«Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс…»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халыққа Жолдауынан.
Өкінішке қарай, елімізде инженерлік желілердің тозу көрсеткіші күн санап артып келеді. Салдары соңғы жылдар байқалып та жатыр. Сондықтан, бұл мәселе мемлекет деңгейінде қолға алынуда. Мемлекет басшысы коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба бекітуді де тапсырды. Ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудың да өзектілігін алға тартты. Тіпті, нақты ережелер түзу қажеттігін тапсырды. Бүгінде Президенттің тапсырмасынан кейін нақты қадамдар жасалуда. Тарифті санауда саралау қағидасы қалай ескеріледі? Тұтынушыларды қандай өзгеріс күтіп тұр? Тозған құбырлар мен желілерге қандай қаржы көздерінен жөндеу жүргізілмек? Инвестициялық бағдарламалар не береді? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовпен тілдескен едік.
— Нұрлан Әуелбекұлы, өңіріміздегі табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты қандай реттеу, қадағалау жұмыстарын жүргізесіздер?
— Павлодар облысында 55 табиғи монополиялар субъектісінің қызметтері реттеліп, қадағаланады. Яғни, олардың тарифтерін, инвес-тициялық бағдарламаларын бекітуге қатысамыз. Кейін белгіленген тариф аясында жыл сайын есеп алынады. Егер бекітілген қаржы негізгі жұмсалмай, жоспарлар орындалмаса, уақытша өтемдік тариф белгілейміз. Бұл дегеніңіз, тұтынушылардан алған табысты негізгі кәдеге жаратылғаны үшін сол табыс кері қайтарылады. Сәйкесінше, қолданыстағы тарифтің төмен-деуіне септігін тигізеді. 55 субъекті реттелетін 87 қызмет түрін атқарады. 55-тің 18-і аймағымызда ірі табиғи монополиялар субъектісі санатына жатады. Сондықтан олардың қызметіне инвестициялық бағдарламалар бекітілген. 2027 жылға дейін инвестициялық бағдарламалар аясында 64 млрд теңге көлемінде қаржы тарту көзделген. Соның ішінде 2023 жылы қолға алынған «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша 2023-2024 жылдары коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңалауға немесе қайта құруға, сатып алуға 15,3 млрд теңге қосымша қаржы тартылды.
— Жалпы, инженерлік желілерді жаңартуға қаржы қайдан тартылады?
— Біріншісі — субъектілердің өзінің қаржысы. Яғни, қолданыстағы активтерден түсетін әрі амортизацияның қалған сомасымен анықталатын пайда. Екіншісі — несие түрінде алынатын қаржы. Несие алынып, сосын инвестициялық іс-шаралар жүзеге асырылады. Үшіншісі – өзге де қаржы көздері. Мәселен, мекеменің құрылтайшысы қаржы бөлуі мүмкін. Реттелмейтін қызметтерден түсетін қаржы арқылы да бірқатар шаралар жүргізілуі ықтимал. Жоғарыда айтқан 64 млрд теңгеден бөлек, мемлекет те қолдау білдіруде. Биыл Үкіметтің резервінен 9 млрд теңге аймағымыздың үш қаласына бөлінді. Облыс қазынасынан 3,6 млрд теңге қарастырылды. Инвестициялық бағдарламалар, биыл атқарылуы тиіс іс-шаралардың қаншалықты деңгейде іске асқанын келесі жылы тексеріп, оңы мен солын анықтаймыз. Орындалмаса, уақытша өтемді тариф арқылы тұтынушыларға қайтарылады.
— Қазір салынып жатқан инвестициялар жеткілікті ме? Тозығы жеткен құбырларды ретке келтіруге мүмкіндік бере ме?
