Еліміздің жаһандық дамуына өз үлесін қосып жүрген талантты, дарынды жастар өте көп. Бүгінгі қазақтың өнерлі жас буын өкілдерінің ішінен кәсіби суретші Жасұлан Егеубайды да осы қатарға қосуға болады. Оның ұлттық болмыстан тамыр тартқан әр туындысы адамның жанына рухани азық, бойына күш-қуат сыйлап, ұлттық рухты көтеруге жетелейді. Желі қолданушылары Жасұланның салған суреттеріне тәнті болып, жұмысына жоғары бағасын беріп те үлгерген. Ендеше, жас суретшімен жақынырақ танысайық.
— Жасұлан, шығармашылық бастауыңыз туралы айтсаңыз… Бұл өнерге қалай келдіңіз?
— Сұрағыңызға рахмет. Кішкен-тай кезімнен түрлі үйірмелерге, байқауларға қатысып, мектептің плакаттарын салып, жан-жаққа көрініп, жүлделі орындар алып, үзбей сурет салып жүрдім. Үйірмеде оқып жүргеніме 2 жыл толғанда суретшілікке баулыған апайым маған: «Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мектеп-интернаты бар. 6-сыныптан соң сол жерде оқуыңды жалғастыруға болады», — деді. Сөйтіп, үйдегі-лермен ақылдасып, аталмыш білім ордасының мектеп-интер-натына құжаттарымызды тапсырдық. Оқу барысында суреттің қыр-сырын алғаш танып, оны салуды, қылқаламды ұстауды үйреніп, көптеген қажетті ақпа-ратты білдік. Содан бері бейне-леу өнерімен айналысып келе жатырмын.
— Жүргенов атындағы мектеп-интернатта оқыдыңыз. Одан кейін жоғары оқу орнына түстіңіз бе? Қай жерде білім алдыңыз?
— Мен сол Жүргеновке тапсырған кезде, бір қызығы, ең төменгі 14 балмен оқуға түстім. Үйдегілер «оқуға өттім» дегенімде қатты қуанды. Сөйтіп, сол жақта 9-сыныпқа дейін білім алдым. Кішкентай ауылдан Алматыға оқуға бару өзіме қиын болды. Не болса да, 9-сыныпқа дейін оқып, ары қарай Қосан Манап, Мақсат Шораханов деген кәсіби суретшілерден білім алдым. Содан бері сол кісілердің білімімен өнерімізді дамытып келе жатырмыз.
— Заманауи бағытта сурет салады екенсіз. Сондай-ақ, сурет салу стиліңіз де ерекше! Мұны қазіргі тілмен айтқанда стрит-арт деуге келе ме?
— Біздің үйренген, білім алған тәсіліміз – негізгі академиялық бағыттағы бейнелеу өнері. Ал қазіргі заманға сай дамып жатқан стрит-арт, скетч, мурал – олардың бәрі бейнелеу өнерінің түрлері. Бүгінде көбінесе монументалды бағытта сурет саламын. Монументалды кескіндеме деген жарға сурет салу болса, мурал – үйлердің сырттарына сурет салу. Қазір көбінесе осындай жұмыстармен айналысудамын. Осы жақында тері илеумен айналысатын, бүркіт ұшыратын жігіттер маған тері илеп берді. Мен өзіме тың, жаңа нәрсемен таныстым, теріге сурет салып көрейін дедім. Қолдан иленген қойдың терісіне суретті майлы бояумен салдық. Бұған 2-3 күн уақыт кетті. Оның жағылуы да, кебуі де 5-6 күнге созылды, кейде 7-8 күнге дейін уақыт алуы мүмкін. Теріге салынған суретте аңшылық, саятшылықпен айналысатын қазақтың бір дәстүрі бейнеленіп көрсетілген. Маған бұл суретті салдырған — Дәулет деген бүркітші жігіт. Оның қызығатыны бүркіт болғандықтан бүркітті бергі планға қойдық. Ар жағындағы бүркіттерді ұшырып отырған — аңшылар, құс бағатын бүркітшілер. Оның ар жағында Маңғыстаудың танымал Шерқала дейтін тауы бейнеленген. Тарихы тереңде жатқан таулардың бірі. Соны бейнелеп, көрсеттік. Осындай мақсатпен теріге сурет салдық, көпшілікке ерекше ұнады. Алдағы уақытта да теріге сурет салып, тағы да көптеген туындылар дүниеге әкелсек деген ойымыз бар.
