Бүгінде ұялы байланыс операторлары өз қызметі үшін қалаған бағасын белгілейді. Соңғы уақытта бұл саланың жүгенсіз кеткені соншалық, тарифтің бағасы тіпті шарықтап кетті. Енді мұның барлығы мемлекеттің бақылауына өтуі ықтимал.

Қазір ұялы байланыс операторының қай-қайсысы болмасын тариф бағасын жылына бірнеше рет көтеріп жүр. Көп жағдайда тұтынушылар жылдар бойы пайдаланып келе жатқан нөмірін ауыстырмас үшін оператордың бағасына келіседі. Бірақ соңғы уақытта бұл кәдімгідей халықты қанауға айналып барады. Мұның барлығына тосқауыл қою үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс қызметтерінің бағасын реттеуді жоспарлап отыр. Мұндай ұсыныс ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатында көтерілген.

– Қазіргі уақытта операторлар ара-сында тұтынушыға «талас» жоқ. Есесіне олар ұсынатын қызметтер бағасының негізсіз өсуі, тұтынушыларға керек емес қызметтерді мәжбүрлеп қосуы, ұялы байланыс пен интернет сапасының нашарлауына байланысты шағымдар күрт көбейді. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекет қоғамдық маңызы бар нарықтардағы кәсіпкерлік субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, қызметтеріне бағалар мен тарифтерді реттейді. Алайда квазимемлекеттік секторға жататын ұялы байланыс операторларының қызметтеріне баға белгілеу құқығы жоқ. Осы шектеу байланыс тарифтерінің күрт қымбаттауын болдырмау және оның алдын алуға кедергі болып отыр, – дейді агенттік өкілдері. Сондықтан ұялы байланыс операторларының қызметіне мемлекет тарапынан баға белгілеу ұсынылып отыр. Аталмыш бастама 28 шілдеге дейін көпшілік талқысына салынады. Айта кетейік, өткен жылдың өзінде байланыс операторларына қатысты 1492 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде компанияларға 3,44 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды.

Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.