Бүгінгі таңда Павлодар облысында ірі қара мал басын асылдандыру, ет-сүт өндіру және оны өңдеу ісі қарқынды дамып келеді. Бұған тек соңғы екі жылда облыста сегіз тауарлы сүт фермасы іске қосылғанын мысал етуге болады. Қазіргі уақытта өңірде осындай 36 заманауи ферма жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіру және өңдеу ауқымы ұлғая түспек. Мәселен, 2024 жылы өңірдегі бірқатар ірі шаруашылық сүт өндірісін көбейтіп, тауарлы сүт фермаларын асыл тұқымды ірі қарамен толықтыра түспек.  Алайда, «ауызы аққа жарымаған» жергілікті тұрғындар сиыр сүтінің бағасы едәуір қымбаттап кеткенін айтады. Тақырыпты тарқатып көрелік…

Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры

Бағзыдан тіршілік көзі саналған төрт түліктің берер пайдасы мол. Бірақ бейнеті де жетерлік. Бүгінгінің адамы таң азаннан кешке дейін жұмыста жүргендіктен, малдың күтімін қиынсынады. Сондықтан дайын өнімді сатып алғанды  жөн көретін секілді.  Қыстың күні қолдың сүті мен қатық-айранның бағасы жазға қарағанда біршама қымбаттайды. Мұның себебін мал баққандар жем-шөп бағасының көтерілуімен байланыс-тырса, сатушылар баға өсімін тауар жеткізушілерге сілтейді. Ал логистика саласындағы мамандар тасымал құнының қымбаттап кеткенін алға тартады.

— Сүт бағасы өңдеушілердің, көлік делдалдарының және трейдерлердің маржасына байланысты өзгеріп тұрады. Мәселен, сүт және сүт өнімдеріне қажет қаптамалар 30 пайызға қымбаттады. Көбіне оларды кәсіпкерлер көрші елден сатып алады. Сондықтан мұның барлығы сүттің бағасына әсер етіп отыр. Сонымен қатар, бағаның өзгеруіне сүт өнімдерін өндіретін құрал-жабдықтардың қосалқы бөлшектерінің 50 пайызға қымбаттауы мен жұмысшылар жалақысының көтерілуі әсер етті, — дейді мамандар. Жасыратыны жоқ, қазір екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады. Өйткені, үйдегі көңілді дүкендегі баға бұзып тұр. Аспандап кеткен азық-түлік бағасын бақылауға дәл қазір Үкіметтің де қауқары жетер емес. Соның салдарынан қарапайым халық табысының тең жартысын ішіп-жеуге жұмсауға мәжбүр. Әйтеуір баға бұлданып, ақша құнсызданып барады. Мәселен, қазіргі таңда облыс орталығындағы дүкендерде майсыздандырылған бір литр сүттің ең арзан бағасы — 315 теңге, ал майлылығы 3,2 пайыздық қою сүттің бір қаптамасы 400 теңгені құрайды. Ал бір литр айранның бағасы 415-450 теңге шамасында. Осылайша, жергілікті сүт өндіруші кәсіпорындар ауыл тұрғындарынан сүттің бір литрін 170-180 теңгеден сатып алып, өңдеп, 350 теңгеге саудалауда.

Облыстағы ахуал қалай?

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 10 айында өңірдегі шаруашылықтардың барлық санаттары бойынша 360,3 мың тонна сүт өндірілді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға артық. Сонымен қатар, облыста асыл тұқымды мал басы айтарлықтай артып, қазірдің өзінде 77 557 басты құрап отыр. Сүтті ірі қара малдың тұқымдық-өнімділік сапасын арттыру үшін 2019-2022 жылдар аралығында облыс шаруашылықтары симментал және голштейн-фриз тұқымдарының 8 540 басқа дейін импорттық асыл тұқымды аналық мал басын әкелді. Олардың көпшілігі Еуропа елдерінен тасымалданғанын айта кетейік. Ал биыл облыстағы асыл тұқымды ірі қараның саны 1 556 баспен толыға түсті. Атап айтсақ, «Агро Трейд ПВ» ЖШС (Павлодар ауданы) 736 бас голштейн тұқымын, «Ақтоғай-Агро» ЖШС (Ақтоғай ауданы) 364 бас симментал тұқымын және 136 бас голштейн-фриз тұқымын, «Галицкое» ЖШС (Успен ауданы) 320 бас аналық симментал тұқымын сатып алды. Әрине, мұның бәрі — мемлекет тарапынан субсидиялар түрінде көрсетілген көмек-қолдаумен қол жеткізген көрсеткіш. Мысалы, ағымдағы жылы өңдеуші кәсіпорындарды дамытуға 482,4 млн теңге, өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялауға 1070,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, өңделген сүт өнімдерінің өндірісін ұлғайту үшін жақында Павлодарда тағы бір сүт өңдейтін «Буренка» ЖШС бой көтерді. Оның іске қосылуы нәтижесінде ірімшік пен сүзбе өндірісі 35 пайызға артпақ. Ауыл шаруашылығы басқар-масының соңғы мәліметтеріне сәйкес, облыста өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артқан. Оның ішінде ірімшік пен сүзбе өндірісі 16,6 пайызға, сары май өндірісі 23,3 пайызға өсті. Алайда өңірде құрғақ сүтті өндіру көрсеткіші төмен.

Мемлекеттік қолдаудың шарапаты

Жуырда Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті туралы айта келе, сүт өнеркәсібіне жеке тоқталды. Министрдің айтуынша, сүт өңдеуді дамытудың тежегіш факторы шикізаттың тапшылығы мен қымбаттығы болып отыр. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін елімізде өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы сүт фермасын құруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Павлодар облысына 9,8 млрд теңге тиесілі. Сондай-ақ, алдағы екі жылда мұндай 50 ферманың құрылысына тағы 113 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл импортқа тәуелділікті 573 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың төрағалығымен аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, субсидия арқылы өңірде сүт өнірісінің әлеуетін арттыру жобалары қарастырылды. Жиынға «Ауыл» партиясы өңірдегі филалының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, ветеринария бөлімінің, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысып, сүт шаруашылығын дамытудағы бірқатар ірі жобамен танысты. Отырыс барысында комиссия мүшелеріне сүт өңдеу кәсіпорындарының 3 жобасы ұсынылып, мемлекеттік қолдауға ие болар жобалар дауыс беру арқылы анықталды. Нәтижесінде, келер жылы «Галицкое» ЖШС инвестициялық жоба аясында 320 бас симментал тұқымды ірі қара мал сатып алып, мал азығын ұлғайтуды жоспарлауда. Осылайша, шаруашылық 2024 жылы толықтай жабдықталып, жобалық қуаты 1000 басқа жетпек. Ал сүт өндірісінің көлемі 2 400 тоннаға артпақ. Аталмыш жобаның құны 500 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, комиссия отырысында «БиК» ШҚ, «КроносПавлодар» ЖШС-нің жобалары да оң нәтижеге қол жеткізіп, мемлекеттік қолдауға ие болды.

 Жалпы, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында көптеген сауда орындары азық-түлік бағасын өсіріп жіберетіні белгілі. Осынау «алтынға бергісіз ас» пен қымбат тағамдардың қасында сүттің бағасы да 15 пайызға көтерілгені ғажап емес. Мұнымен қоса ағарғаннан алынатын өнімдердің бағасы да шарықтап кеткен. Қысқасы, арқаны мұздатып, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес. Өйткені бағаның қашан тұрақтанары белгісіз. Ал өскен бағаның қайта түспейтіні де белгілі.

А.МҰҚЫШЕВ.