жаңармақ. Мұнда жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне жайлы жағдай жасалып, қауіпсіздік күшейтіледі. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары орнатылып, демалыс аймақтары ұйымдастырылады.

Бұған дейін облыс әкімі Асайын Байханов Лермонтов көшесін қайта құруға қатысты тапсырма берген болатын. Соның негізінде 2022 жылы жобаны әзірлеу жұмыстары басталды. Оның негізгі идеясы – көшені жаяу жүргіншілер, велосипедпен жүретін азаматтар мен қозғалысы шектеулі тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы ету. «Vision Zero» осы және өзге де мәселелерді ескеріп, тұжырым-дама әзірледі. Соған сәйкес, жалпы ауданы 145 мың шаршы метрден асатын аумақ жаңартылмақ. Бұл ретте 117 мың шаршы метр жол мен тротуарға асфальтбетон жабыны төселеді. Сондай-ақ, қиылыстардың барлық жағында қауіпсіздік аралдарын орналастырып, 3 шақырымдық веложолдар жасау жоспарланып отыр. Олар жол бөлігінен жасыл жолақпен бөлінеді. Лермонтов көшесі арқылы қатынайтын қоғамдық көліктер үшін де бөлек жолақ болады. Павлодар қаласының әкімдігі қайта құру барысында демалыс орындарына да баса мән берілетінін мәлімдеді. Айталық, осы көшенің бойында екі құрғақ субұрқақ, балалар ойнайтын 10 алаң, 8 спорт алаңы орнатылып, 16 алаң тыныш демалысты ұнататындар үшін арнайы жабдықталады. Сол сияқты жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар заманауи үлгіде ұйымдастырылады. Айталық, 350 орындық, 16 мүсін және шағын архитектуралық пішін, 200-ден астам шам орнатылып, 7 сауда павильоны жұмыс істейтін тамақ-тану алаңы болады. Қайта құру жұмыстары абаттандыру, жарықтандыру және инженерлік желілерді жаңартумен қатар, Лермонтов көшесіне қазіргіден де жасыл желекті көбейтуді көздейді. Жалпы, жасыл аумақ 23 150 шаршы метрді құрайды. Бұл аумақта барлығы 750 жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылып, 2,5 мың шаршы метрлік гүлзарлар пайда болады. Мәселен, қайың, шетен, тоғыз қабық, ақ көріктал, тобылғы, қарағай, шырша, арша көшеттері егіледі. Аталған жасыл аумақ автоматты түрде суарылмақ. Яғни, тиісті жүйе қарастырылады. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы екі кезең аясында атқарылады. Бірінші кезеңде Лермонтов, Луговой көшесінен Бұқар жырау көшесіне дейін, екінші кезеңде Бұқар жырау көшесінен Сұрағанов көшесіне дейінгі аймақ қайта құрылады. Жаңартуға бағытталған шараларды 2025 жылы аяқтау жоспарлануда.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.