Photo Valeriy BUGAYEV

Аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласына барып, әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді. Сонымен қатар, шаһарды абаттандыру жайымен танысты.

Өтімділігі дәлелденсе…

Кеншілер қаласында облыс әкімі жеке инвестиция есебінен салынып жатқан тұрғын үйлер алаңында болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Екібастұздың 2-шағын ауданында 5 қабатты үш тұрғын үй және 31-шағын ауданда 240 пәтерлі тағы бір үй салу жоспарлануда. Бұл тұрғын үйлерді кезекте тұрған 1200 екібастұздық – «Отбасы банкінің» салымшылары несиеге сатып ала алады. 1 шаршы метрінің құнын 360 мың теңгеден 253 мың теңгеге дейін төмендету үшін облыс бюджетінен 1,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Сондай-ақ, мемлекет есебінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (электр, жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері) салынып, абаттандыру жүргізілмек. Алайда, Асайын Байханов жергілікті биліктің құны нарықтық бағамен шамалас болатын бұл пәтерлерді сата алатынына күмән келтірді. Аймақ басшысы бірінші кезеңде үш үйдің құрылысын іске асырғаннан кейін ғана тағы да тұрғын үй тұрғызу туралы шешім қабылдауды тапсырды.

 

Айналасы асфальтталады

Одан кейін облыс әкімі жақында асфальт жабыны жаңартылған және қазір футбол алаңын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан М.Әуезов көшесі, 21/1, 21/2 үйлерінің тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Жұмыс сапары барысында кеншілер қаласының аулаларын жарықтандыру жұмыс-тары екі жылда толық түйінделетіні белгілі болды. Аймақ басшысы биыл жыл соңына дейін екібастұздық аулалардың тең жартысы жарықтандырылатынын атап өтті. Қалғаны келесі жылы реттелмек. Асайын Байханов тұрғындардың аулаларды жарықтандыру, ағаштарды кесу, бейнебақылау және жасанды жол кедергілерін орнату туралы ұсыныстарын қолдады. Биыл Екібастұздағы 30 ауланың асфальт жабыны жаңартылып, 50 балалар ойын алаңы орнатылуда. Одан бөлек, 20 шағын футбол алаңы, 11 стритворкаут және стритбол алаңдары жабдықталмақ. Сондай-ақ, 8 учаскеде 9 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы төселеді.

Ал №10 мектептің шатыры мен мәжіліс залының күрделі жөндеу жұмыстарының 50 пайызы орындалған. Нысанды 25 тамызға дейін қолданысқа беру жоспарлануда. Облыс әкімі сапаға баса назар аударып, барлық жұмыстарды уақытылы жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар, өңір басшысы болашақта  Екібастұз бен Ақсу қалаларында 1000 және одан да көп оқушылары бар ірі мектептерді кешенді түрде жөндеу керектігін ескертті. Бірнеше бөліктерге бөлмей, 5-7 жылдың ішінде бір нысанға қайта оралмау үшін бірден кешенді жөндеу жүргізу қажеттігін атап өтті.

Одан кейін Асайын Байханов №9 бала-бақшада болып, білім беру нысандарының аумақтарын асфальттау қалай жүргізіліп жатқандығын тексерді. Биыл қалалық бюджет қаражаты есебінен 22 білім беру мекемесінің, нақтысы, 8 мектептің, 13 балабақшаның және Екібастұз көркемсурет мектебінің аумағына жаңа асфальт төселеді. Соңғы 20-30 жыл ішінде асфальт жабыны жаңартылмаған тағы 25 мекеме келесі жылы ретке келтірілмек.

Асайын Байханов балалар шығармашылығы үйінің құрылысын тексерді. Мұнда жұмыстың 85 пайызы аяқталған. Облыс әкімі барлық негізгі құрылыс жұмыстарын 25 тамызға дейін аяқтап, сыртқы аумағын абаттандыруды бастауды тапсырды.

