Жыл санап Баянауыл баурайында демалушылар қатары көбейіп келеді. Бұл жақсы, әрине. Десе де, қоқысты қалдырып, тау-тасқа сурет салып, жазу жазатындардың да саны күрт артты. Табиғатқа немқұрайлы қарайтын жандардың әрекеттерін белсенділер тазартты.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен 8-9 маусым күндері Баянауыл ауданында жыл сайынғы «Таза Баян – Таза жүрек» атты экологиялық сенбілік өтті. Басқармаға қарасты туризм бөлімінің басшысы Дархан Ермағамбетов мұндай сенбіліктердің тұрақты өткізілетінін атап өтті. Осылайша, ол жергілікті тұрғындарды сенбілік өткізіп қана қоймай, қоршаған ортаны ұқыпты ұстауға шақырды.

— Баянауылдың табиғаты кез келген адамды тамсандырады. Көл жағасына, тау бөктеріне келгендер демалу мәдениетін үйренсе екен дейміз. Айналаны қоқысқа толтырмай, ең болмаса өздерінің қоқыстарын тазалап кетсе екен. Мұндай экосенбіліктерді жиі ұйымдастырып тұратын боламыз. Биыл Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдерінің жағалауы, Кемпіртас, Қоңыр әулие жартастары қоқыстан тазартылды, — деді Дархан Ермағамбетов.

Сенбілікке «Жасыл ел» жасағының белсенділері, студенттер қауымы мен табиғат жанашырлары қатысып, аудан әкімдігі мен Баянауыл ұлттық табиғи паркі қолдау көрсетті. «Жасыл ел» Павлодар облыстық штабының жетекшісі Русана Сәмекованың айтуынша, олардың жасағы бұл сенбілікке екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Екі күнге созылған экосенбілік нәтижесінде табиғат жанашырлары 300 қаптан астам қоқыс жинады.

— Жыл сайын бұл акциядан шет қалмаймыз. Бұл – керек шара. Мақсатымыз – жазғы маусымның алдында жағалауларды, саябақтар мен скверлерді қоқыстан тазарту. Іс-шара жұрт назарын қоршаған ортаның ластану мәселесіне, табиғатты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызына аударуға бағытталды. Демалушылар көп қоқыс тастайды. Оның ішінде пластикалық бөтелкелер мен металл банкалар көп. Адамдардың табиғатты қорғамайтыны өте өкінішті. Табиғатқа деген қамқорлықты кез келген адам алдымен өзінен бастауы керек, – деді Русана Сәмекова.

 

Өз тілшіміз.