Үкімет еліміздің автомобиль жолдарын жөндеуге тағы да 170 млрд теңге бөліп отыр. Мұнда орташа жөндеу жұмыстарына басымдық берілмек. Себебі, орташа жөндеу күрделі жөндеу мен қайта қалпына келтіру жұмыстарына қарағанда 2 есе қысқа мерзімде аяқталады әрі шығыны да
7 есе төмен көрінеді. Сондықтан, облысымызда орташа жөндеуді қажет ететін учаскелерге мердігер биыл игеруге қауқарлы қаражатты құзырлы министрлік еш кедергісіз қарастыруға әзір.

 

Түйіні тарқады

Бұл жөнінде аймағымызға арнайы келген ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев тұрғындармен кездесуде мәлім етті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты. Министр қысқа мерзімде облысқа қайта қайы-
рылуының себебін түсіндіріп кетті.

– 6 ай бұрын кездестік. Министр еліміздің 20 өңірін жылына бір рет аралап шығуы тиіс. Өткен жылы оңтүстік өңірлерден бастап, солтүстік жаққа қыс мезгілінде қатынадық. Негізі, керісінше, болғаны жөн деп шештік. Сол себепті араға аз уақыт салып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға келдік, – деді Марат Қарабаев.

Алдымен бұған дейін тұрғын-дармен кездесуде көтерілген бірқатар мәселелердің шешім тапқанын баяндады. Мәселен, азаматтар шетелде жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат ететін бланктерді беруді реттеуді сұраған.

– Бұған дейін шетелде тауарлар тасымалдауға қазақстандық тасымалдаушыларға берілетін рұқсат бланкі бұрыннан тізімде тұрған алып компанияларға, ешбір жазусыз үлестіріліп келген. Сәйкесінше, компаниялар оны нарықта емін-еркін сата алды. Бірде-бір тасымал амалын жасамаса да, ала берген. Ендігі жерде шетелде жүк тасымалдайтындар рұқсат алуы үшін міндетті түрде кемі екі рет өзге ел аумағында тасымалдағанын растайтын құжат тапсыруы тиіс. Екіншіден, бланктің нақты қай компанияға берілгені жазылатын болады, – деді министр.

Тұрғындар көтерген тағы бір сұрақ көлік жүргізушілеріне Д санатының куәлігін беруге қатысты болған. Мұны да министрлік ҚР Парламенті депутаттарымен бірлесіп, бір тоқтамға келген. Нақтысы, куәлік алу үшін үміткердің еңбек өтілін үш жылдан 1 жылға дейін қысқарту, ал жасын 23-тен 21 жасқа төмендету мүмкін болған.  Павлодар қаласының әуежайына қатысты да өтініш жасалған. Министр 6,6 млрд теңге бөлініп, ұшу-қону жолағын жөндеу жоспарланғанын, конкурстық жұмыстарға байланысты қаржыны толық игеру мүмкін еместігін атап өтті. Сондықтан қаржының жартысын өзге арнаға бағыттау көзделіп отыр.

Ертіс ауданында Амангелді ауылына апаратын жолды жөндеуді тұрғындар сұраған еді. Оған да министрлік қаражат бөліп, биыл күрделі жөндеу жасалуда. Облыс орталығынан Шарбақтыға шығатын бағытта 6 шақырымдық жол да тұрғындар сұрауымен орташа жөндеуден өтпек. Қалқаман-Баянауыл бағытында 14 шақырымға қаржы қарастырылған. Хазірет Ишан кесенесіне жеткізетін жолдың да жайын бұған дейінгі кездесуде халық көтерген. Бұл жергілікті маңыздағы жолға да бюджеттен қолдау болатынын министр мәлім етті. Павлодар-Успен аралығын да ретке келтіруді сұрапты. Марат Қарабаев оған қаржы қарастырылып, жөндеу биыл басталып, келесі жылы аяқталатынын айтты. Ертістен өтетін көпірдің құрылысына тұрғындар қызығушылық танытқан. Министр осы сапары барысында құрылыс барысымен арнайы танысып, жұмыс қарқынына көңілі толмағанын мәлімдеді.