— Әлбетте, жеткіліксіз. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, жылу энергиясын алатын болсақ, Павлодар қаласында 700 шақырымнан аса жылу құбыры бар. Биыл 2 млрд теңгеге тек қана 2,1 шақырым жылу құбыры ауыстырылды. 700 шақырымды ескерсек, тым аз. Сондықтан, осы бағытта инвестицияларды ұлғайтуға күш саламыз. Қарастырылған қаржының негізді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз. Себебі, инвестициялар тартудың басты мақсаты қыс мезгілінде тұтынушылардың жылусыз қалмауын қамтамасыз ету ғой. Халықты сумен, жылумен, электр қуатымен үздіксіз қамтудың қамы. Мемлекет те қаржы бөліп, тікелей көмектесіп жатыр. Қосымша көмек ретінде тарифтерді саралаған кезде мемлекеттік мекемелер жүктемені өзіне алып, тағы да жәрдемдесіп отыр.
— Инвестициялық бағдарла-малардың ашықтығы қанша-лықты қадағаланады?
— Қаржының негізді жұмсалғанын тексеру, бұл қадағалауды күшейту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Мәселен, биыл «Табиғи монополиялар туралы» заңына жаңадан норма енгізілді. Сол нормаға сәйкес, біз келесі жылдан бастап комиссиялық түрде тексере аламыз. Яғни, қоғамдық мониторинг институты жұмысын бастайды. Комиссия ретінде табиғи монополиялар субъектілерінің объектілеріне барып, сол инвестициялық бағдарламалардың ішіндегі іс-шаралардың нақты орындалғанына көз жеткіземіз. Біздің мамандардан бөлек, депутаттар корпусының мүшелері, қоғам белсенділері, жергілікті атқарушы орган өкілдері тартылады. Одан бөлек, елімізде «монополист базасы» атты электронды порталы бар. Мұнда табиғи монополиялар субъектілерінің барша инвестициялық бағдарламалары, тариф өзгертуге қажеттіліктері, негізді құжаттары көрсетіліп тұрады. Бұл платформаға тұтынушылар да кіріп, қандай құжаттар жүктелгенін, қандай есеп, келісімшарттар жасалып жатқанын көріп, тексере алады. Сонымен қатар, заңнама талабына сәйкес, монополистер жылына екі рет тұтынушылар алдында инвестциялық бағдарламалардың орындалуы туралы есеп береді. Әр айдың алғашқы бейсенбісінде фейсбук парақшамыз арқылы тұтынушыларды қабылдаймыз. Оған монополистер де қатысып, тұтынушылар сұрақтарына жауап береді. Тарифтер өзгеретін жағдайда жария тыңдау өткіземіз. Мұнда монополист тұрғындарға өзінің экономикалық қажеттіліктерін дәлелдейді. Тариф бекіту кезінде халықтан түскен талап-шағымдар ескеріледі.
— Тариф демекші, алдағы жылы тариф санауда саралау қағидаты басшылыққа алы-натын көрінеді. Осыған кеңірек тоқталсаңыз…
— Мемлекет басшысы Жолдауда бұл жөнінде атап өтті. Яғни, кім көп тұтынса, сол көбірек төлеуі тиіс қағидасы ескеріледі. Елімізде «Тарифті қалыптастыру қағидалары» деген заң аясында қабылданған нормативтік-құқықтық акт бар. Онда тариф қалыптастыру ережесі жазылған. Енді оған тарифтерді саралау бойынша жаңа механизм қарастырылып отыр. Бұл әлеуметтік нормалар деген жаңа ұғымға сай келмек. Осы нормаға сай сараланған тарифтің негізгі принциптерін мысал түрінде көрсетіп өтейін. Мәселен, сумен қамтуға келсек, халық тобына жататын тұтынушылар төрт топқа бөлінбек. 1 адам айына 1-3 текше метр көлемінде су тұтынса, оған ең төменгі тариф бекітіледі. 3-5 текше метр шамасында тұтынған тұрғынға тариф ең төменгіден сәл жоғары болмақ. 5-10 текше метр су қолданса, тариф тағы да көбірек болады. Ал 10 текше метрден жоғары су тұтынған тұрғын судың ақысын ең жоғары тарифпен төлейді. Су — ресурс, оны үнемдеу мақсатында осындай қадам жасалып отыр. Жылу баспананың шаршы метрімен сараланады. Мұнда тұрғындар үш топқа бөлініп қарастырылмақ. Пәтерінің ауданы 100 шаршы метрге дейінгі азаматтарға ең төменгі тариф белгіленсе, 100-200 шаршы метрлік баспанасы барлар алғашқыларға қарағанда жоғарырақ тарифпен төлейді. 200 шаршы метрден артық ауданы бар баспанада тұратындардың жылу ақысы ең жоғары тарифпен байланыстырылады. Былайша айтқанда, әлеуметтік жағдайға қарай сараланып отыр. Бұл өзгерістер 2025 жылдың қаңтарынан қолданысқа енеді. Аталған жаңа механизмнен түсетін қосымша табысты табиғи монополиялар субъектілері тағы жөндеу, жаңғырту, жаңалау жұмыстарына жұмсауға міндеттеледі. Егер олай болмаса, қаржы тұтынушыларға қайтарылады. Нақты мысал бар, «Павлодар водоканал» кәсіпорнына 174 млн теңге көлемінде уақытша өтемдік тариф бекіттік. Соның есебінен тариф 72 теңгеден 71 теңгеге түсті. Жалпы, тарифті саралаумен санау инфрақұрылымды жаңғыртуға жаңадан қосымша қаржы көзі ретінде қолға алынып отыр. Әйтпесе, құбырлардың тозу көрсеткішінің соңына жете алмаймыз. Апаттар жиілеп, салдары ауыр болатыны анық.
