Telecommunications antenna for radio, television and telephone with cloud and blue sky

Интернетсіз іс бітпейтін заманда өмір сүріп жатырмыз. Алыс-беріс те, хат-хабар да дәл осы ғаламтор арқылы жетеді. Сондықтан әрбір ауылға жаһандық жетістіктің жемісі жетпейінше, бәрі өркендеп, өніп кетті деуге келмес. Әр қадам байланыс құралына байланған шақта интернет желісінің жылдамдығына жарымау да жанға батады. Осы кемшілікті жою үшін елімізде келесі жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы іске аспақ.

Байланыс болғанымен…

2024-2027 жылдарға арналған жоба ауыл-ауылға жоғары жылдамдықты интернет қосуды мақсат еткен. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, аталмыш жобаға аймағымыздың 214 ауылы енгізілген. Жалпы, бүгінде облыста 11 ауылда мобильді интернет, ал 12 ауылда интернет мүлдем жоқ. Олқылықты жою үшін әр жыл сайын ауылдарды интернеті бар елді мекендер қатарына қосуға күш салынып келеді. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының ақпаратына сүйенсек, аймағымыздағы 352 ауылдық елді мекеннің 112-сі «Қазақтелеком» АҚ-ның, 3 ауыл «Транстелеком» АҚ-ның талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Қалған 237 ауылда мұндай байланыс желісі жоқ. Жаңағы 352 ауылдың 340-ы кең жолақты интернет желісіне қол жеткізген. Жоғарыда атап өткеніміздей, 12 елді мекенде сымды интернет те, мобильді интернет те жоқ. Яғни, 1129 тұрғыны бар бұл ауылдар әлі өркениет жемісін көре алмауда. Ал 11 ауыл интернет түгілі мобильді байланысқа зар болып отыр. Тағы тоғыз елді мекенде байланыс болғанымен, сапасының нашарлығынан дер кезінде хабарласып, саулық сұрасуға да шамасы жетпейтін көрінеді. Мобильді интернеті бар ауылдар өзгелерден бір адым алда. Дей тұрғанмен, құзырлы басқарманың мәліметінше, сапасына қатысты сұрақтар жиі туындайды. Бүгінде облыста 111 елді мекен тек телефон қоңырау шалу мүмкіндігін беретін мобильді байланыспен қамтылған. Яғни, оларда 3G/4G интернеті жоқ. Себебі, оларда базалық станция жоқ, көрші елді мекеннен тартылады. Ал байланыс сапасын арттыру үшін әр ауылдың өзінде болуы қажет. Әлбетте, жергілікті органдар, құзырлы мекемелер мен ұялы байланыс операторлары да қол қусырып отырудан ада. Жыл сайын ондаған елді мекенде байланыс сапасын арттыру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, биыл Beeline, Tele2 операторлары аймағымыздың 17 елді мекенінде байланыс сапасын арттырыпты. Ол үшін жаңадан 9 станция орнатылып, бұрыннан қолданыстағы 8 станцияның жұмысын жақсарту амалдарын жасаған. Beeline биыл жыл соңына дейін тағы 6 ауылды мобильді байланыспен және 3G,4G интернетімен қамтымақ.

Көзіміз ашылды

Ағымдағы жылы жаһандық өркениетке қол жеткізген ауылдардың бірі – Май ауданының Ақшиман елді мекені. Облыс орталығынан 250 шақырым, аудан орталығынан 127 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда үш жүзге жуық адам тұрады. Он жыл бұрын ауылға мобильді байланыс жеткенімен, интернет игілігін биыл ғана көре бастады. Шалғайдағы ағайынның бұйымтайы әкімдермен кездесулерде жиі айтылады. Аудан басшылығы ауылдықтардың тілегін ескеріп, ұялы байланыс операторымен, құзырлы мекемелермен бірлесіп, мәселені оңтайлы шешу үшін жолын іздеді. Ауылдың айналасы таулы аймақ. Сондықтан бұл елді мекенге интернет жетуі үшін қосымша базалық мұнара орнату қажет болды. Ақшиман Май ауданы мен Баянауыл ауданының ортасында орналасқан. Beeline компаниясының мамандары осы екі елді мекен арасына бір мұнара қойды. Ол үшін Май ауданы әкімдігінің ұялы байланыс мұнарасына жер телімін бөліп, электр желісін тартып, трансформаторлық қосалқы станциясын орнатып берді. Осылайша, ауылға 4G интернеті жетті. Ауыл тұрғындары да интернеттің келуімен біраз іс ілгерілегенін айтады.

