Өңірдегі кейбір ауылдарда сумен жабдықтау жүйесі тозып тұр. Сондықтан бұл елді мекендерде жаңа желілерді тарту қажет. Сонымен қатар, бірқатар ауылда кешенді блок-модульдердің орнына орталықтандырылған су жүйесін салу жоспарда бар.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, аймақтың қалалары мен ауылдық елді мекендерінде 18 жобаны іске асыру көзделген. Соның ішінде биыл Павлодар қаласында 6, Екібастұз және Ақсу қалаларында 3 жобадан жүзеге аспақ. Ал ауылдық елді мекендерінде алты жоба қолға алынады. Атап айтқанда, Баянауыл ауданында Шоманкөл, Шонай, Аймауытов ауылдарында үш жаңа жоба және Железин, Аққулы, Тереңкөл аудандарында үш ауыспалы жобалар бар. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін таза ауызсуға қолжетімділікті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
– Бүгінде тұрғындары 200 адамнан асатын ауылдық елді мекендерде қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталған 9 жоба бар. Оны республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданының Балтасап және Басқамыс, Ертіс ауданының Сілеті және Қызылағаш ауылдарында қолданыстағы кешенді блок-модульдердің орнына орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу жоспарлануда, – деді Е.Иманзайыпов.
Одан бөлек, сумен жабдықтау желілерінің аса тозуына байланысты Павлодар ауданының Достық, Маралды, Розовка ауылдары және Ертіс ауданының Ленин ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту қажет.
Айта кетейік, Ақтоғай ауданының Ақтоғай, Қожамжар, Приреченск ауылдарында сумен жабдықтауды жақсарту мақсатында Беловод топтық су құбырына қосылатын су құбыры желілерін салу жобасы әзірленді.
Салтанат ҒАББАС.