— Осы орайда, сараланған тарифтер қазіргі тарифтерден жоғары бола ма?
— Тарифтер әлі белгісіз. Қазіргі таңда тек формулалары ғана ойлас-тырылды. Тарифтің қалыптасуы — бөлек әңгіме. Талдау жүргізіп, есептеледі. Монополистер оны реттеп, департаментке ұсынуға міндетті. Бір айта кетерлігі, ең төменгі деңгейі қазіргі қолданыстағы тарифке сәйкес болады. Саралау бойынша ең жоғары тариф ең төменгіден екі есе жоғары болуы мүмкін.
Өзге өңірлермен салыстырмалы талдау жүргізіп отырамыз. Мәселен, суды алсақ, жеке тұлғалардың тарифтері жағынан елімізде 11-орындамыз. Бізде бір шаршы метр судың құны ҚҚС-сыз 72,58 теңге болса, Маңғыстауда ең жоғарғы тариф — 307,06 теңге. Кәріз жүйелері бойынша бізде ең төмен тариф деуге болады, 19-орындамыз. Өңірімізде — 31,46 теңге. Ең жоғарғы тариф Қарағандыда — 190,18 теңге. Жылу энергиясы бойынша 11-орындамыз. Бізде
1 ГКал үшін 3727,79 теңге болса, Алматыда – 7508,08 теңге. Жалпы алғанда тарифті жоғарылатуға жол бермеу мақсатында жұмыс істейміз. Кәсіпорынның экономикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету және тұрғындардың әлеуметтік ахуалын тең ұстауға тырысамыз. Екеуі де — басым бағыттар. Өйткені, кәсіпорынның техникалық-экономикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуді ескермесек, оның да салдары оңай емес. Халықтың да қалтасына салмақтың түспеуін қарауымыз қажет.
— Соңғы уақытта айма-ғымызда қай монополистен тариф көтеруге қатысты өтінім түсті?
— Биыл судың тарифін бір рет ақпан айында жоғарылаттық. Оған негізгі себеп — қосымша инвестициялар тарту. 2023 жылы кәсіпорын өзеннен алынған суды дайындау нысанына дейін жеткізетін құбырды жаңартуды бастады. Бұл аралықты байланыстыратын 4,6 шақырым құбырдың 90 пайыздан астамы тозған. Естеріңізде ме, биыл қаламыз екі күн сусыз қалды. Бұл құбырды 2025 жылы толық ауыстырып бітіреді. Былтыр 250 метр аралық жаңартылды. Биыл бір бөлігі, келесі жылы қалғаны ауыстырылады.
