Биыл Павлодар облысында жол құрылысы мен жөндеуге бұрынсоңды болмаған рекордтық сома — 27 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде бұған дейін тасжолды көрмеген көшелерге алғаш рет асфальт салына бастады. Ауылдардың арасын жалғап, жол қысқартатын мүмкіндік туды. Десе де, кейбір мердігерлердің өз міндетіне селқос қарауы қынжылтады. Бұл тұрғындарға қолайсыздықтар туындап отыр.
Мердігерлер жұмысы көңіл көншіте ме?
Соңғы күндері көпшіліктің назары Шарбақты ауданына ауды. Мұндағы Хмельницкое ауылындағы бірнеше көшеге мемлекеттік бағдарлама арқылы алғаш рет жол жетті. Тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, «Ауыл – ел бесігі» бойынша қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бірақ оның нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Жұрт жылдар бойы күткен асфальт жол сапасыз болып шықты. Бұқара билікке деген базынасын әлеуметтік желі арқылы жеткізді.
— Қазірдің өзінде мына жол үгітіліп жатыр. Оның қисық, қалай болса солай төселгені көзге ұрып көрініп тұр. Қиыршықтастың бірі тым ұсақ, енді бірі керісінше аяқ алып жүргісіз. Кей жерлерде асфальтты құмның үстіне төсей салған. Халықтың ақшасынан құралған бюджет қаржысына осылай жол төсеуге бола ма? – деп қынжылады көпшілік. Ауылдағы ағайынның жанай-қайының «жаны» бар екенін Жол активтері ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының мамандары айғақтады. Аталмыш орталық өкілдері елді мекенге арнайы барып, тиісті тексеріс жүргізді. Соған сәйкес, жолдың тегіс емес екені анықталды. Белгіленген нормативтен 1,5-4 сантиметрге дейін қиыс кеткен. Жолдың жабынында да ақаулар бар. Кейбір учаскелер жарылып үлгеріпті. Жақын күндері сынамаларды зерттеудің нәтижесі шығуы тиіс. Облыс әкімінің баспасөз қызметі Хмельницкое ауылы тұрғындарының өтініші бойынша Жол активтері ұлттық сапа орталығының өкілдерімен қатар облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары да елді мекенге арнайы барғанын айтты. Жылыбұлақ ауылдық округінің әкімі Ақылбек Сұлтанов та кемшіліктің барын жоққа шығармады.
— Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бұрын-соңды асфальт болмаған үш көшеде жол пайда болуы тиіс. Олардың жалпы ұзындығы – 2,7 шақырым. Орташа жөндеуге 81 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Бірақ жарияланған тендерге қатысуға ниет білдірушілер болған жоқ. Нәтижесінде жергілікті кәсіпорынмен 72 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Абай көшесіндегі жұмыстар таяуда ғана аяқталды. Тұрғындардың наразылығынан соң мамандарды шақырып, тиісті тексеру жүргіздік. Бұл ретте мердігердің ісі көңіл көншітпейтіні рас, — дейді ауылдық округ әкімі. Мердігер — «Шығыс жолдары» ЖШС да өз кінәсін мойындап, аз уақыт аралығында кемшілікті түзеуге уәде берді. «Шығыс Жолдары» кәсіпорнына 10 жұмыс күні ішінде анықталған барлық ақауларды жою қажеттігі туралы хабарлама жіберілді. Аталған талаптар орындалмаған жағдайда аудан әкімдігі мердігер ұйымды жосықсыз деп тану үшін сотқа жүгінуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, мемлекеттік сатып алулар сайтындағы мәліметке зер салсақ, аудандық мәслихат депутаты Виктор Лямцев басшылық ететін кәсіпорын Шарбақтыда жөндеп жатқан жол, абаттандырып жатқан аумақ бұл ғана емес. Аудан орталығы, Сосновка, Александровка сынды ауылдық округтер мен жекелеген мемлекеттік мекемелер де қомақты сомаға шарт жасасқан. Әзірше олардағы жұмыс барысына қатысты айтарлықтай сын-ескертпе жоқ. Жалпы, ауылдардағы емес, қала ішіндегі жол жөндеу де жарап тұрғаны шамалы. Айталық, өткен демалыс күндері Достық шағын ауданындағы 11, 13 және 15 үйлердің ауласында жол жөндеу жұмыстары басталды. Алайда мердігер ауладан шығатын жалғыз жолға белгісіз қара сұйықтықты төгіп, ешбір ескерту белгісін орнатпаған. Соның салдарынан жүргізушілерге қолайсыздық туындады. Жаяу жүргіншілерге де ауладан шығу ыңғайсыз болды. Осындайда мердігерлердің жауапсыздығы анық байқалады.
Рекордтық сома қайда жұмсалмақ?
Жалпы, биыл Павлодар облысында жолдың жағдайын жақсартуға баса назар аударылып отыр. Ресми дерек бойынша, өңірдегі жергілікті маңыздағы жолдардың 93 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде деп есептеледі. Биылғы құрылыс және жөндеу жұмыстарынан соң бұл көрсеткіш бір пайызға артады деген жоспар бар. Биылға бөлінген 27 млрд теңгеге барлығы 136 жоба жүзеге аспақ. Сол арқылы облыстық және аудандық маңызы бар 656 шақырым жол мен бірнеше елді мекендегі жолдар жөнделмек. Осы уақытқа дейін 40 учаскеде жұмыстар толығымен аяқталды. Жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуге қажет инфрақұрылымның барлығы жеткілікті. Айталық, 23 асфальт-
бетон зауыты, 13 қиыршық тас өндіру карьері мен бір битум өндіру зауыты жұмыс істеп тұр. Салыстырмалы түрде қарасақ, былтыр барлығы 92 жоба қолға алынған-ды. Өңірдегі 147 шақырым жолды жөндеп, қалпына келтіру үшін өткен жылы 13,8 млрд теңге жұмсалды. Яғни, биылғы қаржы көлемі екі есеге көбейіп отыр. Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Қанат Қашкировтың сөзінше, биыл облыстық және аудандық маңыздағы 313 шақырым жол жөнделеді. Оның 70 пайызы — бұрын-соңды мүлде асфальт болмаған топырақты жол. Бұл аумақтарға осы жылы асфальт жабыны төселмек. Сонымен қатар, ауылға кіреберіс 23 учаскеде бірінші рет жол пайда болады.
