Облыс әкімі Май ауданына жұмыс сапары барысында Баскөл ауылындағы Ертіс өзенінің Ақсу саласы арқылы өтетін понтон көпірінің құрылысын тексерді. Жоба бойынша құрылыс маусым айында басталып, қарашада аяқталуы тиіс болған. Аймақ басшысы Асайын Байханов понтонды көпірдің салыну жұмысының созылып кеткенін сынға алды.

Баскөл ауылының тұрғындары көп жыл бойы Ақсу өзенінің арғы жағындағы шабындық жерге өтуге мүмкіндігі болмауына шағымданып келген. Арғы бетке шаруалар тракторларын паром арқылы өткізген. Алайда ауыр техника өзенге құлап, батып кеткен жағдайлар да кездес- кен. Ауыл тұрғындары шөпті қыста мұз үстімен тасымалдап келген.

– Бұл — халық бұрыннан сұрап жүрген көпір. Кішкентай көпірді алты ай салып жатырсыздар. Бұл жерде елден таба алмайтын ешқандай зат жоқ. Ешқандай жоғары технологияны талап ететін құрал-жабдықтар жоқ. Он дәнекерлеуші маман алсаңыздар, он күнде бітіреді, – деді Асайын Байханов. «СКБ «Контракшн» ЖШС-нің мердігері Жеңіс Бексұлтанов көпір құрылысының созылып кету себебін түсіндірді.

– Мұндай жоба бұрын-соңды Қазақстанда болмағандықтан, басында біраз кедергілерге тап болдық. Бір ай жағалауды нығайтуға, су бұруға жұмсалды. Сондықтан жобаны әзірлеуге екі ай шығын болды. Барлық 22 плацкоут жасалған және орнында, олардың сегізі іске қосылды. Біз төрт діңгек пен сегіз тіректі орнаттық. Барлық қажетті материалдар құрылыс алаңында. Жұмысты жақында аяқтаймыз. Қыста бұл көпір сынақтан қалай өтетінін бақылаймыз, – деді Жеңіс Бексұлтанов. Аудан әкімі Ағыбай Әміриннің айтуынша, көпірдің ар жағында 5800 гектар шабындық жер бар. Понтонды көпірді салғаннан кейін ауыл тұрғындары өзен арқылы еш қиындықсыз өте алады. Көпірдің ұзындығы — 60 метр, ені 12,5 метрді құрайды. Көпір шамамен 40 тоннаға дейін салмақты көтере алады. Республикалық бюджеттен бұл жобаға 203,8 миллион теңге қаражат бөлінген. Облыс әкімі мердігерлерге жұмыстарды осы айдың аяғына дейін аяқтауды тапсырды. Осыдан кейін облыс әкімі «Димаш» ЖК жұмысымен танысты. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге несие алып, шағын тракторлар мен тиегіштер, автоүйлер, мал таситын тіркемелер жасап шығаруда. Май ауданында республикалық маңызы бар жолдың жөнделуі аяқталуға жақын. Аймақ басшысы республикалық маңызы бар Атамекен-Ақсу-Үлкен Ақжар-Курчатов жолының жөндеу жұмыстарын тексерді. Жолдың жалпы ұзындығы 216 шақырымды құрайды. Биыл оның 45 шақырымы жөнделіп, бүгінгі күні жолдың 195 шақырымы немесе 95% жақсы жағдайда. Қалған 21 шақырым жол төсемін жаңарту және сол арқылы жобаны 2024-2025 жылдары 100% аяқтау жоспарлануда. Бүгінде оның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 60 метр болатын понтон көпірінің құны 203,8 миллион теңгені құрады. Асайын Байханов орындалып жатқан жұмыстарды тексеріп, көпірдің жергілікті тұрғындар үшін маңыздылығын ескеруді және жұмыстарды созбауды тапсырды. Май ауданына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Асайын Байханов Көктөбе орта мектебінде болып, қазан айының басында орнатылған блок-модульдік қазандық жұмысымен танысты. Мердігер – Теміртаудан келген «Муравьев Алексей Алексеевич» ЖК. Жалпы жобаның құны – 45,6 миллион теңге. Қазандық түтін шығармай-ақ штаттық режимде жұмыс істейді.

– Көптеген адамдар сыртынан көріп, қазандық жұмыс істемейді деп ойлайды. Мұнда көмір толық жанып кететіндіктен, пештің түтіні шықпайды. Көмірді де үнемдейді, — деді мердігер ұйым басшысы Алексей Муравьев. Әр қазандықтың құбыры жеке, бір-бірінен тәуелсіз қыздыруға болады. Ауа райына қарай қазандықтар іске қосылады. Майкөбе көмірі қолданылады. Қазандық үрлегіштер мен шаңсорғыштарсыз жұмыс істейді. Технология қосымша жабдықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Тек көмір қоймасы қажет. Қазандықтың қуаты шамамен 1,5 мВт. Жобаға қызығушылық танытқан облыс басшысы нысанның экологиялық пайдасын тексеруді тапсырды. Бұдан соң облыс әкімінің Май ауданына жұмыс сапары Майтүбек ауылында жалғасты. Майтүбек ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен медициналық пунктке барып, ауылдағы коммуникация және ақпарат орталығында болды. Мұндағы әкімдіктің ғимараты заманауи ақпарат және коммуникация орталығына айналған. Халықпен жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Енді ауыл тұрғындарына кеңес алуға және анықтама қажет болғанда аудан орталығына бармай-ақ мәселелерін жергілікті жерде шеше алады. Майтүбек ауылының коммуникация және ақпарат орталығында орналасқан ауылдық кітапханада оқырман көп. Кітапхана меңгерушісі Елена Гаманюктің айтуынша, орталықта ауыл тұрғындары бос уақыттарын тиімді өткізеді.

