Соңғы жылдары ел назарын өзіне аудартқан Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығы «Самұрық-Энерго» компаниясының басқаруына өтті. Қала әкімдігі орталықты сенімгерлік басқаруға берді.
Ірі акционерлік қоғам екібас-тұздық станцияны «Energy Solution Center» ЖШС еншілес компаниясы арқылы басқарады.
— «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Екібастұз ЖЭО-да жиналыс өткізіп, «Energy Solution Center» ЖШС Бас директоры Айдарбек Қыстаубаевты, сондай-ақ оның өндіріс, қаржы және қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарларын таныстырды. Сонымен қатар, «Самұрық-Энерго» басшысы биыл жылу-электр орталығында энергети-калық қазандықтар мен қосалқы жабдықтардың бір бөлігін жөндеу жоспарланып отырғанын атап өтті, — деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Қайрат Мақсұтов станция басшылығына алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық пен жөндеу науқанын өткізу бойынша бірқатар тапсырма берді.
Айта кетейік, Екібастұз ЖЭО 1956 жылы пайдалануға берілген. Станцияда белгіленген электр қуаты — 12 МВт, жылу қуаты — 750 Гкал/сағ. Аталмыш орталық Екібастұз қаласын жылумен толық қамтамасыз етеді.
Өз тілшіміз.