— Биылғы жол жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағат-танарлық жолдың үлесі бір пайызға артып, жоспарлы индикаторға жетіп, 94 пайызды құрайды. Бір пайыздық өсімнің болуының басты себебі – ауқымды көлемдегі жұмысты атқарып жатқанымызбен, бұған дейін жөнделген кейбір учаскелер ескіріп, ойлы-шұңқырлы боп жатады, — дейді басқарма басшысы. Биыл жол жөндеуге рекордтық сома бөлінгендіктен, оның қай бағыттарға жұмсалатынын да байқап көрдік. Мемлекеттік сатып алулардың goszakup.gov.kz сайтынан осы мақсатта жасалған келісімшарттарды да шолып өттік. Мәселен, облыстық басқарма мен өңірдегі ірі құрылыс компания-ларының бірі, облыстық мәслихат депутаты Гнел Акопян жетекшілік ететін «АЗА» ЖШС арасында биыл негізгі үш келісімшарт жасалыпты. Айталық, Майқайың-Екібастұз авто-
мобиль жолының 23-29 шақырымы аралығын реттеуге қосымша құн салығын есепке алмағанда 468 млн 512 мың 929 теңге қарастырылған. Демек, алты шақырымдық арақашықтықтың әр шақырымын жөндеуге орта есеппен алғанда 78 млн 085 мың 488 теңге қарастырылып отыр. Оған қосымша құн салығын қосқанда бюджеттен бөлінетін сома
524 млн 734 мың 480 теңгеге жетеді. Аталмыш мердігерлік ұйым Ертіс — Ертіс станциясы аралығындағы 60-67,1 км автомобиль жолын орташа жөндеуге де жауапты болып белгіленді. Осы мақсатқа қосымша құн салығын қоса есептегенде 412 млн 148 мың 810 теңге жұмсалмақ. Сол сияқты Шақат-Восточное-Шалдай автомобиль бағытындағы 27-40 (13 км),
40-50 (10 км), км 56-62 (6 км) (29 км) аумақты орташа жөн-деуге мемлекеттік қазынадан 629 млн 980 мың 365 теңге төле-нетін болады. Бұл – облыстық ведомство мен ірі мердігер ара-сында жасалған келісімшарттар ғана. Одан бөлек, кейбір аудан-қала әкімдері ұйымдастырған мемлекеттік конкурста да «АЗА» ЖШС жеңімпаз болып танылып, бірқатар жобаны бастады.
Бастысы – сапа
Қазынадан жолаушылар үшін жайлы жағдай жасау мақсатында қыруар қаржы қарастырылып жатқандықтан, оның тиімді пайдаланылуы маңызды. Жоғарыда Шарбақты ауданындағы жағдай бюджет қаржысының оңды-солды шашылып жатқанын көрсеткендей болды. Бөлінген қаражат бар, бірақ сапа жоқ. Бұлай болмайды. Әр мердігер өзіне жүктелген міндетін жоғары деңгейде атқарса екен дейсің. Ал олардың жұмысына тұрғындар баға беріп, Жол активтері сапасы ұлттық орталығы облыстық филиалының мамандары тексереді. Айталық, осы орталық өкілдері 2022-2023 жылдары жөнделген учаскелерден алған 442 асфальт сынамасын алды. Нәтижесінде, оның 87-сі стандартқа сай келмейтіні анықталды. Оған қоса, әртүрлі дәрежедегі 286 ақаудың бары белгілі болды. Таяуда аталмыш орталық мамандары тағы бірнеше учаскені тексерді. Жылжымалы зертхананың көмегімен бағдарламалық өлшеуіш кешен арқылы жолдың талаптарға сай келер-келмесін тексерді. Қызылорда – Павлодар – Успен – Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жол берік болып шығып, белгіленген нормативтерге дәл келді. Омбы-Майқапшағай жолы да сынақтан сәтті өтті. Жалпы, жыл басынан бері орталық қызметкерлері 60-тан астам учаскелерде бақылау жұмыстарын жүргізді. Былтыр өңірдегі 1553 шақырым жол диагностикадан өткен-ді. Соның нәтижесінде 956 шақырым жақсы, 373 шақырымы қанағаттанарлық, тек 27 шақырымы өте жақсы деңгейде деген баға берілді. Иә, салыстырмалы түрде алып қарасақ облыстағы жолдардың жағдайы жаман емес. Десе де, тек 27 пайыздың өте жақсы деңгейде болуы біраз сырды аңғартатын сыңайлы. Бұл ретте жол құрылысы мен жөндеуіне тапсырыс беретін мемлекеттік мекемелер мердігердің ісін «май шаммен» қарап, қатаң қадағалауы тиіс. Компанияны депутаттар басқарады екен деп көз жұмуға әсте болмайды. Шарбақтылар сияқты тұрғындар да белсенділік танытып, қоғамдық бақылау жүргізгені артық болмайды. Әйтпегенде, кей мердігерлер қазына қаржысын қалтасына басып, жолды сапасыз жөндеп, табанын жалтыратуы әбден мүмкін. Билік, мердігер мен халық бірлескен кезде ғана тақтайдай тегіс жолдар пайда болады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.