Мерзімді әскери қызмет атқару — әрбір жастың азаматтық борышы. Осы орайда өңірімізде күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Өткен айда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің орталық алаңына жиналған жасөспірімдердің алғашқы легі әскерге аттанып та кетті.
Болашақ сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуге аттанар алдында медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден және қызмет атқаратын әскери бөлімнің өкілімен сұхбаттасу сынағынан өтті. Сонымен қатар, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде әскерге шақыру кезеңінде шақырылушылар мен олардың ата-аналарымен Отан қорғау, Конституциялық борыш, әскер қатарына жөнелту дайындығы мен әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелеріне берілетін жеңілдіктер жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөнін-дегі орынбасары Алмасбек Бұхарбаевтың мәліметінше, биыл күзде өңірімізден сегіз жүзден астам азаматты әскери қызметке аттандыру жоспарланған. Яғни осы науқан барысында он сегізге толған азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылатын болады. Сала мамандарының айтуынша, бұл меже әр науқан сайын орындалып, әскерге аттандыру бойынша өңіріміз жылда жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
– Қазіргі уақытта өңіріміздегі әскери қызметке жарамды жасы 18-ге толған және 27-ден аспаған азаматтар әскерге шақыру қағаздарын алып, алдымен аудандық, одан кейін облыстық жинақтау пунктінде медициналық тексеруден өтіп жатыр. Егер денсаулығы жақсы болса, олар әскерге аттанады. Міне, осылайша күзгі шақырылымның алғашқы жігіттері медициналық тексеруден өтіп, қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысындағы шекара заставасына, Зайсан қаласына әскери борышын өтеуге аттанды. Жігіттер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде қызмет етеді, — деді ол. Сондай-ақ, Алмасбек Бұхарбаев болашақ сарбаздардың медициналық тексеруден өту кезінде денсаулығына байланысты шешім қабылданатынын жеткізді. Себебі, соңғы кездері аурушаң жастар көбеюде. Әсіресе, жастар арасында ең көп таралған диагноз – көздің көру қабілетінің төмендеуі.
– Күзгі әскерге шақыру кезінде барлығы 820 жасты шақыру жоспарлануда. Біздің әскерге шақырылғандар шекара қызметінен бөлек, Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін болады. Сарбаздардың алғашқы легі ҚР Қарулы Күштері десанттық-шабуылдау әскеріне азаматтық борышын атқаруға 1 жылға аттанды. Биыл Павлодар облысынан жоспар бойынша шекара қызметіне 150-ге жуық азамат, ҚР Қарулы Күштеріне 350-дей азамат шақыртылмақ. Көктемде әскерге шақыру науқаны барысында 920 азаматты әскерге аттандырдық. Шақыртылған азаматтардың ішінде 480-ге жуық адам медициналық тексеруден өтпеді. Денсаулығында кінәраты бар, отбасылық себептер бойынша және психологиялық тестілеуден өтпеген азаматтар мерзімді әскери қызметтен босатылды, — деді А.Бұхарбаев. Дәрігер мамандардың айтуынша, олар Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті парызым деп білетін, моральдық және психологиялық тұрғыдан мықты, физикалық жағынан мығым азаматтарға басымдық береді. Азаматтық борышын өтеуге аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулығының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Әскери бөлімге іріктеу мен бөліп тарату кезінде жастардың әскер қатарына шақырылғанға дейін алған мамандығы ескеріледі. Күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарайды. Оның отбасылық жағдайын сарапқа салады. Моральдық жағдайына баса назар аударады. Денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Себебі, оларға жүктелетін міндет жоғары. Күзгі шақырылымның алғашқы легін салтанатты түрде шығарып салуға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, Қарулы Күштер ардагерлері мен интернационалист жауынгерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ, әскерге шақырылушылардың туысқандары қатысты. Жас сарбаздарға қайтпас қайсарлық пен жасымас жігер тілей келген «Ауған және жергілікті соғыстардың ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қоры директорының орынбасары Төлеген Қоқымбаев 1978 жылдың күзінде өзінің де әскер қатарына шақырылып, шеру алаңында тұрғанын, бір жылдан кейін бұйрықпен Ауғанстанға борышын өтеуге аттанғанын еске алды.
