Биыл 1 сәуірде облыс орталығындағы әуежай уақытша жабылып, мұнда ұшу-қону жолағын жаңарту ісі басталған еді. Алайда әу баста бөлінген қаражат жобаны аяқтауға жетпей қалды. Сол себепті Арнайы мемлекеттік қордан тағы да қомақты сома қарастырылып, тиісті жұмыстар жанданатын болды.
Қайта жаңарту жобасы ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтуді, қозғалыс жолы мен әуежай перронын қалпына келтіруді, заманауи жарықтандыру, бейнебақылау және дренаж жүйелерін орнатуды көздейді. Бұл жұмыстар әуеайлақтың сәйкестік сертификатын сақтау қажеттілігіне байланысты орындалуда. Яғни, бұл жұмыстар атқарылмаса, әуе кемелері ұшып, қона алмайды.
Бас мердігер — «Kyrylys Group RK» ЖШС. Жобаның жалпы құны — 16,4 млрд теңге. Бастапқы кесте бойынша жұмыстар осы жылдың қараша айында аяқталуы тиіс еді. Алайда жобаның қалған бөлігіне қажет 9,3 млрд теңгені қаржыландыру қажеттілігіне байланысты мерзімі өзгертілді.
Таяуда облыс әкімі Асайын Байханов аталмыш мәселе бойынша жиналыс өткізді. Белгілі болғандай, жобаны аяқтауға қажет қаражат заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару есебінен қалыптасты-рылған Арнайы мемлекеттік қордан бөлінді. Бүгінде 9,3 млрд теңге арнайы есепшотқа түсіп, қажетті келісімшарттар жасалып, қазынашылық органдарында тіркелді. Бөлінген қаражаттың есебінен жобаны іске асыру қарқынын арттырып, 2026 жылдың шілде айында толық аяқтау жоспарлануда.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар-масының мәліметінше, бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстардың 47 пайызы орындалды. Аумағы 178 мың шаршы метр болатын асфальт-бетон жабынын фрезерлеу жұмыстары жүргізіліп, жер жұмыс-тары мен дренаж жүйесін орнату аяқталды. Сондай-ақ, ұзындығы 16,2 шақырым болатын қоршаудың 95 пайызы орнатылды. Жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерін орнату жалғасуда. Мердігер ұйым 1,4 млрд теңгеден астам сомаға материалдар мен жабдықтар сатып алды, 35 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы жеткізілді, қуаттылығы сағатына 240 тонна асфальт-бетон зауыты орнатылды.
Аймақ басшысы Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту өңір үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтті.
— Жаңартылған ұшу-қону жолағы ұшу қауіпсіздігін арттыруға, әртүрлі санаттағы әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру инвестиция тартуға және әуе рейстерінің бағытын ұлғайтуға жағдай жасайды. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың маңызды кезеңі болады, — деді А.Байханов.
Жиын соңында облыс әкімі мердігер ұйым мен тиісті басқар-маларға құрылыс қарқынын жедел-детіп, барлық жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және қайта жаңарту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Өз тілшіміз.
