Жасыратыны жоқ, облыс орталығындағы инженерлік-коммуникациялық желілердің басым бөлігі жер астында жатқандықтан, кей кездері апаттың салдарын жою ұзаққа созылып кетеді. Құбырдың нақты жарылған жерін анықтау, оны қазып алу сынды жұмыстар көп уақытты алады. Алда мұндай қиындықтар болмас үшін инфрақұрылымның онлайн картасы әзірленуде.
Бұл бастама осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген болатын. Сол тұста жергілікті билік жазғы кезеңде жылу желілерін жөндеп, жаңарту, орын алатын апаттық жағдайлардың алдын алып, оның салдарын тез арада жою мақсатында арнайы онлайн карта әзірлеу керектігін айтқан-ды. Тіпті, жер астында жатқан әр құбырды онлайн режимде көріп, оны қай уақытта, қалай жөндеу керек екені туралы шешімдер қабылдау ісін оң жолға қою жоспарланды.
Бүгінде осы идеялардың барлығын іске асыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жергілікті билік бірінші кезекте екінші Павлодар шағын ауданындағы желілерді электронды форматқа ауыстыруға кірісті. Бұл ауданға қатысты мәліметтер өткен жылы жиналды. Соған сәйкес, Малайсары батыр, С.Нұрмағамбетов, Қамзин және Жібек жолы көшелерінің аумағындағы 49 көшедегі желілер қамтылды. 460 гектар аумақ електен өтіп, мұндағы инфрақұрылым нысандары тексерілді. Нәтижесінде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды цифрландыру жүргізіліп, электр энергиясын қосу бойынша 4300-ден астам нүкте және жылуға қатысты 1300-ден астам нүкте анықталып, белгіленді.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, өңірдің геоақпараттық жүйесінің негізінде екінші Павлодар шағын ауданындағы апаттық-жөндеу жұмыстары кезінде жылу және электр энергиясынан ажыратылған тұрғын үйлерді картада көрсету механизмі әзірленді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға дер кезінде ақпарат жолдап, коммуналдық қызметтер жұмысын оңтайландырып, әлеуметтік қолайсыздықтарды азайтуға көмектеседі. Жалпы, 2025-2026 жылдары облыс орталығындағы барлық шағын ауданды қамтып, мұндағы инженерлік-коммуникациялық желілерді цифрландыру жоспарда бар.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.