Отандық өндіріс дамып келеді

Ақп 26, 2026

Өңірде мемлекеттік бағдарламалар аясында дамып жатқан жеке кәсіпкерлер мен бизнес нысандар жетерлік. Солардың бірі — дезинфекциялық және фармацевтикалық препараттар өндіретін «БО-НА» компаниясы.

Кәсіпорын 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді және бүгінде Қазақстан нарығындағы жетекші өндірушілердің бірі саналады.

– Біз жұмысымызды ғылыми жобадан бастадық. 2010 жылы америкалық даму қорына ғылыми жобамды ұсынып, нәтижесінде 300 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы алдық. Алғашқы кезеңде жоба аясында тәжірибелер жүргізіп, жоспарды кезең-кезеңімен жүзеге асырдық. Қазір компания 30-дан астам өнім түрін шығарады, — деді кәсіпорынның өндірістік жетекшісі Борис Шаров.

Бүгінде кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 600 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Компанияда 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдер медициналық мекемелерге, оның ішінде облыстық ауруханаларға, туберкулезге қарсы диспансерлерге және психиатриялық ұйымдарға жеткізіледі. Барлық тауар санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сай және Кеден одағы елдерінде тіркелген. Сонымен қатар, өнімдерге еліміздің барлық өңірінен мыңнан астам оң пікір жиналған.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.

– Біз медициналық құралдарды стерилизациялауға арналған ерітінділерді, антисептиктерді, концентраттарды, сондай-ақ жуғыш және ағартқыш қасиеті бар таблеткаларды шығарамыз. Шикізаттың басым бөлігі Қытай, Ресей және Өзбекстан елдерінен әкелінеді. Қазақстанда химиялық шикізат өндіретін зауыттар аз болғандықтан, отандық шикізат ретінде тек этил спиртін қолданамыз. Пандемия кезінде сұраныс артты, ал қазір нарық жағдайы өзгерді. Жуырда ветеринария саласына арналған өнімдер де шығарылды, алайда негізгі басымдық медициналық бағытта қалып отыр, — деді ол.

Кәсіпорын директорының айтуынша, нарықтағы бәсекелестік жоғары болғандықтан, компания ғылыми зерттеулерге ерекше мән береді. Мәселен, өткен жылы дезинфекциялық майлықтар шығаратын жаңа өндіріс желісі іске қосылған. Сонымен қатар, бұған дейін көтерме саудамен ғана айналысқан компания енді бөлшек сауда нарығына шығуды жоспарлап отыр.

– Осы уақытқа дейін өнімдеріміз дүкен сөрелерінде сатылған жоқ. Алдағы уақытта онлайн дүкендер арқылы сатуды көздеп отырмыз. Бұған медициналық мекемелердің төлемдерді кешіктіруі себеп болды. Сол үшін Halyk және Forte Market секілді маркетплейстермен келісімшарт жасау жоспарда бар, — деді Б.Шаров.

Кәсіпорын 2018 жылы «Даму» қорына жүгініп, мемлекеттік бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру тетіктерін пайдаланған.

– Бірнеше траншпен 50 миллион теңгеден астам қаражат алдық. Несие бес жылға рәсімделіп, айналым қаражатын толықтыру мен өндірістік желілерді дамытуға бағытталды. Қазір бұл несие толықтай жабылды, — деді ол.

Компания басшылығы алдағы уақытта қарыз қаражатына сирек жүгінуді жоспарлап отыр. Негізгі назар ғылыми жобаларды іске асыруға, гранттар тартуға және өнімді сатудың жаңа арналарына бағытталмақ.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.