Павлодар қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан Достық шағын ауданында әу баста көркі көз тартатын әдемі ғимараттар мен 12-16 қабатты зәулім үйлер салынады деп жоспарланған еді. Сол үшін Астана қаласынан арнайы жетекші жобалаушылар да шақырылған. Ал бүгінгі күні мұнда неге мүлдем басқа үлгідегі қарапайым тұрғын үйлер тұрғызылуда? Бұл сұрақ көпшілікті толғандырып отырған жайы бар.

 

Жақында аймағымызға ат басын бұрған Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов дәл осы мәселені көтерді. Облыс орталығындағы құрылыс жұмыстары мен заманауи сәулет өнеріне қатысты жиын өткізген халық қалаулысы кезінде өзі Павлодар қаласында әкім болып тұрған уақытта Дачный шағын ауданының жаңа жобасы жасалғанын, бірақ қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар оған мүлдем сәйкес келмейтінін сынға алды.

— Дачный жақта салынатын Достық шағын ауданында жоспар бойынша монолитті-рамалық типтегі әдемі көпқабатты үйлер тұрғызылуы тиіс болатын. Яғни, жоспар бойынша заманауи үлгідегі ғимараттар салынуы керек еді. Осы мақсатта елордадан білікті мамандарды да шақырған едік. Енді қарап отырсақ, Кеңес дәуіріндегі жоба бойынша қызыл және сұр кірпіштерден 9 қабатты тұрғын үйлер салынуда. Нәтижесінде, түсініксіз түстегі жаңа шағын аудан бой көтеруде. Бұған не себеп? Президенттің әдемі заманауи қалаларды салу туралы тапсырмасы бар. Неліктен жобалық құжаттамаға өзгерістер енгізілді? — деді Нұржан Әшімбетов. Сондай-ақ, ол бұл шағын аудан облыс орталығына әуежайдан кірген кездегі шаһардың бет-бейнесі болуы керек екенін айтты. Аталмыш мәселеге қатысты сөз алған аймақтың бас сәулетшісі Бақытжан Әлімғазинов бастапқыда бағаналы, ерекше үлгідегі 12-16 қабатты тұрғын үй ғимараттарын салу жоспарланғанын мойындады.

— Бұл жоспардың өзге-руіне әлеуметтік мәселелер себеп болды. Яғни, тұрғындарды тезірек баспанамен қамтамасыз ету үшін классикалық үлгідегі үйлер тұрғызу керек болды, — деп түсіндірді. Сонымен қатар, бас сәулетші аталған ғимараттардың сыртқы көркі көз тартуы үшін эстетикалық элементтер қарастырылатынына уәде берді. Демек, Достық шағын ауданындағы көпқабатты ғимараттардың сырты сұрықсыз көрінгенімен, оған сән беретін заманауи үлгідегі түрлі формалар жасалып, әлем-жәлем дүниелермен безендіріліп, әдемі әйнектер салынады деп жоспарлануда. Бұл жағдайға көңілі көншімеген Нұржан Әшімбетов бюджет қаржысы барлық облыс орталығы үшін бірдей екенін, соған қарамастан, өзге қалаларда әдемі ғимараттар салуға ақша табылатынын тілге тиек етіп, бұл мәселені алдағы уақытта тағы да талқылайтынын ескертті. Атап өтерлігі, павлодар-лықтар да кіреберістегі Достық шағын ауданы ерекше әдемі әрі әсерлі болуы керек екенін алға тартуда. Солардың бірі, Павлодар қаласының тұрғыны Марат Уахитов:

— Мен жаңадан салынып жатқан Достық шағын ауданында жер үйде тұрамын. Бұл аудан қаланың беткеұстар бейнесі болуы тиіс. Алғаш рет осы шағын ауданның бас жоспарын көргенде таңқалған едік. Өкінішке қарай, қазір бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ көпқабатты үйлер көзді ашып-жұмғанша қаптап жатыр. Оның сапасына да күмәніміз бар. Ол – басқа әңгіме, әрине. Дегенмен де, мұндай бір типтегі ғимараттармен ешкімді таңқалдыра алмайтынымыз анық. Сондықтан бұл шағын ауданның ерекше болуы үшін сәулетшілер аянбай еңбек етуі тиіс деп ойлаймын. Қаланың көрікті болуы – ел дамуының басты көрсеткіші деп білемін, — дейді.

Сонымен, қалалықтар асыға күткен жаңа шағын аудан болашақта қандай кейіпте болатыны әзірге беймәлім. Бір анығы, ғимараттар сұрықсыз болса, сәулетшіге сын! Ал алыстан мен мұндалап, жайнап, жарқырап тұрса — нұр үстіне нұр!

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.