Одан бөлек, электр энергиясы өсті. Себебі, электр энергиясын өндіруші және сатушы компаниялар бағасын өсірді. 2023 басында 12 теңгеден болса, биыл 14 теңгеге дейін өсті. Осы екі теңгелік айырмашылық аймағымызға
2,4 млрд теңге қосымша жүктеме әкелді. Сәйкесінше, тариф көтерілді. Жалпы, электр өндіруші ұйымдардың тарифін энергетика министрлігі, соның ішінде есептік-қаржы орталығы реттейді, бекітеді. 2023 жылы энергияны сатып алу, сату жүйесі толық өзгерді. Бұрын жеке келісімшартпен сатып алынса, сатылса, қазір бір көзден сату, сатып алу институты құрылды. Есептік-қаржы орталығы барлық өндірушілерден электр энергиясын сатып алып, қосып, бір бағамен барлығына сатады. Электр энергиясын сатып алуға кететін қаржы электр энергиясы бағасы құрамының 60-65 пайызын алады. Яғни, көп шығын электр энергиясын сатып алуға кетеді. Сондықтан бір теңгеге өзгеруінің өзі түпкі тарифке әсер етеді. Екінші себеп — қуаттылық нарығы. Электр жүйелеріндегі қуатты баланста ұстап тұру үшін қызмет көрсетіледі. Сол қызмет құны аймағымыз үшін 590 мың теңгеден 1 млн 190 мыңға дейін өсіп кетті. Содан тағы 1,1 млрд қосымша жүктеме пайда болды.
— Сонда департаменттің реттейтін тұсы қайсы?
— Аймақта электр энергиясын тарататын «ПРЭК» және электр энергиясымен жабдықтаушы «Павлодарэнергосбыт» кәсіпорындарының тарифін бекітуге қатысамыз. Мысалы, «Павлодарэнергосбыт» кәсіпорны тарифінің құрылымына келсек, шығынның 90-95 пайызы электр энергиясын сатып алу мен тасымалдауға кетеді. Бұл ұйымның тарифінде таза пайда қарастырылмайды. Қаржы тек экономикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталады. Жылу энергиясы бойынша тариф бес жылға бекітіледі. 2025 жылы бес жылдық тариф мерзімі аяқталады. Бес жылдық тариф бекітілгенде алғашқы жылында тарифке барлық шығындар салынып, тариф анықталады. Сол шығындар индекстеу арқылы алдағы әр жылға бөлінеді. Сөйтіп, әр жылдың тарифі бекітіледі. 2024 жылға бекітілген тариф жыл басында күшіне енді. Содан бері өзгертілген жоқ.
— Тұрғындар бір жылда бірнеше рет тарифтің өскенін айтып, реніш білдіріп жатады. Жалпы, тариф жылына неше рет өзгертілуі мүмкін? Қандай да бір шектеу бар ма?
— Мәселен, жылуға қатысты әр жылдың тарифі бекітілген. Бұл —
бес жылдық жоспарлы тариф. Осы бес жыл ішінде тарифтің өзгертілуіне себеп болатын жағдайлар орын алуы мүмкін. Біріншіден, стратегиялық тауарлар бағасының өсуі. Мысалы — көмір, мазут. Көмір бағасы күрт өссе, бекітілген тариф өзгеруі мүмкін. Яғни, кәсіпорынның экономикалық қажеттілігін қамтуымыз керек. Мұндай өзгеріс енгізуге монополистер жылына тек бір рет қана өтінім бере алады. Екінші себепке келсек, 2023 жылы «тарифтерді инвестицияға айырбас-тау» бағдарламасы іске қосылды. Соған байланысты заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес монополист қосымша инвестиция тартуды көздейтін болса, инвестициялық бағдарламаны бекіту арқылы тарифті қайтадан өзгертуімізге болады. Үшіншіден, жұмыскерлер жалақысын өсіру қажеттілігі туындаса, статистикалық тұрғыдан дәлелі болса, тарифті қайта қарастыруымыз мүмкін. Төртіншіден, салықтық мөлшерлемелер өзгерген жағдайда қайта қаралуы ықтимал. Бесіншіден, төтенше жағдайлар орын алса, ол да тарифтің өзгеруіне себеп болады. Бір қуантарлығы, соңғы уақытта монополистердің өз міндеттерін, тұтынушылар алдындағы жауапкершіліктерін сезінгені байқалады. Жұмыстарды сапалы жүзеге асыруға, уақытылы атқаруға тырысатындары көрініп жатыр.
— Мәліметтеріңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.