Осы айдан бастап елдегі патронат тәрбиешілердің қызметтері үшін берілетін төлемақы мөлшері артты.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдерінің айтуынша, бұрын олардың қызметтеріне төленетін ақы 60 мың теңге болса, енді әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде 35 айлық есептік көрсеткішке көбейіп, 120 мың теңгені құрады.

Аталған комитет төрайымы Насымжан Оспанова мұндай қолдау бірқатар нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасылық құрылымы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін ақыны арттыру осы отбасыларда тәрбиеленетін балалардың өмір сүру деңгейін жақсартады деген ойдамыз, – деді Насымжан Оспанова.

Айта кетерлігі, бүгінде елдегі интернат ұйымдарында 3 мыңнан астам жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленуде. Соңғы 10 жылда балалар үйінің саны 2,5 есеге, ал ондағы тәрбиеленушілер саны 3 есе азайған. Бұған интернат ұйымдарын денституционализациялау, отбасылық орналастырудың балама нысандарын енгізу және жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды материалдық қолдау саясаты әсер етті, дейді мамандар.

Ал аймағымызда барлығы 65 патронаттық отбасы бар. Онда 100-ге жуық бала тәрбиеленуде. Патронат тәрбиешілер бұған дейін қолданыстағы заң талабы бойынша мемлекеттен төленетін жалақы мөлшері аз екенін айтып, бұл жағдай бала асырап алғысы келетіндерге кедергі болып отырғаны жайлы мәселе көтерген еді. Енді ол оң шешімін табуда. Алдағы уақытта патронат отбасылар саны артады деген үміттеміз.

Н.АҚЫТЕГІ.