– Мердігер – BI Group компаниясы. Бүгінде 50 адам еңбек етіп жатыр екен. Бұл өте аздық етеді. Сондықтан, мердігер бір ай ішінде қызметкерлер қатарын 150-ге, техника санын 100-ге жеткізбек. Жұмыс қарқыны көңілден шықпады. Барынша жеделдетіп, 2026 жылдың соңына дейін аяқтауы тиіс. Ескі көмір алынып тасталады, – деді Марат Кәрімжанұлы.

 

Қаржы бөлінетін болды

Алты ай бұрынғы айтылғандар бойынша атқарылған жұмысты тізбектеген соң министр тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асты. Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев Қалқаман-Майқайың-Баянауыл жолын рет-
теуді, енін кеңейту жағын қарас-тыруды, Май мен Баянауыл аудан-дарының қасиетті мекендерін байланыстыратын тас жолды да жөндеуді жалғастыруды сұрады. Айтуынша, Көктөбе-Ақшиман аралығы жөнделгенімен, ары қарай Лекерге дейінгі аумақта жұмыстар тоқтап қалған. Министр Баянауылдан Майқайыңға дейін мамандар тексеріп, ең нашар аумақ деп таныған 14 шақырымға жөндеу жүргізілетінін атап өтті. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданынан Баянауылға дейін
24 шақырым жақсартылады. Егер мамандар тағы тексеріп, жөндеу қажет деп тапса, «Орташа жөндеу» атты жаңа бағдарлама бойынша қаражат қазынада бар, деді. Ал Май-Баянауыл аралығындағы жолға Павлодар әуежайына бөлініп, биыл игерілуі мүмкін емес 2 млрд теңгені бағыттауға уәде етті.

Ертіс ауданының тұрғыны, кәсіпкер Назира Кенжетаев Атамекен-Ертіс-Русская поляна бағытындағы тас жолдың жағдайы нашарлап кеткенін айтып, көмек сұрады. Салдары өзінің жол бойы сервисі кәсібіне тиіп жатқанын жасырмады. 2018 жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында 200 млн теңгеге қонақүй кешенін салған. Бірақ, бұрын арлы-берлі ағылатын жүк көліктері жолдың шұрық тесігінен  қашып, қатынауы біршама сиреген көрінеді. Су тасқыны да жолдың жағдайына әсер етіпті.

– Биыл орташа жөндеуден өтеді. Орташа жөндеу өте тиімді. Қазіргі жолдың қабатын ұсақтап, қиыршықтас қосып, астын қатырып, үстінен 12 сантиметрлік асфальт төселеді. Осындай тәсілмен
220 шақырымдық бұл бағыттың ара-арасынан қатты тозған учаскелері ретке келтіріледі. Ағымдағы жылы 24 километрге күрделі жөндеу жүргізіледі. Жоба биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Тағы қанша шақырымға орташа жөндеу қажет болса, соған қаржы қарастыруға қауқарлымыз, – деді М.Қарабаев.

 

Жүгенсіз кетпеуі керек

Тереңкөл ауданының шаруасы Игорь Щербак Омбы-Майқапшағай тас жолы 15 жыл жөндеу көрмегенін алға тартты. Қазір бір бөлігіне жөндеу басталғанын, тағы да қаржы бөліп, жаңаратын көлемін көбейтуді сұрады.

– Егер мердігер игере алса, қаржы бөлуге әзірміз. Орташа жөндеу бағдарламасының бір тиімдісі жобалық-сметалық құжат
дайныдаудың қажеті жоқ. Ведом-стволық сараптама жасалады, жол сапасына жауапты орталық бекітеді. Сонымен, қаржы бөлінеді. Бірақ, бір сұрайтынымыз – ауыр жүк көліктерін бірге бақылауымыз қажет. Астанада қалаға кіретін алты бағытқа камера қойып, шамадан артық жүк тиегендерге бірден айыппұл жіберіледі. Бұрын камераға түскенімен, құзырлы орган қызметкерлеріне жолда жолықпаса, әлгі айыппұл екі айдан соң жойылып кететін. Жолымызды басқаша сақтау мүмкін болмай тұр, – деді министр.

Ал Екібастұз маңында қиыр-шықтас өндіретін кәсіпкер негізгі тас жол мен кеніш арасын жалғайтын 7 шақырымдық жол 40 жыл жөндеу көрмегенін айтты. Оған қоса, іргесіндегі елді мекен тұрғындары ауыр жүк көліктерінің ол жолмен жүрмеуін жиі талап етіп, бас көтеретінін алға тартты. Министр құжаттар тапсырылса, күрделі жөндеу жасап береміз, бірақ, алып көліктердің жүкті шамадан тыс тиеуі қадағалануы қажет, деді. Сондай-ақ, осы бағытта қолға алынып жатқан қатаң талапты да атап өтті. Яғни, бұл жаңашылдықтан жүк көліктерінің жүгенсіз кетуіне, жолдардың кетілуіне тосқауыл болады деп күтілуде.

