Келбеті келіскен қала

Шіл 23, 2026

Ертіс жағасын еркін жайлаған Павлодар – уақытпен бірге түлеп, жаңару жолын таңдаған шаһар. Бүгінде мұнда бой көтерген жаңа мектептер, абаттандырылған қоғамдық орындар, жаңарған жолдар мен қоғамдық көліктер, ірі инфрақұрылымдық жобалар қаланың қарқынды дамуының нақты көрінісіне айналып отыр. Қала күні қарсаңында облыс орталығының бүгінгі тынысына көз жүгіртіп, атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды саралаудың сәті түсіп тұр. 

Соңғы бірнеше жылдың ішінде Павлодардың келбеті айтарлықтай өзгерді. Қалада жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, білім беру инфрақұрылымы кеңейді, қоғамдық көліктер жаңартылып, көшелер мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды. Инженерлік желілер кезең-кезеңімен жаңғыртылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Өзгерістің айқын көрінісі – білім саласы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында бірнеше жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айында «Достық» шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектеп оқушыларға есігін ашса, биыл қаңтар айында мемлекеттік тілде білім беретін №47 мектептің ашылуы өңірдегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Заманауи талап-тарға сай жабдықталған бұл мектептерде кең оқу кабинеттері, зертханалар, робототехника сынып-
тары, шығармашылық студиялар мен спорт залдары жұмыс істейді. Ал Усолка шағын ауданында бой көтеріп жатқан тағы бір 1200 орын-
дық мектеп келесі оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспар-ланып отыр.

Қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл бірнеше бағыттағы жаңа автобустар шығарылып, трамвай паркі Беларусь Республикасынан жеткізілген энергияны үнемдейтін 10 жаңа вагонмен толықты. Бұл өзгерістер жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қоғамдық көліктің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беруде.

Шаһардың көркі алдымен оның көшелері мен қоғамдық орындарынан байқалады. Өткен жылы 17 шағын саябақ жаңартылса, биыл тағы 15 қоғамдық орында абаттандыру жоспарланған. Бұрын қараусыз жатқан аумақтар жаңа тыныс алып, жарықтандыру жүйелері тартылды, тұрғындарға арналған орындықтар, балалар ойын алаңдары мен әткеншектер орнатылды. Қала көшелеріндегі 700-ден астам ағаш сәндік жарықпен көмкеріліп, көпқабатты 17 тұрғын үйдің қасбеті сәулеттік жарықтандырумен безендірілді. Биыл Павлодарда ондаған көше жөндеуден өтіп, аулалар мен демалыс орындарын абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Павлодардың визит картасына айналған Ертіс жағасындағы Орталық жағалау да биыл жаңа кейіпке енді. Жөндеу барысында серуендеу жолдары жаңартылып, демалыс аймақтары ретке келтірілді, жарықтандыру жүйесі жетілдірілді. Бүгінде бұл орын павлодарлықтардың ғана емес, қала қонақтарының да сүйікті демалыс мекеніне айналып отыр.

Қала дамуының негізі – сапалы инженерлік инфрақұрылым. Осы бағытта бүгінде кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғыртуға арналған 2 ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның алғашқысы Назарбаев даңғылы, Ломов және Жаяу Мұса көшелері аумағын қамтиды. Жоба аясында ұзындығы 5,9 шақырым болатын жылу желісі жаңартылып,  көпқабатты 159 тұрғын үй сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. Бұл учаскедегі желілердің тозу деңгейі
98 пайызға жеткен. Екінші жоба Усолка шағын ауданында іске асырылуда. Мұнда ұзындығы 4,8 шақырым инженерлік желі қайта жаңартылып, 78 тұрғын үй қамтылады. Бұл жұмыстар қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, алдағы жылдары жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қала аумағының кеңеюі тұрғын үй құрылысынан да анық байқалады. Іргесі 2017 жылы қаланған «Достық» шағын ауданы бүгінде Павлодардың аса қарқынды дамып келе жатқан аудандарының біріне айналды. Осы уақытқа дейін мұнда көпқабатты
18 тұрғын үй, 1200 орындық мектеп пен 80 орындық шағын орталық пайдалануға берілді. Тағы 11 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта мұнда тағы 2 балабақша, мұз сарайы, 1500 орындық екі концерт залы бар көпфункционалды конгресс-холл, спорт кешені салынып, шағын ауданға ұзындығы 4,9 шақырым болатын жаңа трамвай желісі тартылмақ.

Өңірдегі  ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жалғасуда. Болашақта бұл нысан көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, облыстың логистикалық және экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды көлік дәлізіне айналады.

Сонымен қатар, Павлодар әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Ұшу-қону жолағы толық жаңартылып, халықаралық талаптарға сәйкестендірілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірдің көлік қолжетімділігі артып, әуе қатынасының мүмкіндігі кеңейе түседі.

Павлодардың бүгінгі келбеті – жүйелі еңбектің жемісі. Жаңа мектептер, тұрғын үйлер, жаңар-тылған инженерлік желілер, жайлы қоғамдық көліктер, көркейген жағалау мен ауқымды құрылыс жобалары – мұның бәрі тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істердің нәтижесі. Ертіс жағасындағы еңселі шаһар уақытпен бірге жаңарып келеді. Оның бүгінгі қарқыны – ертеңгі дамуының берік кепілі.

Павлодар қаласы.

Айдана БОРАНБАЕВА.