Осы оқу жылында облыс орталығында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қуантарлық жағдай, әрине. Алайда қаладағы кейбір ата-аналар мұғалімдердің жетпей жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, жаңа білім беру мекемелеріне тағайындалған басшылармен бірге бұрынғы мектептегі мұғалімдер де ілесе кеткен көрінеді. Соның салдарынан педагог тапшылығы туындап, бұл жағдай білім сапасына кері әсер етуі мүмкін, дейді тұрғындар. Осылай деп редакциямызға хабарласқан қалалық ата-аналардың уәжі қаншалықты орынды? Шынымен де, бір мекемеден екіншісіне «үйірімен» бару үйреншікті әдетке айналған ба? Бұл әрекет заң бойынша дұрыс па, бұрыс па? Мәселенің мән-жайына үңіліп көрген едік.
Ата-аналар алаңдаулы…
Бұған дейін газетімізде жазғанымыздай, 2025-2026 оқу жылының басында Достық шағын ауданында №48 жаңа мектеп ашылған болатын. Ал ағымдағы жылдың қаңтар айында қаланың қақ ортасында №47 мектеп пайдалануға берілді. Осынау екі білім ордасы да «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған.
Атап өтерлігі, облысымызда білім беру мекемелерінің көбеюі оқушылардың орын тапшылығын азайтуда. Бұл — қай-қайсымыз үшін де жағымды жаңалық. Алайда ата-аналар қауымы жаңа мектептің тұсауын кеспес бұрын кадрмен қамту мәселесіне мән беріп, толық шешіп алса екен деген өтініш-терін жарыса жеткізуде. Тіпті, бұл пікірге немересінің болашағы үшін алаңдаған ата-әжелер де үн қосуда. Солардың бірі, өзін Алма деп таныстырған қария:
– Менің үш немерем де Павлодар қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінде білім алады. Жақында №47 жаңа мектеп ашылып еді, біраз тәжірибелі, білікті мұғалімдер сол жаққа бұрынғы директормен бірге еріп барыпты. Естуімше, қатарынан 50 шақты маман кетіпті. Бұл не сұмдық?! Оқу жылының ортасында үйренген пән мұғалімдерімен қош айтысу оқушыларға оңай болған жоқ. Әсіресе, жоғары сыныптар, соның ішінде биыл ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын түлектер үшін қиынға соқты. Бізде білім сапасы түсіп кете ме деген қорқыныш бар. Осы жағдай бәрімізді мазалап отыр. Неге мұндай әрекетке тосқауыл қойылмайды? Неге біздің мұға-лімдер оқу жылының ортасында оп-оңай басқа мектептерге ауыса береді? Енді балалардың жағдайы
не болады? Командамен кету дегенді тыю керек, – деп ренішін айтты.
Жалпы, дәл осындай оймен өзге де ата-аналар редакцияға хабарласып, қолдау сұраған еді. Көпшілік көтерген мәселе бізді де бей-жай қалдырмады.
Педагогтар не дейді?
Аталған жағдайға қатысты басқа мектептерге барған мұғалімдердің де өз айтарлары бар. Жаңа ашылған №47 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алуа Асылбекова:
– Менің ұстаздық еткеніме 26 жылдан астам уақыт өтті. Бұған дейін Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінде мұғалім болдым. Таяуда конкурс арқылы №47 мектепке орналастым. Бұл – менің заңды құқығым. Әрине, әр мұғалім жаңа мектепте жұмыс істеуді армандайды. Мәселен, осы оқу ордасында ұстаздар үшін де, шәкірттер үшін де барлық жағдай жасалған. Әр сыныпта компьютер, принтер бар. Материалдық-техникалық базасы да өте мықты деп айтуға болады. Осындай мол мүмкіндіктер бар мектепте еңбек етіп жатқаныма қуанамын, – дейді.
Ал бұл жаңа мектептің директоры Ләйлә Жүсіпова қарамағындағы мұғалімдерді жұмысқа заң бойынша конкурс негізінде қабылдағанын айтады. Оның айтуынша, Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінен осында 47 мұғалім конкурс бойынша келген.
– Оқу жылының ортасында мектеп ашу оңай емес. Жаңа білім ордасына да педагогтар керек. Онсыз болмайды. Осы орайда қазіргі жүйе бойынша мектеп директорлары бұрынғыдай өз еркімен мұғалімдерді жұмысқа қабылдай алмайтынын айта кеткен жөн. Бұл бағыттағы мәселелердің барлығы заң шеңберінде конкурс бойынша ғана жүзеге асады. Біздің мектебімізге орналасқан ұстаздар да өз қалауларымен конкурстан өтіп, содан кейін ғана жұмысқа қабылданды. Ешкімді үгіттеп, күштеп әкелген жоқпыз. Осыны көпшілік дұрыс түсінсе екен деймін, – дейді жаңа мектептің директоры.
Облыстық білім беру басқар-масының ақпараты бойынша бүгінде №47 мектепте 67 педагог жұмыс істеуде. Аз уақыттың ішінде білім ордасы толықтай мұғалімдермен қамтылған екен.
Мектептер жағдайы қалай?
Ата-аналар алаңдаушылық білдірген Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп лице-йінің директоры Анар Байғабылованың айтуынша, қазіргі таңда кадрлық өзгерістерге қарамастан аталмыш білім ордасы қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Бұл бағыттағы мәселелер тікелей мектеп әкімшілігінің тұрақты бақылауында, дейді ол.
