Соңғы жылдары елімізде Үкімет тарапынан су шаруашылығына айрықша көңіл бөлініп, ел көлемінде ірі стратегиялық жобалардың жүзеге асып жатқаны белгілі. Су шаруашылығы саласындағы барлық жұмыстар бүге-шігесіне дейін «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының еншісінде. Биыл аталған кәсіпорынның Павлодар облыстық филиалының техникалық паркі жаңарып, арнайы техникалар мен құрал-жабдықтар жеткізілді.
Егіске су қашан жетеді?
Кәсіпорын республикалық және аймақтық маңызы бар су шаруашылығы объектілерін күтіп ұстау, пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, Ертіс өзені жағалауында орналасқан ірі егістік және шабындық алқаптарын сумен қамтамасыз ететін бірнеше суару жүйесін іске қосты.
Соның бірі – Май ауданындағы Майтүбек өндірістік учаскесі. Онда «Му Агро» ЖШС-нің иелігіндегі жалпы ауданы 1200 гектарды құрайтын егін алқабына су жеткізу үшін магистральді құбыр тартылып, су айдау станциясы орнатылды. Жоба өткен жылы аяқталып, қазіргі таңда фермерлердің игілігіне жұмыс істеуде. Екінші ірі жоба Железин ауданы Үрлітүп ауылының фермерлері үшін іске қосылды. Яғни, Ертіс өңірі өндірістік учаскесі арқылы «Болашақ Агро» ЖШС-нің 732 гектар алқабы сумен қамтылды. Майтүбекте жалпы ұзындығы
15 шақырым құбыр, Үрлітүпте 3 шақырымдық құбыр тартылды. Одан бөлек осы «ҚазСуШар» кәсіпорнының жоспарына сәйкес Май ауданы Қаратерек ауылындағы 4500 гектар жер учаскесін суару жүйесін қайта жаңарту жұмысы өз мәресіне жетті. Сондай-ақ, «Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылындағы «Жангөбек» ЖШС үшін жалпы көлемі 1063 гектар суармалы алқаптың инженерлік желілерінің құрылысы» жобасы аяқталды. Бұл жобалардың мердігері — «Қазсушардың» Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстық филиалдары. Дегенмен, бұған дейін Ақтоғайдың Әуелбек ауылында су магистралі толық іске қосылмай, егін алқабына су жетпей жатқаны туралы мәселе көтерілген болатын. «ҚазСуШар» кәсіпорнының Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Қанат Абдуалиевтің айтуынша, Ақтоғай ауданындағы «Жангөбек» шаруа қожалығы алқабының суармалы жобасына Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жауапты. Сондықтан, ресми ақпарат тарату құқығымыз жоқ, деп мәселені егжей-тегжейлі түсіндіре алмайтынын алға тартты. Бірақ, су тарту магистралін орнату жұмысы 99 пайызға орындалған. Мамыр айының соңына дейін толық іске қосылып, қалыпты жұмыс жүйесіне көшетін болады деді.
Суару алқаптары ұлғайды
«ҚазСуШар» РМК Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Оспановтың сөзінше, филиалдың балансында Беловод топтық су құбыры, Май топтық су құбыры, Шідерті магистральдік арнасы, Шідерті су өткізгіш трактісі, Ертіс өңірі тұрақты суару өндірістік учаскесі, Майтүбек өндірістік учаскесі, Қолыбаев лиман массиві сынды мекемелер мен шаруашылық нысандары бар. Су жайылу және тасу кезеңі басталғанға дейін Ертіс бассейндік инспекциясымен, төтенше жағдайлар департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, аталған суға жауапты мекемелер мен нысандардағы гидротехникалық құрылғыларға тексеру жүргізіледі. Бұл жыл сайынғы дәстүрлі шара болып саналады.
