Сынақтар жүйелі жүргізіледі

Там 21, 2025

Облыстағы көпқабатты тұрғын үйлерде жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта ішкі жылу жүйелерін жуу, гидравликалық сынақтар, қажет болған жағдайда арматура мен вентильдерді ауыстыру, жертөлелер мен кіреберістерді ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар бекітілген жөндеу кестесіне сәйкес атқарылуда. Аталған жұмыстар осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталады деп көзделіп отыр. 

Айдана БОРАНБАЕВА

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов биыл энергия көздерінде 14 энергия блогын, 24 қазандықты, 5 турбинаны және 3 түтін мұржасын қоса алғанда, негізгі жабдықтың 46-сын жөндеу жоспарланғанын атап өтті. Бүгінде оның 20-сы жөнделіп, 19-ында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал жетеуінде жөндеу мерзімі әлі басталған жоқ. Сол сияқты электрмен жабдықтау желілерінде 2 115 шақырым желіні және 712 жабдықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 1 280 шақырым желі мен 513 жабдық қалпына келтірілді. Жылумен жабдықтау желілерінде 31,1 шақырым құбырды жөндеу жоспарланған. Бүгінде 28,7 шақырымы жөндеуден өтті.

— Павлодардың оңтүстік желілік ауданында сынақ нәтижесінде 69 ақау, солтүстігінде 51 ақау анықталды. Екібастұзда гидрав-ликалық сынақтар үш кезеңмен өтті. Нәтижесінде 143 ақау тіркелді. Ақсуда сынақтар жақында аяқталды. Қазіргі таңда жеті ақау анықталған. Оларды жою жұмыстары өткен аптада басталды. Бүгінде 394 автономды қазандық, 566 білім беру нысаны, 305 денсаулық сақтау мекемесі және 2499 көпқабатты тұрғын үйді жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды осы жылдың қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған, — деді Ержан Бейбітұлы.

Басқарма басшысы облыс тұрғындарының гидравликалық сынақтардың жиі өткізілуіне байланысты шағымдануына қатысты да пікір білдірді.

– Тұрғындар тарапынан «Жаз айлары бойы ешқандай гидрав-ликалық жұмыс жүргізілмейді» деген пікірлер көп түседі. Алайда бұл – теріс пікір. Регламентке сәйкес, гидравликалық сынақтар жылына екі мәрте өткізіледі. Біріншісі, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін желілердің беріктігі, қысым мен температурасы тексеріледі. Температуралық сынақтар екі жылда бір рет жүргізіледі. Екінші кезең барлық жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Яғни, жаз бойы жөндеу жүргіземіз. Одан кейін олардың тиімділігін бағалау үшін сынақтар өткізуге міндеттіміз. Одан бөлек, жылу желілеріндегі апаттылықтың деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, бұрын үш-бес шақырым желі жөнделсе, қазір көрсеткіш 31 шақырымнан асты. Бұл көлем ағымдағы жөндеулермен қатар, күрделі құрылыс жұмыстарына да байланысты. Мысалы, Павлодарда ТМ-20 учаскесінде алты шақырымдық желі салынып жатыр. Ал Екібастұзда ТМ-2 және ТМ-7 учаскелерінде бес шақырымдық желі жөнделді. Бұл жұмыстар жылыту маусымының сапалы өтуіне тікелей әсер етеді, – деді басқарма басшысы.

Ержан Бейбітұлы, сондай-ақ Ақсу қаласындағы сынақтардан кейін анықталған ақаулардың арту себебін түсіндірді.

– Бұрын моноқалада сынақтар тек магистральдік желілерде жүргізілетін. Қазір аулаішілік желілер де қамтылып отыр. Олар жалпы көлемнің шамамен 20 пайызын құрайды. Ақсуда 99 шақырым желі бар. Оның ішінде магистральды желілердің үлесі – 18–20 шақырым. Бұрын тек соларды сынақтан өткізетінбіз. Сондықтан өткен жылы ақау байқалмады. Биыл желінің барлық учаскесі сынақтан өтті. Бұл – қыс мезгілінде апаттардың алдын алу үшін жасалған шара, – деді ол.

Айта кетейік, облысты қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында 651 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған. Оның ішінде 240 мың тоннасы бюджеттік ұйымдарға, ал 411 мың тоннасы тұрғындарға арналған. Көмірдің негізгі бөлігі «Майкубен Вест» және «Богатырь Көмір» кеніштерінен жеткізіледі. Облыста көмір тапшылығына жол бермеу және бағаны тұрақтандыру мақсатында басқарма мен аталған көмір өндіруші компаниялар арасында облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандум осы жылдың соңына дейін күшінде болады.