Сабақ кестесін әзірлеп береді

Қаз 30, 2025

Мектепте, кейін колледж, университетте оқығанда жыл басында сабақ кестесі ұзақ уақыт құрылып, ол реттелгенше біраз қиындықтар туындайтынын әркім біледі. Себебі, мұғалімдердің жүктемесін, пәндерін және кабинеттерді оларға ыңғайластыру үшін диспетчер мамандар тәуліктеп отырып, бас қатырады. Кесте құрастырылатын кабинетке кіре қалсаңыз, үстел бетін толық алатын ақ қағазға үңілген қызметкерлердің қызу тірлігін көресіз. Павлодарлық студенттер бұл жұмысты жасанды интеллект арқылы айтарлықтай жеңілдетіп, лезде жасаудың жолын тапты.

 

Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері оқытушыларының тапсырмасына сай жаңа жоба жасады. Аталмыш оқу орнының оқытушысы Дәурен Тәшімовтің айтуынша, ол әріптесі Светлана Тетеринамен бірлесіп, студенттерге тапсырма береді.

– Алдымен, әріптесім екеуіміз студенттерімізге сабақ кестесінің қолмен қалай құрастырылатынын түсіндірдік. Содан соң оларға бұл процестің барысын зерделеуді тапсырдық. Светлана Владимировна бір кездері диспетчер қызметін атқарған. Сондықтан, бұл бағыттың қыр-сырын бір кісідей біледі. Содан екі студентімізді қолмен қарапайым тә»сілмен сабақ кестесін түзуге үйреттік. Мұндай дағды алда аталған процесті бағдарламалау үшін қажет еді. Студенттерімізге қойылған басты міндет – жасанды интеллект көмегімен сабақ кестесінің автоматтандырылған жүйесін құру, — дейді Дәурен Қабдешұлы.

Студенттер алдымен деректер базасын әзірлеген. Яғни, бұл базаға оқытушыларды, олардың жүктемесін, пәндер мен кабинеттерді енгізеді. Бір сөзбен айтқанда, кесте құруға қажетті барлық ақпаратты қамтиды. Содан соң оқу жоспары жүктеледі. Сол жоспар негізінде кесте түзіледі. Барлық ақпарат деректер базасынан алынады.

– Мұнда кесте құрудағы түпкі нәтижеге жетер жолда басты делдал – жасанды интеллект. Бағдарламаның алгоритмі кестені құрады, кестенің деректері модельге жүктеледі. Жасанды интеллект ақпаратты өңдейді де ең дұрыс нұсқаны ұсынады. Диспетчер қарап, қажет болса, түзетулерін енгізеді, — дейді Дәурен Тәшімов.

Аталған жобаны жасау үшін студенттер 4-5 ай уақыттарын жұмсапты. Дәурен Қабдешұлы кез келген бағдарламада, жобада қолданысқа енгізілген соң мәселелер туындайтынын жоққа шығармайды. Сондықтан, студенттер әлі де жобаны жетілдіру үстінде. Колледжде сабақ кестесі бүгінде осы модельмен түзілуде. Өзге білім ордаларынан қызығушылық танытқандар да бар көрінеді. Алайда, құрастырушы тарап жасаған өнімдерін алдағы уақытта еш кіріссіз жұмыс істеуі үшін сынақтан барынша ұзағырақ өткізіп, кем-кетігін түгендеп алуға ниетті. Яғни, олар қалыпты нәтижеге қол жеткізгенге дейін тынбайды.  Бұл ретте, барлық жұмысты студенттер атқарады. Оқытушылары бағыт беріп келеді. Екі мектептен осы автоматтандырылған жүйеге тапсырыс түсіпті. Бірқатар студент мектептің сабақ кестесін құрастыру бағытында еңбектенуде, дейді колледж оқытушысы. Жалпы, сабақ кестесінің автоматтандырылған жүйесін жасауға 4 студент жұмылдырылған. Олар – Руслан Сыздықов, Илья Курышин, Асанәлі Өскенбай, Георгий Голубцов. Тынбай жұмыс істеген студенттердің бірі Руслан Сыздықов жобаның серверлік бөлігіне жауапты болыпты. Ол күніне орта есеппен 5-6 сағатын осы бағдарламаны түзуге арнаған.

– Бұл жобаның серверлік бөлігі мен генерация модельдерін оқытуға жауапты болдым. Генерация алгоритмдерін әзірлеу және модельдерді оқыту міндетіме кірді. Мұнда деректердің көптігі, оларды цифрлық форматқа көшіру ең күрделі шаруа болды. Сонымен қатар, қабаттасып кетпеуі үшінмодельдерді қайта оқыту да оңай болмады, — дейді Руслан Сыздықов.

Бұрын кесте құратын диспетчерлер тәуліктеп уақыттарын сарп етсе, студенттер құрған жүйе небәрі 1 минуттың ішінде түзіп береді.

Ақпараттық технологиялар коллед-жінде мамандардың жұмысын жеңіл-дететін бұдан басқа да жобалар бар. Мәселен, e-pedagog қосымшасы, оқытушыларға емтихан жұмыстарын тексеруде айтарлықтай қолғабыс болып отыр. Колледж оқытушысы Светлана Тетеринаның айтуынша, қосымша педагог жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

– Курстар арасындағы емтихандар барысында, WorldSkills жүйесі бойынша мемлекеттік емтихан тапсырғанда теориялық және практикалық тапсырмалар орындау қажет. Теориялық түсінікті, тест сұрақтарына жауап беру арқылы компьютер жауабын бірден шығарып береді. Ал практикалық тапсырманың әрқайсысын тиісті критерийлерге сай тексеріп шығу керек. 20 шақты критерий болуы ықтимал. Бір жұмысты тексеру үшін 30 минут, кейде одан да көп уақыт жұмсалады. Бір топта кемі
25 студент барын ескеріп, қаншама уақыт жұмсалатынын есептей берсеңіз болады. Міне, осындай жұмыстарды жылдам әрі сапалы тексеру үшін e-pedagog қосымшасы жасалды, — дейді Светлана Владимировна.

Мамандардың айтуынша, қосымшаға педагог студенттің жұмысын жүктейді. Мәселен, ол парақтағы графикалық материал делік. Яғни, макет немесе сурет түрінде жасалған. Жүйе жүктелген жұмысты критерийлерге сай тексере бастайды. Емтиханға дейін педагог тапсырманың критерийлерін жүктейді. Жүйе оқытушының оқу жұмыс бағдарламасынан алынған талаптарына қарай студенттің жұмысын бағалайды.  Оған небәрі 10-15 секунд жұмсайды. Жылдам әрі сапалы бағалайтын көрінеді. Жаңа қосымшаны колледждің графикалық дизайн бойынша 1 кәсіби модульмен жұмыс істейтін оқытушының басшылығымен бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығының студенттері ойлап тауыпты.

Қосымша бір жыл сәтті жұмыс істеген. Қазіргі таңда кең қолданылуда. Бұл ретте, ең бастысы жүйеге критерийлерді дұрыс енгізу қажет. Себебі, студенттердің жұмыстары жүктелген талаптар аясында бағаланады.

Осылайша, колледждің оқытушылары мен студенттері күнделікті оқу процесіндегі жұмыстарды жеңілдету жолында тың жобаларын жасауда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.