— 2025 жылғы қыс-көктем кезеңіндегі тасқын суларын қауіпсіз және апатсыз өткізу бойынша дайындық жоспары бекітілген. Осы жоспарға сәйкес екі бақылау бекеті ұйымдастырылды. Олардың бірі – Екібастұз ауылдық аймағындағы Мыңтомар ауылында және екіншісі – Ақтоғай ауданына қарасты Қарақоға ауылында. Осы бекеттер арқылы гидротехникалық құралдардың сақталуы, техникалық жағдайы және қар жамылғысының қалыңдығына бақылау жүргізілді. Гидротехникалық нысандарға баратын жолдар мен бөгеттер қардан тазартылды және ағындарды бекіту жұмыстары уақытында жүргізілді. Жауапты мекемелер арасында тәулік бойы кезекшілік кестесі бекітілді. Ал төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданының жергілікті атқарушы органдарымен және төтенше жағдайлар бөлімшелерінің жауапты өкілдерімен бірлесіп атқарылуы тиіс іс-қимыл жоспары әзірленді. Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде биыл үлкен су апаттары орын алған жоқ, — дейді Арман Оспанов.
Су тасу және жайылу маусымына орай арнайы техникалар дайындалды. Олардың санатына Shantui бульдозері, XCMG дөңгелекті экскаваторы, SHANMON экскаватор-жүктеушісі, ЭО-2621 экскаваторы, КамАЗ тартқышы, манипулятор, КС-35719502 автокраны, МТЗ-82.1 тракторлары Foton ассенизатор көлігі сынды басқа да қажетті техникалар кіреді.
Гидротехникалық құрылыстарда төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында Шідерті магистральді арнасы және Қолыбаев лиманды массивінің нысандарында еріген тасқын суларды реттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл сулар кейін лимандық суару жерлерінде пайдалануға бағытталады. Сонымен қатар су өткізгіш трактілер мен арналары ағаш-бұта өсімдіктерінен, қамыстан және лай тұнбаларынан тазартылды.
«ҚазСуШар» РМК Павлодар филиалы жыл сайын Шідерті су өткізгіш трактісі мен Шідерті магистральдік арнасы арқылы табиғатты қорғау мақсатындағы тиісті алқаптарға су жіберіледі. Осы жерден босатылған су Екібастұз ауылдық аймағы және Ақтоғай ауданының құнарлы алқаптарын сақтауға пайдаланылады. Сонымен қатар, Әулиекөл көлдер жүйесіне, Бәсентиін және Шығанақ көлдеріне құйылады. Одан бөлек, Шідерті лимандық алқабы да осы сумен суарылады. Бұл алқаптың жалпы ауданы 21 036 гектарды құрайды.
Жалпы, соңғы жылдары «ҚазСуШардың» технологиясымен суару алқаптары көбейген. Қазіргі таңда Екібастұз қаласының ауылдық аймағы Ақкөл және Сарықамыс ауылдық округтерінде 15 500 гектардан астам жерге су жайылды. Ақтоғай ауданындағы Жолболды және Басқамыс ауылдық округтерінде 2 900 гектардан астам жер суарылды. Жалпы алғанда, 18 400 гектар лимандық жерлерге су жіберілді. 2025 жылға ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің нұсқауымен табиғатты қорғау мақсаттарына 120 млн м3 су беру туралы өтінім мақұлдады.
— Бізде кәсіби мамандардың біліктілігін арттыру мәселесіне де көңіл бөлінуде. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен және инженерлік-техникалық мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында филиал қызметкері Қытай Халық Республикасына оқуға жіберілді. Оқу бағдарламасы табиғи апаттардан кейінгі гидротехникалық құрылғыларды қалпына келтіру және Қазақстандағы су шаруашылығы нысандарындағы жұмыстарды жоспарлау тақырыптарын қамтыды. Яғни, біздің қызметкерлер осы салада орын алатын апаттардың алдын алу және қалпына келтіруде халықаралық тәжірибеге сүйене жұмыс жүргізеді деуге болады, — деді филиал басшысы.
Техникалық парк жаңарды
Су тасқынына қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізу, су тасымалдау және гидротехникалық құрылғыларды күтіп ұстау мақсатында Павлодар филиалының автокөлік және арнайы техника паркі айтарлықтай жаңару үстінде. Бүгінгі таңда филиалдың балансында 70-тен астам техника бар. Оның ішіне автокөліктер, құрылыс машиналары, тракторлар, тіркемелер және қосалқы жабдықтар кіреді. Осы жылы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен 14 бірлік арнайы техника сатып алынды. Олардың қатарында фронтальді тиегіштер, бульдозерлер, әртүрлі модификациядағы экскаваторлар, экскаватор-жүктеушілер, ассенизатор көлігі, манипуляторлар, автокрандар және бұрғылау жабдықтары бар.
Тілеуберді САХАБА.