– Павлодар қаласы мен облыстың барша ауғандықтары атынан жаңа өмірге қадам басқандарыңызбен құттықтаймын. Осы сәттен бастап сіздерге өте үлкен міндет жүктелді – бұл біздің мемлекетімізді, шекарамызды қорғау. Себебі ел мен жерді қорғау — қай заманда да ер азаматтың мойнына жүктелген міндет. Бүгінгі бейбіт күнде бұл қағида өз күшін жойған жоқ. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Әскердегі өмір — ер жетіп, бой түзейтін, құнды тәжірибе жинайтын тәрбие мектебі. «Ұлтыңа қызмет ету білімнен емес, мінезден болса», Отанды қорғау да ар-намыс пен мінезге байланысты. Еліміздің еңсесін тіктеп, көк байрағымызды көк аспаннан түсірмейтін, шекарада шеп құрып, елдің тыныштығын күзетіп жүрген сардар сарбаздар аман болсын. Әскерге шақырылған барша азаматтарға бақыт, денсаулық, табыс, әскерден аман-есен оралуын тілеймін, — деді ардагер. Жас сарбаздарды мерзімді әскери қызметке жөнелту алдында облыстық әскери комиссариат өкілдері мен республикалық «Сарбаз аналары» комитетінің басшысы Лилия Хайруллина шақырылғандардың ата-аналарының сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ол әскердегі жігіттер үшін ең алдымен темірдей тәртіпке бейімделу маңызды екендігін атап өтті.
– Әскери өмірге әркім әрқалай бейімделеді. Осыған байланысты сарбаздардың ата-аналары өздерінің балалары үшін көп алаңдайды. Кейбір адамдар азаматтық өмірде көпшіл болды, олар үшін әскерге, жаңа ортаға бейімделу қиынға соқпайды. Ал енді кейбір азаматтар тұйық келеді. Міне, әскери орта осы азаматтардың басын құрап, бір тәртіпке салады. Жаңа ғана әскер қатарына аттанған жасөсірімдер ертең-ақ, ер жетіп, есейіп келеді. Отан алдындағы борышын өтеп, нағыз ер азаматқа айналады, — деді ол. Әскер қатарына шақырылып, Шығыс Қазақстан облысындағы шекара заставасына аттанған жас сарбаздардың арасында екібастұздық жиырма жастағы Бекім Жұмаділ деген азамат та бар. Биыл жас сарбаз қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша колледжді тәмамдады. Дипломын алғаннан кейін жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеуді жөн санаған.
— Дипломды алғаннан кейін өз еркіммен әскери комиссариатқа келіп, сарбаздыққа сұрандым, осылайша, борышымды өтеуді жөн көрдім. Алдымен медициналық тексеруден өтіп, жарамды деп танылдым. Осылайша Зайсандағы шекара шебінде қызмет ететін болдым. Менің көптеген достарым да сол жерде қызмет етіп, әскери өмірлері туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Әкем мен немере ағам да — әскери адамдар. Әскер – әрбір ер жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Әрбір ер адам қауіп төнген сәтте өз отбасын, Отанын қорғауға дайын болуы керек. Сол себепті мен Отан алдындағы борышымды өтеуді үлкен жауапкершілік көремін, — дейді жас сарбаз. Алайда, бірі әскерге баруға қызығып, ниет білдірсе, енді бірі құлықсыз екендігі жасырын емес. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәлі-метінше, ондай жастармен учаскелік инспекторлар етене жұмыс істейді. Үйіне барып, ата-анасымен сұхбат жүргізіп, түсініктеме алады. Ал егер мұндай жасөсірімдер себепсіз әскерге барудан жалтарған жағдайда оларды құқық қорғау органдарымен біріге отырып іздестіру жұмысы жүргізіледі. Сондықтан қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта жас азамат міндетті түрде комиссариатқа келуі тиіс. Әйтпегенде ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша азаматтың «мен әскерге бармаймын, азаматтық борышымды өтемеймін» деген арызы түссе, 387-бап бойынша 1000 АЕК айыппұл төлейді немесе 1 жыл бас бостандығынан айырылады. Өз уақытында келмеген жағдайда әкімшілік кодекс бойынша 647, 648, 649 баптарға сәйкес айыппұл салынады. Отанды қорғау ортақ болса, заң да бәріне ортақ.
Сұрақ-жауап
— Әскерде борышын өтеп жүрген сарбаздар МӘМС жарналарын төлеу керек пе?
— Әскери қызметшілер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек ала алады. Осы екі пакет шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтер бойынша денсаулық сақтау ұйымдарына қаражатты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес әскери қызметшілер МӘМС жарналары мен аударымдарынан босатылды, яғни жұмыс берушілер олардың жалақысынан ұстап қалуды жүргізбейді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесінде әскери қызметшілердің мәліметтерін «Адамдарды арнайы есепке алу» ақпараттық жүйесіне ЖСН көрсете отырып енгізілген әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері есебінен алады. Олар бойынша деректерді әскери бөлімдердің, әскери басқару органдарының қызметкерлері енгізеді. Қор жүйесінде әскери қызметшінің ЖСН-і шыққан соң ол автоматты түрде сақтандырылған мәртебесін алады және жарналар мен аударымдарды төлеуден босатылады. Сондай-ақ, осы санаттағы адамдарды әскери-медициналық мекемелерге жоспарлы стационарлық емдеуге жатқызу тіркелген медициналық мекемеде «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы жүзеге асырылады.
Әзірлеген – А.МҰҚЫШЕВ.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.