Қалалық перзентханадағы ахуалмен танысқан облыс әкімі  мұнда жөндеу жұмыс-тарының аяқталуға жақындағанына куә болды.  Мұнда нысанның айналасы абат-тандырылуда. Нысанды тамыз айының ортасында тапсыру жоспарланған.  Сондай-ақ, келесі жылы перзентхананы аурухана кешеніндегі терапия корпусына көшіру, ал перзентхананың ғимаратында медициналық колледж студенттеріне жатақхана және зертханалары бар оқу ғимаратын орналастыру мүмкіндігі талқыланды.

 

Сапалы болуы тиіс

Кеншілер шаһары үшін маңызды жобалардың бірі — №1 және №3 жылу магистраль-дарының жаңарту жұмыстары. Бүгінде ескі құбырларды бөлшектеу, жаңасының іргетасын, орнықты бағандарын құю жұмыстары жүргізілуде. Енді арнайы компенсаторлардың жеткізілуі күтілуде. Асайын Қуандықұлы мұндағы жұмыстарды қыркүйек айының басына дейін толық сапалы аяқтауды тапсырды.

Одан бөлек, Екібастұз жылу-электр орталығындағы жылу маусымына дайындық барысын көрді. Мұнда №15 қазандық агрегатының электр жабдықтарын жөндеу жұмыстарын тексерді. Қазандықтың ішкі бөліктерін бөлшектеу, электр бөлігін жөндеу, сорғыларын, түтін сорғыларын, 2 желдеткішін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Екібастұз ЖЭО-ның тазартылған су магистралінде құбырларды дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде. 888 метр шұңқыр дайындалып, 1900 метр құбыр дәнекерленіпті. Кеншілер шаһарында тұрғын үй қорын жылу қабылдауға дайындау жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Көпқабатты 702 үйдің 432-сі дайын.

Өңір басшысы жылу беру маусымына дейін бір ай және бір апта қалғанын еске салды.

— Дайындықтың, сынақтардың, құбырларды жуудың нақты жүйесі болу керек. Әрбір үйдің бекіту арматураларын, жылу алмас- тырғыштарын тексеріңіздер. Иесіз қалған желілер де қолға алынуы тиіс. 10 қыркүйекке дейін тұрғын үй қорын 100 пайыз дайындауды қамтамасыз етіңіздер. Біз барлық әлеуметтік нысандарға жылуды 15-20 қыркүйектен, ал  тұрғын үй қорына 10-15 қазаннан беруді бастауымыз керек, —
деді Асайын Байханов.

 

Театр құрыла ма?

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Екібастұзда кәсіби театр сахнасын құру жайын да қарастырды. Бұған дейін аймақ басшысы Екібастұздағы бұрынғы кеншілер мәдениет сарайының ғимаратын арнайы қараған. Бұл — кезінде тұрғындар үшін мәдени іс-шаралар өткен, фильмдер көрсетілген маңызды орын. Ол үшін ғимаратты бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен сатып алу жоспарланып отыр.

— Екібастұзда театр құру әлеуеті бар. «Қайнар» кешенінің базасында 20 жылдан астам республикалық театр өнері фестивальдері мен конкурстарының бірнеше мәрте жүлдегері атанған «Маска» театр студиясы жұмыс істейді. 2020 жылы «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Бойтұмар» жастар музыкалық театр үйірмесі ашылып, бірнеше қойылымды көрерменге тарту етті, — деді Асайын Байханов.

Осыған орай облыс әкімі мәдениет және құрылыс басқармаларына ғимаратқа алдын ала техникалық сараптама жүргізуді, сарапшыларды тартып, театрды осында орналастыру мүмкіндігін зерделеуді және жыл соңына дейін қайта құру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, облыс орталығы мәртебесі жоқ қалаларда театрлар құру және жұмыс істеу тәжірибесін зерделеуді жүктеді.

 

Г.ТҮГЕЛБАЙ,

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.