— Бұрын кітапхана кішкентай бөлмеде болатын, қазір екінші қабаттағы үлкен бөлмеде орналастық. Оқырмандар екі есе көбейді, балалар кітапханаға жиі келе бастады. Ауылда 501 адам тұрады. Оның 350-ден астамы — кітапхана оқырманы, бұл — жақсы көрсеткіш, — деді Елена Гаманюк. Кітапхана қорында он бір мыңнан астам кітап бар. Оның 8500-і қазақ тілінде. Май ауданының тұрғындарымен өткен кездесу кезінде облыс әкімі ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Биыл Май ауданында он жеті көше жөнделді. Аудан тұрғындарын толғандыратын жол мәселесі де шешімін табуда.

– Биыл елді мекендердің көшелері мен жолдарын жөндеуге 1,3 миллиард теңге бөлінді. Биыл Май ауданына қарасты Көктөбе, Малайсары, Майтүбек, Кеңтүбек, Ақжар ауылдары, келесі жылы Май, Абай, Қызылеңбек ауылдарында 17 көше жөнделді. Ауылдардың кіреберіс жолдарын асфальт-тау мәселесі де қарастырылған, – деді Асайын Байханов. Бұдан бөлек соңғы үш жылда ауданда алты мектеп жөнделген. Жалтыр, Май, Малайсары мектептерінде 50 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал Малайсары, Көктөбе, Баскөл ауылдарына төрт жаңа мектеп автобусы берілді. Асайын Байханов тозығы жеткен аудандық аурухананың жағдайын да атап өтті.

– Май аудандық аурухананың тозуы 87 пайызға тақады. Бұл ауруханаға көктемде келгенде керекті мемлекеттік сараптама жасадық. Осыған сәйкес аурухананың дренаж жүйесін қайта құру бойынша құны 600 млн теңге болатын ЖСҚ әзірленді. Қаражат 2024 жылғы бюджетте қарастырылған, – деді аймақ басшысы. Жобаның сапалы орындалуы аудан әкімдігіне жүктелді. Облыс әкімі Асайын Байханов Көктөбе ауылында аудан тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Ауыл тұрғыны Мұхаметқали Құрманғалиұлы тұрғындар үшін серуендейтін орын болса деген тілегін жеткізді.

– Бүгінде ауылда халықтың демалатын орны жоқ. Табиғаты керемет. Бұрын сол аймақта тұрғындар балық аулайтын, бақша болатын. Сондықтан аудан орталығында демалатын орын болса екен, – деді ол. Аймақ басшысы әрбір ауданда серуендейтін орын болуы тиіс екенін айтып, бұл ұсынысты толығымен қолдайтынын жеткізді.

– Бұл – өте орынды ұсыныс. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырамын. Облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді. Болашақта аудан орталықтарында балалар қысқы уақытта жүзіп үйренетін бассейн, спортпен шұғылданатын орындар болуы керек, – деді Асайын Байханов. Аймақ басшысы ауыл жағдайының жылдан-жылға жақсарып келе жатқанымен, түйткілді тұстар да бар екенін жасырмады.

— Әрбір адам өзіне жайлы жерді іздеуге құқылы, оны шектей алмаймыз. Өзім ауылда туып-өскенмін. Халықтың ауылдан көшуіне не себеп? Ешкім пеш жағып, күлін шығарып отырғысы келмейді, — деді Асайын Байханов. Облысқа газ тарту мәселесін шешу үшін облыс әкімдігі ҚР Үкіметімен тығыз жұмыс істеуде. Павлодар облысының қалалары мен ауылдарын газдандыру – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. — Егер газдандыру мүмкін болмаса немесе оның шешілуі бес-алты жылға созылатын болса, онда орталық жылу жүйесін тарту мәселесін аудан орталығы мен ірі ауылдарда жылу қазандықтарын салу арқылы шешеміз. Егер де облысымызға газ келетін болса, онда ішкі құбырларды облыс өз күшімен салады. Мәселе – уақыттың еншісінде, — деді облыс әкімі. Көгілдір отын «Сарыарқа» газ құбыры арқылы немесе Ресейден жеткізілуі мүмкін. Бұл мәселе алдағы жылы шешілуі тиіс.

Т.ӘБІЛДА,

Май ауданы.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.