Көшелерге көрік кіреді

Мам 29, 2025

Павлодар қаласында биыл жалпы ұзындығы 37,3 шақырымдық 15 магистральді көшенің жолына орташа жөндеу жүргізілуде. Бір қуантарлығы, мамандар төселген асфальттің барынша ұзақ уақыт бастапқы қалпын сақтауы үшін өзгеше материал қолдануда. Қиыршықтасты-мастикалық асфальт-бетон ауа температурасының құбылмалылығына, өңіріміздің климаттық ерекшеліктеріне өте төзімді көрінеді.

Айрықша асфальттың артықшылығы

Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жол жөндеу бойынша 14 жоба іске асады. Оларға орташа жөндеу жүргізіледі. Ал Қамзин көшесінде ағымдық жөндеу жұмыстары бойынша тағы бір жоба бар.

14 жобаның төртеуі өткен жылдан 2025 жылға өткен. Атап өтсек, Малайсары батыр көшесінің Российская көшесінен Шарбақты көпіріне дейінгі, Геринг көшесінің Сұрағановтан Мининге дейінгі, Мәшһүр Жүсіп көшесінің Олжабай батыр көшесінен Бекмахановқа дейінгі, Назарбаев даңғылының Естай көшесінен Торайғыров көшесіне дейінгі және Жаяу Мұсадан Ладожскаяға дейінгі аралықтарындағы жөндеу жұмыстары кіреді.

10 жоба биыл түзілген. Мұнда Олжабай батыр, Елгин, Шевченко, Ермак көшелері, Сұрағанов көшесінің Нұрмағамбетовтен Лермонтовқа дейінгі аралығы, Аймауытов көшесінің Қамзиннен Российскаяға дейінгі бөлігі, Назарбаев даңғылының Торайғыровтан Трамвай депосына дейінгі, Павлов көшесінің Нұрмағамбетовтен Шевченкоға және Циолковскийден Ломовқа дейінгі, Гагарин көшесінің Назарбаев даңғылынан Каз.Правда көшесіне дейінгі, Абай көшесінің Кривенкодан Ломовқа дейінгі аралығы қамтылмақ.

Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылы жол жөндеуге қолданылатын қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон асфальт түрлерінің ішіндегі ең сапалысы.

— Қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетонның құрамында тазартылған құм мен минералды ұнтақтан бөлек, тау жыныстарынан алынған қиыршықтастың біршама үлесі бар. Сонымен бірге, қоспада көп көлемде битумдық ұстастырғыш, целлюлозалық талшық бар. Міне, осының бәрі аталған асфальтбетонның физикалық-механикалық қасиеттерін арттыра түседі. Яғни, құрамында қатты тау қиыршықтасының көп болуы асфальт жабындысының қаңқасын берік етеді. Осылайша, сығылу және ығысуынан деформациялануға қарсы тұруын қамтамасыз етеді. Ал битумдық ұстастырғыштың көптеп қосылуы құм мен минералды ұнтақпен бірге қиыршықтастар арасындағы барлық саңылауларды толтыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тығыздығы жоғарылайды. Тұрақтандырғыш талшықты қоспалар битумның ағып кетуіне кедергі келтіреді, оны өзге де компоненттерімен сенімді байланыстыра түседі, сондай-ақ, құрамның қатпарлануының алдын алады, — делінген әкімдік берген ақпарда.

Аталған берік материалды қолдану қаладағы көше жолдарының аз уақыт ішінде тоз-тозы шықпауына жетелейді деп күтілуде. Әйтпесе, кейде бір жылға жетпей, жаңбыр, қыстағы қардан кейін жол жабындыларының бүлінуі орын алатыны жасырын емес.

Қала билігі шаһар көшелеріндегі жолдарды реттеуді биыл ерте бастап кетті. Сәуір айынан бері мердігер фирмалар іске кіріскен. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарымен жиі танысып, атқарылу барысын қадағалауда. Мәселен, шаһар басшысының екі күн бұрын Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялаған ақпаратқа сәйкес бірқатар көшелерде жөндеу жұмыстары аяқталуда. Айта кетейік, облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен қалада 15 көшенің жолдары жаңартылады.

