Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпірдің жолын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл уақытта жеңіл көліктердің қозғалысы уақытша шектелмек. Яғни, жүргізушілерге Кенжекөл ауылын айналып өтуге тура келеді.
1962 жылы салынған бұл көпір осыдан сегіз жыл бұрын апаттық жағдайда деп танылған-ды. Сол уақыттан бері оның үстінен жүк көліктерінің өтуіне тыйым салынған. Тек жеңіл көліктер мен жолаушылар тасымалдайтын автобустар ғана өзеннің үстімен өте алады.
Әбден ескірген көпір жолы бұл көлік жүргізушілеріне де қолайсыздық тудыра бастады. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мамандары ой-шұңқырларды тегістеп, жайлы жағдай жасаудың қамына кірісті. Тиісті жұмыстар 11 сәуір күні аяқталуы тиіс.
Павлодар қаласының тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде көлік қозғалысы шектелетінін хабарлады.
— Ертіс өзені арқылы өтетін автокөлік көпірінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 8–11 сәуір аралығында сағат 15.00-ден бастап жеңіл автокөліктер үшін қозғалыс шектеледі. Қоғамдық көлік бұрынғы тәртіппен қатынай береді. Жеңіл автокөліктер үшін қозғалыс Кенжекөл ауылы жағынан ашық болады. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жол жүру бағытыңызды алдын ала жоспарлауыңызға кеңес береміз, —
деген хабарландыру жариялады.
Айта кетейік, бүгінде дәл осы көпірдің жанынан жаңа көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы құрылысы басталған бұл жол 2027 жылы қолданысқа берілмек. Оның жалпы ұзындығы 2,7 шақырым болады. Ол пайдалануға тапсырылғанға дейін жүргізушілерге ескі көпірмен қатынауға тура келеді. Жоспар бойынша, екі жылдан соң жаңа жол ел игілігіне тапсырылса, қазіргі көпір бұзылады. Оның өзіне бірнеше ай керек.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.