– Біздің лицейден №47 мектепке бірқатар ұстаз ауысты. Олар белгіленген тәртіпке сәйкес бос лауазымдар бойынша конкурсқа қатысып, сол арқылы кетті. Аталған конкурс заң жүзінде бұйрыққа сәйкес өткізілді. Бастысы, бүгінде Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінде оқу-тәрбие үрдісі талапқа сай жүргізілуде. Яғни, оқушылардың білім алуына ешқандай кедергі жоқ. Әзірге «Орыс тілі мен әдебиеті», «Информатика» пәні мұғалімдеріне конкурс жүріп жатыр. Бірақ бұл сабақтар кесте бойынша өтуде. Конкурс нәтижелері шыққанға дейін тиісті пәндерді басқа білікті мұғалімдер беретін болады. Білім сапасын қамтамасыз ету мектеп әкімшілігінің басты міндеттерінің бірі саналады. Сондықтан бұл мәселеге алаңдауға еш негіз жоқ, – дейді Анар Байғабылова.
Ата-аналардың айтуынша, осы лицейдің оқушылары сыныбымен бірге жаңа мектепке ауысуда екен. Аталған жағдай мұндағы бала санының күрт кемуіне кері әсерін тигізуі мүмкін бе? Бұл сұраққа жауап берген білім ордасының басшысы:
– Қаладағы №47 мектепке оқушыларды қабылдау тұрғылықты мекенжайы бойынша және сыныптардың белгіленген сыйым-дылығы ескеріле отырып жүзеге асырылды. Ата-аналар өз баласы білім алатын мектепті таңдауға, сондай-ақ бос орындар болған және белгіленген тәртіп сақталған жағдайда ұл-қызын басқа білім беру мекемесіне ауыстыруға толық құқылы, – дейді. Оның айтуынша, жақында мұндағы 4 сыныптың оқушылары жетекшілерімен бірге жаңа мектепке ауысқан. Соған қарамастан, бұл білім ордасында оқушы саны жеткілікті. Қазіргі уақытта 600 орындық мектеп-лицейінде 774 оқушы бар, оның 400-ден астамын бастауыш сынып шәкірттері құрайды.
Ал ағымдағы оқу жылының басында ашылған №48 мектептегі жағдай да тұрақты. Бүгінде мұнда 1066 оқушы білім алуда. Мектеп директорының ғылыми әдістемелік жұмыс жөнін-дегі орынбасары Венера Иванованың айтуынша, барлық пән сабақ кестесі бойынша өткізілуде. Тек логопед, дефектолог мамандарға сұраныс бар. Мұнда көп мұғалім көршілес орналасқан №21 мектептен оқушылармен бірге ауысып келген. Ал өзге мұғалімдердің барлығы конкурс бойынша қабылданған. Олардың қатарында №48 мектеп директоры бұрын жұмыс істеген білім шаңырағынан да бірнеше педагог бар. Олар да әділ түрде заң бойынша конкурс арқылы осында орналасты, дейді Венера Альфредовна.
Жуырда ғана пайдалануға берілген №47 мектеп те қызу іске кірісті. Қазіргі уақытта мұнда 831 бала білім алуда. Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша бұл мекеменің жобалық қуаттылығы 600 орынға лайық-талған. Яғни, жаңа мектеп оқу жылының ортасында ашылса да бала саны белгіленген межеден артып кеткенін айта кеткен жөн.
Басқарма жауабы қандай?
Жағдайдың жай-жапсарын білу үшін облыстық білім беру басқармасына да арнайы сауал жолдаған едік. Төменде аталмыш мекемеден келген жауапты қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік. Онда былай деген: «Жаңа мектептердің ашылуы кезінде педагог кадрлардың ауысуы қолданыстағы еңбек заңнамасы мен конкурс тәртібі шеңберінде жүзеге асырылады (ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №96 бірлескен «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы). Нақтылай айтқанда, жаңа №47 мектепке ауыстыру тәрті-бімен 4 педагог жұмысқа қабыл-данды. Мектеп ашылған сәттен бастап барлық бос педагогикалық лауазымдарға конкурс жарияланып, соның нәтижесі бойынша мұғалімдер жұмысқа қабылданды. Бұл – әр педагогтың еңбек ету және қызмет орнын таңдау құқығы. Оқу жылының ортасында педагогтардың ауысуына байланысты кадр тапшылығы туындаған мектептерде мәселе жедел түрде шешілуде: бос орындарға конкурс жариялау, уақытша сағат жүктемесін қайта бөлу, қажет болған жағдайда педагогтарды уақытша алмастыру шаралары қабылданды.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар білім беру процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және бұл жағдайдың оқушылардың білім сапасына кері әсер етуіне жол берілмейді», – делінген.
Ескерте кететін жайт, жоға-рыдағы жауап бойынша №47 мектепке 4 мұғалім толық сыныптарымен бірге автоматты түрде ауысқан. Ал қалған 40-тан астам маман конкурс бойынша қабылданған екен.
* * *
Қорыта келе, ата-аналардың алаңдауы негізсіз емес екені белгілі болды. Алайда заң бойынша мұғалімдердің де таңдау жасауға толық құқығы бар. Сонда не істемек керек? Болашақта мұндай түсінбестік орын алмауы үшін жауапты органдар тарапынан нақты жоспар жасалып, оң шешімдер қабылданғаны жөн. Әйтпегенде, кадрлардың «командалық көші» тағы да көпшіліктің ашуын келтіруі әбден мүмкін.
Нұржайна ШОДЫР.