Қазіргі таңда Сұрағанов көшесіндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Назарбаев даңғылында жоспарланған жұмыстардың 80 пайызы орындалыпты. Бұл жұмыстарды «Аза» және «ПКФ Гордорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізген. Ал Олжабай батыр көшесінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, Павлов, Геринг, Шевченко, Мәшһүр Жүсіп және Олжабай батыр, Қамзин көшелерінде, Назарбаев даңғылының Торайғыров көшесінен Трамвай депосына дейінгі аралықта жөндеу жұмыстарына кірісу үшін дайындық шаралары басталып кеткен.

Бүгінде облыс орталығы көшелерінде жөндеу жұмыстарының қызу жүріп жатқанын көріп жүрген боларсыз. Мұның бәрі ертеңгі күні тұрғындардың жайлы әрі кедергісіз қатынауы үшін жасалуда. Қала әкімі Хасар Хабылбеков көшелерді аралап, жөндеу жұмыстарымен танысу кезінде мердігерлерге барлық жол жөндеу жұмыстарын шілде айының 15-іне дейін аяқтауды тапсырды.

Жаяу жүргіншінің де жайын жасауда

Биыл шаһарда жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы да жайлы болмақ. Олай дейтініміз, қалада жалпы ұзындығы 15,2 шақырым болатын 14 учаскеде тротуар салынып жатыр. Бұл жаяу жүргіншілер жолдары жаңадан салынуда. Атап өтер болсақ, тротуарлар Ворушин, Щедрин, Толстой, Роза Люксембург, Жібек жолы, Суворов зираты маңы, Теміржолшылар және Элеватор шағын аудандарында пайда болады. Қазіргі таңда 5,2 шақырым тротуар тартылған. Жаяу жүргіншілер жолдарын да шілде айының ортасына дейін түйіндеу жоспарланған.

Тарихында тас жол төселмеген көшелерде биыл жалпы ұзындығы 17,2 шақырымдық асфальт пайда болады. Яғни, жеке үйлер секторы тұрғындары үшін осындай өзгеріс орын алады. Мұндай жаңа асфальт Элеватор шағын ауданының 7 көшесінде және МДС шағын ауданының 15 көшесінде төселеді.

Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығында Лермонтов көшесі түрленуде. Тұтас бір көше заманға сай жаңа кейіпке енбек. Жуырда оң өзгерістермен облыс әкімі танысып, барлығы тұрғындардың жайлылығы үшін жасалып жатқанын мәлім етті.

Қапура ЖАҚЫПОВА, Элеватор шағын ауданының тұрғыны:

— Бұл шағын ауданда тұрып жатқаныма алты жылға айналды. Биыл біздің шағын ауданымызға билік тарапынан қолдау жетті. Элеватор шағын ауданының барлық көшелері асфальтталды. Бірінде тас жол жоқ еді. Жаңбыр жауса ми батпақ болып, жүріп-тұру қиынға соғатын. Қолымда 8 және 6-сыныптарда оқитын немерелерім бар. Көршілердің де қаншама баласы мектепке барады. Асфальт жоқ кезде олар аяқ киімдерін мектепке дейін таза ұстау үшін салафан қапшықтар киіп, әуреге түсетін. Көліктердің де қатынауы оңай болмады. Енді міне, тақтайдай жол бізге де жетті деп қуанып жатырмыз. Ақырын-ақырын шағын ауданымыз көркейіп келеді. Айналада қаншама адам жеке үй салып жатыр. Алдағы уақытта балалар ойнайтын алаң салынатыны айтылды. Көршім Зейнеп Ахметқызы осы тұрғындардың мұң-мұқтажын, жолдың жайын айтып, көп жүгірді. Биыл бұйымтайымыз қабыл болып, су жаңа асфальт төселіп, қуанышқа кенеліп жатырмыз.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.