Ертіс өзені арқылы өтетін көпір осыдан бірнеше жыл бұрын апаттық жағдайда деп танылған-ды. Сондықтан бұл жол арқылы тек жеңіл көліктер мен жолаушылар автобусының жүруіне рұқсат берілген. Енді оның дәл жанынан жаңа көпір салынбақ. Бүгінде құрылыс алаңын дайындау жұмыстары басталып кетті.

 

1962 жылы пайдалануға берілген қазіргі көпірдің әбден тоз-тозы шыққан. Сондықтан соңғы алты жылда оның үстімен жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынды. Ал «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы жаңа жобаны әзірлеуге кірісті. Ол осыдан екі жыл бұрын дайындалған еді. Мамандар ескі көпір мәселесін шешудің екі түрлі нұсқасын қарастырды. Алғашқысы – ескі көпірді бұзып, оның орнына жаңасын салу. Екіншісі – жаңа көпірді ескінің жанынан ашу. Бұл ретте көпір арқылы қатынайтын жолаушылардың көптігі ескеріліп, екінші нұсқаға тоқтады. Сол арқылы жолаушылар легіне еш кедергі келмейді. Алайда қаржының жоқтығы қолбайлау болып, жобаны жүзеге асырудың реті келмеді. Былтыр облысымызға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықты жылдар бойы алаңдатқан бұл мәселеге нүкте қою қажеттігін айтты.

– Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Бірақ Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтетін жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет, – деген еді Президент. Мемлекет басшысы жүктеген тапсырманың нәтижесі көп күттірген жоқ. Араға бірер ай салып Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа көпірдің құрылысына 40,3 млрд теңге қаржы қарастырылғанын мәлім-деді. Ал таяуда құрылыс алдындағы дайындық жұмыстары қолға алынды.

— Жаңадан салынатын көпір төрт жолақты болады. Ұзындығы – 2,7 шақырым. Жұмыстар жалпы алғанда 39 ай аралығында атқарылады деп жоспарланған. Яғни, алғашқы 25 айында жаңа көпір салынады. Ол ашылған соң 25 ай аралығында қазіргі апаттық ескі көпір бөлшектеледі, — дейді «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы облыстық филиалы директорының орынбасары Алмат Шойынбаев. Ал әзірше «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы мердігерлермен бірлесіп көпір құрылысына дайындық жұмыстарына кірісті. Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемемен шартқа отырып, құрылыс алаңына айналатын аумақтағы ағаштарды кесуді бастады. Есесіне олардың орнына өтемақы ретінде жаңа көшеттер салуға міндеттеледі.

— Бұл аймақта екі мыңнан астам түрлі ағаш өседі. Бүгінде олардың бір бөлігін кесу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың қатарында терек, басқа да тал мен бұталар бар. Кейбір жерлерге жету қиын болғандықтан Ертісте мұздың қатуын күтеміз. Содан соң кесуді жалғастырамыз, — дейді орманшы Қанат Бағжанов. Кесілген ағаштардың орнына орман алқабына жататын 20 гектарға өтемақы ретінде өзге көшеттер отырғызылып, компания оларды үш жыл аралығында күтіп-ұстайтын болады. Жоспар бойынша, шамамен 9 гектар жердегі ағаштарды кесу келесі жылдың мамыр айына дейін жалғасады. Содан соң көпірдің негізі қалана бастайды.

 Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.