Алдағы уақытта елімізде көпқабатты үйлердің төбесіне интернет байланысының антенналарын орнату үшін тұрғындардан рұсқат алу қажет болмауы мүмкін. Қазіргі таңда ҚР Цифрлық даму министрлігі тиісті заңға өзгеріс енгізіп, осы мәселені біржақты етуді ұсынып отыр.
Бүгінде мобильді байланыс антенналары мен мұнараларын орнатуды барынша жеңілдетуге бағытталған заң жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» сайтында жарияланған. Айта кетейік, қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң талабына сәйкес, байланыс операторлары тұрғын үй төбесіне қандай да бір жабдық орнату үшін пәтер иелерінің барлығынан рұқсат алуы тиіс. Алайда, көп жағдайда байланыс операторлары тұрғындар тарапынан қарсылыққа тап болады.
Сондықтан министрлік барлық пәтер иелерінің рұқсатын алу талабын заңнан алып тастауды ұсынып отыр. Яғни, ең бастысы — санитарлық қызмет мұнараны сол жерге орнату қауіпсіз екенін растаса болғаны. Сонда тұрғындардың келісімін алу қажет болмайды.
Бұл өзгерісті «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 42-5-бабына енгізу ұсынылып отыр. Жаңа тұжырымдамаға сай көпқабатты үйдің тұрғындардың ортақ мүлкіне санитарлық-эпидемиологиядық қорытындысы болған жағдайда, пәтер иелерінің жалпы жиналысының рұқсатынсыз жабдықты орнатуға болады
Министрлік бұл өзгеріс, біріншіден, байланыс сапасын арттыру мақсатында қолға алынғанын алға тартып отыр. Себебі, антенналар мобильді желінің сигналын күшейтеді, нәтижесінде байланыс тұрақты, ал интернет жылдамырақ болады. Мамандар бұл, әсіресе, қалалардағы жаңа шағын аудандар, шаһардың шеткі бөліктері, «ақ дақтар» бар аумақтар үшін аса маңызды екенін айтады. Ол рас, жаңадан салынған шағын аудандарда байланыстың тұрақсыздығы байқалады. Мәселен, Павлодар қаласында «Достық»
шағын ауданының тұрғыны Меруерт Құзайыр да интернет, мобильді байланыс бойынша кейде қолайсыздықтар туындайтынын жасырмайды. Мұндай мәселені шешу мүмкін болса, заңға өзгеріс енгізген де жөн деген пікірде ол.
Сонымен қатар, министрліктегілер заң жобасы қолдау тапса, қондырғыларды орнату жұмысы әлдеқайда жылдамдай түсетініне сенімді. Өйткені, бүгінде байланыс жабдықтарын орнату үшін рұқсат алуға көп уақыт жұмсалады. Әсіресе, тұрғындар келісімін бермесе, ұзаққа созылып кететін көрінеді. Жаңа тәртіп енгізілсе, байланыс операторлары артық қағазбастылықтан арылып, қондырғыларын тезірек «құтты орнына» қондыра алады.
Жаңа заң жобасына сәйкес, антенна құрылысына жоба мен рұқсат талап етілмейді. Қала құрылысы кодексіндегі өзгерістерге сәйкес, биіктігі 30 метрге дейінгі антенналық-діңгекті құрылыс уақытша нысан болып есептеледі. Бұл дегеніңіз оларды жобалық құжаттамасыз және құрылысына рұқсат қағазсыз орнату мүмкін болмақ. Сонымен қатар, жаңа тәртіп құпталса, байланыс мұнараларын жылжымайтын мүлік ретінде рәсімдеу қажет болмайды. Ол үшін Жер кодексіне бұл мұнаралар жылжымайтын мүлік ретінде мемлекеттік тіркеуге жатпайды деген нақтылау енгізу ұсынылып отыр. Ұсыныс іске асса, ұзақ уақыт алатын заңды рәсімдерден құтылуы ықтимал.
Жалпы, адамдар көбінде антенналар денсаулық үшін зиянды деп пайымдап, орнатқызудан қорқады екен. Санитарлық нормалар қауіпсіз деп тұжырымдайды. Десе де, халықтың бір бөлігінде сенімсіздік әлі де сақталуда. Әсіресе, пәтерінің дәл үстіне орнатылса, электр магниттік сәуле тарайды деп адамдар тағы үркеді. Енді бірі визуалды тұрғыдан үйдің сыртқы келбетіне нұқсан келтіреді деген ұстанымға берік. Салдарынан ондағы пәтер құнына кері әсер етеді деп топшылайды. Жобаны талқылауда мәселенің барлық оң-солы сараланбақ. Қазірдің өзінде кейбір адамдар бүгін рұқсатсыз көпқабатты үйдің үстіне орнатылса, бара-бара ортақ мүлік түсінігінің мәні кетіп, кез келген жерде көптің келісімінсіз келеңсіз әрекеттер бой алмай ма деген күдік те жоқ емес. Бұл мәселе, әсіресе, Астана қаласында жиі көтеріледі. Себебі, зәулім ғимараттардың жоғары жағына орнатпаса, біздегі жерге қойылатын базалық станциялардан жоғары қабаттарда тұратын елордалықтарға байланыс сигналы әлсіз жетеді.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің айтуынша, кейінгі кездері байланыс операторларының базалық станциялары бағандарға орнатылады. Бірақ кейде сол бағанның өзіне лайықты орын табу қиынға соғатын көрінеді. Сондықтан да кейбір тұрғындар байланыстың төмендігін алға тартады.
— Қаіргі заң бойынша бір ондаған поъезді, мыңдаған тұрғыны бар көпқабатты үйдің бір тұрғынынан шағым түссе, базалық станцияны алып тастауға жеткілікті. Біздің салада «ақ дақ» деген термин бар. Бұл — интернет жетпеген жерлер. Павлодар қаласының өзінде сондай 10 «дақты» анықтадық. Belline операторымен келісіп, екі мақсатты діңгек орнатуға келіскен едік. Бесеуіне ғана тиісті жерді рәсімдей алдық. Себебі, діңгек орнату үшін де ол учаскенің белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Кейбір жерде астында инфрақұрылымдық желілер бары анықталады. Мамандар «ақ дақ» болып тұрған аумақты толық қамтиын нүктені белгілейді. Егер не әрі, не бері орнатса, ол аумақққа жартылай ғана интернет жеткізе алады. Бұл — тиімсіз. Сондықтан, мамандар зерделеп, оңтайлысын анықтайды. Облыс орталығында «ақ дақ» деп танылған он учаскенің бесеуіне жер тауып, құжатын рәсімдедік, — дейді Ағыбай Қойшыбайұлы.
Заң жобасы маусым айының 10-ына дейін талқыланады. «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына жобаға үн қосып, кез келген азамат пікір білдіре алады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.