмыстар толықтай аяқталды. Тек келесі апталарда сахна киімдері тапсырылуы тиіс. Оған аудан бюджетінен қаржы бөлінді, — дейді С.Солтанов. Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Қомашева мәдени ғимаратта жақында әр санаттағы адамдарға арналған шағын орталықтар ашылмақ.

— Шағын елді мекендегі нысан жылдар бойы жаңғырмай, ескі қалпында тұрды. Биыл бюджеттен қаржы қарастырылып, мәселе шешілді. Ауылдағы мәдениет үйлері —
әдетте жас-кәрінің басын қосатын рухани орталық. Ажары қашқан ғимарат көпті алаңдатқаны шындық. Ал жуырда жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң мәдениет үйі түрленіп шыға келді. Әлбетте, бұл жаңалық — ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Мәдениет үйінде бірнеше үйірме бар. Ұжымның алдағы уақытқа қойған жоспарлары ауқымды. Мұнда жақында үйірмелер саны артады, — дейді ол. Аталмыш мәдениет ошағында заманауи акт залы, кітапхана, егде жастағы және жастарға арналған мәдени іс-шаралар өткізетін үлкен зал бар. Сонымен қатар, ғимаратта әлі де бос орындар болғандықтан, ауыл тұрғындары одан бос уақытты тиімді өткізуге арналған бөлмені ұсынса дейді. Келесі жылы ғимарат ішінде бильярд орнатып, жаңа музыкалық аппаратура сатып алу жоспарлануда.

Батыр мектебінен талантты жастар шығады

Май ауданы Малайсары ауылында күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың соңында басталды. Облыстық бюджеттен 235 млн теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстарын «Град Строй Сервис» ЖШС жүргізді. Бұл қаражатқа мектептің едені жаңартылып, қабырғалары түзетіліп, есіктер ауыстырылды. Сондай-ақ, оқу ордасында екі спорт залына заманауи талаптарға сай жөндеу жүргізіліп, толық жабдықталды. Мектептің сырты жөнделіп, кеспетас төселіп, қоршаулары ауыстырылды. Сондай-ақ, стадионда жүгіру жолына тартан төселді. Бұл мектепте білім алатын 100-ден астам оқушы білім ұяларының жаңарғандарына қуанышты. Мектеп басшысы Анар Жетібаева жаңартылған мектеп оқушылар-
дың сапалы білім алуына үлесін қосатынын айтады.

– Талабы таудай, маңдайы жарқыраған балаларға қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Жас ұрпақтың білім алуы үшін салынған инвестиция еселеп қайтатыны сөзсіз, күрделі жөндеуден өткен бұл мектеп болашақта оқушылардың сапалы білім алуына негіз болады, — деді мектеп директоры Анар Жетібаева                                

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек. Басты мақсат — олардың өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз ету. Бұл ұстанымдар аумақтық даму жоспарында бекітілуге тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту — басым бағыттың бірі», — деген еді. Бұл, әрине, ауылдарға зор жауапкершілік жүктейді. Себебі, елді мекендер өркендесе, еліміздің де көркейе түсері даусыз. 

 

Айдана БОРАНБАЕВА,

Май ауданы. Суреттерді түсірген – Константин Шелков.