–  Бір заңнамалық ұсыныс енгізіп жатырмыз. Ол қоғамдық резонанс тудыратынына да дай-
ынмын. Басқаша, амал қалмады. Елімізде 450 мың жүк көлігі бар. Олардың 60 мыңы талаптарға сай келмейді. Әсіресе, Hovo, Shachman маркалы көліктері. Кезінде елімізге кіргізілгенде құжаттарға салмағы 8-9 тонна деп көрсетілген. Ал шын мәнінде 12 тоннадан асады. Ұсынысымыз қолдау тапса, келесі жылдан бастап, жалпы қолданыстағы жолдармен салмағы 12 тоннадан асатын аталмыш маркалы көліктердің жүруіне тыйым салынады. Жаңадан әкелінетіндерге сары нөмір тағылады. Бұрыннан қатынап жүргендері 3 ай ішінде қайта нөмірін тіркеп, салмағын қайта өлшеп, сараптамадан өткізіледі. Негізінен, бұл көліктер кеніште жұмыс істеуге арналғанын ескеруіміз керек, – деді М.Қарабаев.

 

Арнайы купе аздық етеді

Екібастұздық ана, мүгедек балалардың құқығын қорғауға ден қойған Айжан Күртебаева осыбағыттағы бірқатар күрмеулі мәселелердің шешілуіне министрдің тікелей ықпал етуін сұрады. Өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырған ол елімізде теміржол тасымалында инвакупелердің аздығын алға тартты. Сондықтан, баршаға ортақ купелермен мүмкіндігі шектеулі жандардың және олармен ертіп жүретін азаматтардың 70 пайыздық жеңілдікпен жүруіне жағдай жасалуы керек деп есептейді. Министрлік өкілі Қазақстанда 62 бағыт болса, соның 60-ы әлеуметтік маңызы бар маршрут саналады. Міне, осы пойыздарда қалыпты купелермен мүгедек балалар, ересектердің 50 пайыз және ертіп жүретін жандардың да
50 пайыз жеңілдікпен қатынауына мүмкіндік беру мәселесі қаралып жатқанын мәлім етті. Одан бөлек, ведомство басшысының айтуынша, жыл сайын жаңа вагондар сатып алу кезінде оның он пайызының инвакупе түрінде болуына мән берілуда. Айжан ханым теміржол билеттерін сатып алу кезінде кассада мүгедектік туралы және баланың туу туралы куәлігінің түпнұсқасын сұрауы қисынсыз, дейді. Яғни, электронды нұсқасы неге жарамайтынын білмей аң-таң. Бұл сұраққа жауап қатқан министрлік өкілі құжаттардың электрондық нұсқасында қажетті нөмірдің болмайтынымен байланыстырды. Бұл мәселе де құзырлы органдармен пысықталып жатқан
көрінеді.

Жылына бір рет мүмкіндігі шектеулі балалардың ұшақпен тегін қатынауына мүмкіндік барын естігенімен, іс жүзінде әуе компанияларының бірі де мұндай тәжірибе барын білмейміз депті Айжанға. Неге екенін білмекке сұрақ қойды. Министр қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға инфрақұрылымдық тұрғысынан жағдай жасауға мән беріліп, алдағы уақытта арнайы бағдарлама іске асыру ойластырылып жатқанын жеткізді.

– Бұрыннан мүмкіндігі шектеулі балалардың жылына бір рет ұшақпен тегін қатынауы қарастырылған. Бірақ, ол заңмен бекітілмеген, әр компанияның қалауына қарай болды. Енді мұндай талап «Әуе көлігі туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, заңмен міндеттелмек. Құжат Мәжілісте қаралуда. Жобаға сәйкес 1 және 2-топқа жататын мүмкіндігі шектеулі балалар жылына бір рет тегін, ал ертіп жүрген азаматтар елу пайыздық жеңілдікпен ұша алады, – деді Марат Кәрімжанұлы.

Кездесуден кейін министр тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