Көшеттер күтіміне жауапты

Мам 2, 2025

Соңғы жылдары қала аумағында егілген жас көшеттер мен гүлдер бүршік атып, шаһар шырайын арттыра түскені анық. Бұл – көркейту-көгалдандыру жұмысының жемісі. Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен сенбіде Павлодар облысының барлық аумағында Республикалық ағаш отырғызу күні өткізілді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Мақсат Оралбековтің айтуынша, қазіргі таңда жас көшеттерге күтім жасау жұмыстары бірізділікке қойылып, мердігерлердің жауапкершілігін арттырды. Мәселен, бұрын абаттандыру жұмыстары бір жылдық келісім-шарт бойынша жүргізілсе, соңғы жылдары үш жылдық келісімшарттар енгізілген. Бұл тәжірибе алғаш рет Екібастұз қаласында сынақтан өтіп, өз тиімділігін көрсетті.

— Ағаш отырғызу және күтіп-баптау бойынша келісім-шарт қазір үш жылға жасалған. Мердігер ұйым-
дар өсімдіктердің тіршілігіне, топыраққа бейімделуіне, суаруына толық жауапты бола отырып, кешенді жұмыстар жүргізуде. Өз кезегінде біз қатаң бақылау жүргіземіз. Осылайша, мердігерлер келісім-шарт бойынша ағаштардың жерсініп, тамыр жаюына дейін жауапты болады, — деді бас маман.

Айта кетейік, аталмыш экологиялық акция аясында Ақсу мен Павлодар қала-ларында екі мың, Екібастұз шаһарында мыңнан астам, аудандарда бірнеше жүз түп ағаш отырғызылды. Отырғызылған көшеттердің ішінде жергілікті климатқа төзімді пирамидалық теректер, талдар, қарағайлар, шыршалар мен шетендер бар.

Жас көшет отырғызу жұмыстары өткен аптада Павлодар қаласындағы Ардагерлер саябағында жалғасын тауып, жүзден астам қарағай егілді. Демалыс күні жас көшет егуге шыққан тұрғындардың арасында мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала мамандары, халық қалаулылары, жастар мен еріктілер бар. Еңбек ардагерлері мен белсенді зейнеткерлер де акциядан шет қалмады. Табиғат жанашырлары жас ағаштар облыс орталығын безендіріп қана қоймай, қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізетінін айтады. Жаңа екпелерге дұрыс күтім жасау үшін оларды тұрақты түрде суару ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, соңғы жылдары қала аумағында көпжылдық өсім-діктер егуге басымдық беріле бастады. Бұл да қаланың көркін арттырып, жыл сайын көшелер мен гүлзарлардың жап-жасыл болып тұруына өз әсерін тигізеді.

А.МҰҚЫШЕВ.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.