— Жарты жылға жуықтады, интернетіміз жылдам. Бәрі қолжетімді бола бастады. Шыны керек, көзіміз ашылды. Әйтпесе, бұрын алыс-жақыннан келген аудио-бейне жазбаларды аша алмай, қиналатын едік. Қазір мұның бәрі артта қалды, — дейді ауыл тұрғыны Айсұлу Темешева. Ауылға интернеттің жетуі, әсіресе, мұғалімдердің жұмысы мен оқушылардың білім алуын жеңілдетті. Қашықтан оқу кезінде, Күнделік.кз қосымшасын толтыруда қиындықтар туындаған.

— Жылдам интернеттің жетуі – біздің көптен күткен қуанышымыз. Түрлі оқуларға зум арқылы қатысу, қашықтан оқушыларды оқыту біз үшін арман еді. Ешбір әлеуметтік желіні толыққанды пайдалана алмадық. Аудио-бейне жазбалардың ашылуын сағаттап күтетінбіз. Жіберетін ақпаратымызды кейде қалаға баратын адамдар арқылы жолдайтын едік. Мұғалімдеріміз Күнделік. кз-ті толтыру үшін кезекке тұратын. Себебі, екі ұстаз қатар кірсе, интернеттің шамасы жетпей қалатын. Ал қазір бұл жұмыстарды үйден де атқара салады. Интернеттің игілігін жан-жақты қолдану мүмкіндігі туды, — дейді Ақшиман ауылы мектебінің директоры Салтанат Егенбаева.

Хабар алмасу — азап

Мұндай қуанышты сәтті күтіп жүргендер аз емес. Мәселен, Железин ауданының Озерное ауылының тұрғындары бүгінде интернет түгілі байланысқа шығу үшін үйдің төбесінде жүреді. Себебі ауылдан 15 шақырымдағы базалық станцияның сигналы жеткіліксіз болып отыр.

— Ұялы байланыстың қызығын көре алмаймыз. Хабарлассақ, кейде дауысымыз үзіліп естіліп, айтар ойымыздан жаңыламыз. Келген аудио-бейне жазбаларды аша алмаймыз. WiFi желісі бар дүкеннің, әкімдік пен мектептің маңын торуылдаймыз. Қала берді, әр тұрғын үйіне байланысты күшейтетін құрылғыны 30-35 мың теңгеге сатып алуға мәжбүр. Жұмысымызға қатысты ақпарат алып, жіберу де біз үшін мұң, — дейді ауыл тұрғыны Мунира Кусайдарова. Мәселенің барын ауыл әкімдігі жақсы біледі. Аталмыш ауылға 2,5 жыл бұрын әкім болып келген Әділ Садбеков сол сәттен бері тұрғындардың ұялы байланыстың сапасына қатысты шағымдары толастаған емес, дейді. Жағдайды шешу үшін ұялы байланыс операторларына да хат жолданып, жолдары қарастырылған. Енді түйткілдің түйіні тарқауға шақ қалған көрінеді. Ауылдықтардың көбі — Beeline абоненттері. Ауыл әкімдігі бүгінде ауылды мобильді интернетпен қамту үшін екі бағытта жұмыс бастаған. Елді мекенде «Қазтелерадио» компаниясының антенналық-мачталық қондырғысы бар. Бұл мекеме мұнарасына ұялы оператордың жабдығын орнатуына рұқсат етіп отыр. Beeline және Теле2 операторларымен келіссөздер жүргізілуде, дейді ауыл әкімі. Beeline байланыс операторы жекелеген темірбетонды баған орнатуды талап етуде. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының «SmartErtis» ЖШС директорының орынбасары Мұратбек Жүсіповтің айтуынша, аталған ауылдағы мәселе алдағы жазға дейін біржақты болады. Өйткені, аудан әкімдігімен, ұялы байланыс операторымен бірлесіп, оңтайлы жолы қарастырылуда.

— Beeline ұялы байланыс операторы әкімдік тарапынан 20-25 метрлік баған орнатылса, өздерінің базалық станция- сын қоюға ниетті. Ол үшін әкімдік жеке жер телімін бөліп, ресімдейді. Жобалық-сметалық құжаты әзірленуі тиіс. Оператор дайын, ең бастысы, құжаттық жұмыстар реттелсе, мәселе жазға дейін шешімін табады деген үміттеміз, — дейді Мұратбек Жүсіпов.

Түйін:

Интернет бүгінде қажеттіліктің қатарында. Сол себепті ауылдың қаладан арасы алшақтамау үшін байланыстың баяулығы жойылып, жылдамдай түскені — еліміз үшін үлкен жетістік. Ал азаматтар үшін күнделікті тіршілігіне серпін берер игілік. Қаншама құжатты қазіргі кезде интернетпен онлайн алу мүмкіндігі барын айтамыз. Желінің жоқтығынан бұл жеңілдікті де ауыл азаматтары көре алмайды. Сондықтан Қазақстанда қолға алынатын жаңа жоба шалғайдағы ауылдардың талай жылғы тілегін орындауға жол ашады деген үміт бар.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.