«Халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдау – біздің тікелей міндетіміз»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі түсінікті. Өйткені ауызсудың сапасы ел тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Осыған сәйкес, бүгінгі таңда облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жобалар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы елімізде 3100 шақырым сумен жабдықтау желісі салынып, қайта жаңартылды. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 98,9 пайызы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде қала тұрғындарының 99,4 пайызы және ауыл тұрғындарының 97,8 пайызына сапалы ауызсу қолжетімді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2024 жылы еліміздің 6 топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жоба аяқталды. Бұл 208 мың тұрғыны бар 49 елді мекенді сумен қамту сапасын жақсартты. Сонымен қатар, еліміздің 9 облысында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 23 жобаны іске асыру басталды. Барлық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 420 елді мекенді сумен қамту сапасын жақсарту үшін 2100 шақырымнан астам су құбыры салынады. 162 мың тұрғыны бар 67 елді мекен орталықтанды-рылған су жүйесіне қосылады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды. Мекеме еліміздегі су тапшылығы бар өңірлерде жерасты су ресурстарын игеру және пайдалану үшін іздеу-барлау жұмыстарын жүзеге асырады. Республиканың батысындағы елді мекендерді жерасты көздерінен ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Болжам бойынша, Қазақстандағы жерасты суларының қоры шамамен 40 млрд текше метр, оның 15 млрд текше метрі пайдалануға дайын. Елімізде жыл сайын ауызсу қажеттілігі үшін 1,2 млрд текше метр су жұм-
салатынын айта кеткен жөн. Жерүсті суларының көлемін ұлғайту үшін 2030 жылға қарай жалпы көлемі 2,6 млрд текше метр су жинай алатын 42 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр.
— Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су саласын цифрландыру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру және құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу, сондай-ақ, ірі елді мекендерде тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулық бекітілді. Су үнемдеу озық технологияларын енгізуді жеделдету аясында кәсіпорындарды өнеркәсіпте суды қайта пайдалану жүйелеріне көшуге ынталандыру бойынша іс-шаралар әзірленді.
Павлодар облысында су шаруашы-лығы инфрақұрылымын толық жаңғырту, суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу, суды есепке алу жүйесін цифрландыру, ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауызсумен қамту үшін жер асты су кен орындарын, су көздеріне іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан уәкілетті органдар тарапынан су қорлары бекітілуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың мәліметінше, облыс бойынша тұрғындардың таза ауызсуға қолжетімділігі шектеулі ауылдық аймақтарда да ерекше назарға алынуда. Мәселен, облыс әкімдігі салалық министрліктің қолдауымен 2020 жылдан 2024 жылға дейін ауылдарда су құбырларын салу бойынша 112 жобаны іске асырды, 631,7 шақырым су құбыры салынды және 81,9 шақырым сумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды. Нәтижесінде, 35,2 мың тұрғын таза ауызсуға қол жеткізді.
— Ауылдарда заманауи су құбыры жүйелерін салу — ауыл халқының өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсарту жолындағы маңызды қадам. Қазақстан Республикасының Президенті «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасына сәйкес «барлық елді мекендердің ауызсуға 100 пайыз қол жеткізуін қамтамасыз ету» міндетін қойды. Бүгінгі таңда 352 ауылдық елді мекеннің 234-і орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізілді, 92 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылған және 4 ауылда топтық су құбырынан бағаналар бар. Ал қалған 22 ауылдық елді мекенде ұңғымалардан су пайдаланылады, — деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, 2024 жылы ауылдарда 14 су құбыры пайдалануға берілді. Оның ішінде Баянауыл ауданының Торайғыр, Баянауыл және Күркелі, Павлодар ауданының Қаракөл, Ақтоғай ауданының Барлыбай, Жамбыл, Жоламан, Железин ауданының Есқара және Петропавловка, Успен ауданының Қаратай және Вознесенка, Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылдары бар. Осы жобаларды іске асыру ауыл халқының таза ауызсуға қолжетімділігін 98,2 пайыздан 99,1 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
2025 жылы Баянауыл ауданы Шоманкөл, Шонай және Ж.Аймауытов (Үйтас ауылын қосумен) ауылдарында 3 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан басқа, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тоқсан сайын сапа стандарттарына сәйкес су сынамаларын іріктеп алады. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша су сынамаларының талап етілетін нормаларға сәйкестігі анықталған кезде жергілікті атқарушы органдар қызмет көрсететін кәсіпорындармен бірлесіп ауызсу сапасына сәйкестік бойынша іс-шаралар жүргізеді.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.