— Әрбір өнер адамның бойына атадан балаға қанмен берілетіні немесе ұзақ еңбектенудің арқасында келетіні белгілі. Сіздің қасиетіңіз тума талант па, әлде еңбек пе? Өзіңізді қай топқа жатқызар едіңіз?
— Әр адамның өзіне сай әр түрлі түсінігі бар. Біреулер талант маңызды дейді. Біреулер еңбек маңызды дейді. Маған екеуі де маңызды. Талант болмаса, еңбегің болмаса, онда бәрі пайдасыз. Адамның өзінің ынта-ниеті де, оған кеткен еңбегі, уақыты да болмаса, ол шығармашылығын шыңдай алмайды. Мен өзімді екі топқа да жатқыза аламын. Бала күнімде нағашыларымның сурет салатынын көретінмін. Бірақ кәсіби деңгейде салғанын байқамадым. Өзімнің оқып, үйірмелерге қатысып, осындай жетістікке жетуімнің бәрі еңбектің де, таланттың да арқасында деп ойлаймын.
— Өзіңіз картиналарыңызды сатылымға қоясыз ба? Оған деген сұраныс қандай?
— Қазір көбінесе сатылымға қойылатындай суреттер салып жүрген жоқпын. Сатылымға әлі сурет шығарып көрмеппін. Жалпы ойымда бар. Қазақстанның көз тоймас көрікті жерлерін, Маңғыстаудың әсем табиғатын салып, қазіргі емес бұрынғы тарихи тұлғалардың портреттерін салып, сатылымға қойсам ба деген ойым бар. Бірақ қазір жарға салудан тапсырыс келген соң менің уақытым көбіне босамай жүр.
— Осы тұста біздің еліміздегі суретшілердің еңбегіне деген қолдау мен қызығушылық қай деңгейде екеніне тоқталсаңыз… Қазақстандағы сурет өнерінің бүгінгі жай-күйіне көңіліңіз тола ма?
— Жалпы суретшілерге деген қолдау жақсы деп айта алмаймын. Себебі, біздің жақта өнер, мәдениет жағы дамымай, ақсап тұр. Оны бағалайтын халықтың әл-ауқаты да қатты дамыған деп айта алмаймын. Көп суретші достарымнан естігенім де осы, бізде өкінішке қарай қолдау қатты көрсетілмеген…
— Өзіңіз білгеніңізді үйретіп, дайындап жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
— Білгенімді үйретіп жүрген шәкірттерім баршылық. Олардың жеткен жетістіктері өте жақсы.Деңгейлері де өздерінің жасына сәйкес. Тіпті, өзінің жасынан асып түсіп, бір айтқанды қағып алып, суретті жақсы салатын дарынды оқушыларым да бар. Барған жерлерінен үнемі бас жүлде, бірінші орын әкеліп, абыройымды көкке көтеретін шәкірттерім барына қуанамын. Басты мақсатым – елімізге шын мәнісінде еңбегі сіңер осындай көптеген шәкірттер дайындау, оларды өнер жолына бейімдеу, тарихи маңызы бар суреттер салу, осы суреттер арқылы замандастарымызды ұлттық болмысымызды терең танып-білуге шақыру!
— Сұхбатыңызға көп рахмет! Ойға алған барлық мақсатта-рыңыз орындалсын! Келесі ғажайыптарыңызды асыға күтеміз!
Сұхбаттасқан — А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.