Биыл жыл басынан бері облысымызда табиғи монополиялар туралы заңды бұзған субъектілерге 23 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
Биыл жыл басынан бері облысымызда табиғи монополиялар туралы заңды бұзған субъектілерге 23 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камилла Байғожанованың айтуынша, аталмыш мекеме тарифтерді тежеп, халыққа салынатын салмақты азайтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде қолға алуда.
– Департамент уақытша өтемдік тарифтерді енгізу және бекіту кезінде монополистер негізсіз алған қаражатты тұтынушыларға қайтару үшін тарифтерді төмендету жөнінде шаралар қабылдауда. Мәселен, ағымдағы жылы біздің мекеме 133 есепті қарады. Оның ішінде тарифтік сметаларды орындау бойынша 102, инвестициялық бағдарламаларға қатысты 31 жұмыс бар. Сонымен қатар, жыл басынан бері департамент тарапынан 8 жоспарсыз тексеру жүргізіліп, 5 бұзушылық анықталды. Жалпы, осы жылдың басынан бері табиғи монополиялар туралы заңды бұзған субъектілер 23 792 572 теңге көлемінде айыппұл арқалады. Барлық сома мемлекет бюджетіне түсті, – деді Камилла Байғожанова. Сондай-ақ, ол өткен жылғы тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді қарау нәтижесінде электр энергиясы, сумен жабдықтау, жылумен қамту, басқа да бағыттар бойынша негізсіз алынған 662 миллионнан астам теңге тұтынушыларға қайтарылғанын алға тартты.
Баспасөз мәслихатында аймағымызда келер жылдың басында жылу энергиясы тарифінің бағасы өзгеретіні белгілі болды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Павлодар жылу желілері» ЖШС тұтынушылар үшін жылу энергиясын беру қызметін сәл-пәл арзандататынын мәлім етті. Яғни, тұрғындарға 1 пайыз, ал бюджеттік ұйымдар үшін 4 пайызға төмендетілмек.
– Табиғи монополия субъектілерінің есептерін қарап, талдау барысында шығындар мен инвестициялық бағдарламалардың өз деңгейінде орындалмағаны белгілі болды. Яғни, жалпы сомасы 405 миллион теңге көлеміндегі қаржының игерілмегені анықталды. Бұл сома кәсіпорынның кірісінен алынып, тұтынушыға қайтарылатын болады, – деді Камилла Байғожанова. Оның айтуынша, әзірге сумен жабдықтау қызметі бойынша өзгерістер жоқ көрінеді. Керісінше, «Павлодар-Водоканал» ЖШС инвестициялық бағдарлама мен тариф сметасын бекітуден бас тартқан. Алайда аталған кәсіпорын өз қызметі бойынша тарифті көтеру мәселесін құжаттар арқылы толық растай алмаған. Дәл қазір осы мәселе сотта қаралуда екен. Десе де, департамент өкілдері келер жылдың қаңтар айында кәсіпорын тарифті төмендетуі мүмкін екенін айтуда.
Бұған дейін хабарлағаны-мыздай, елімізде 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін коммуналдық қызметтер тарифін көтеруге мораторий енгізілген болатын. Сондықтан жыл басында тарифтерді орынсыз көтеруге жол жоқ, дейді мамандар.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті 53 табиғи монополиялар субъектісімен жұмыс істеп, 91 түрлі қызметті реттеуде. Атап айтқанда, жылу энергиясы, электр энергиясы, су шаруашылығы және канализация жүйесі, кіре беріс жолдардың қызметімен айналысуда. Бұдан бөлек, барлығы 48,5 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық бағдарлама бекітіліп, жүзеге асуда. Сондай-ақ, «Инвестиция үшін тариф» бағдарламасы аясында қосымша 12,3 млрд теңге шамасында инвестиция тартылған. Ал 2027 жылға дейін инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 64 млрд теңгені құрайды, дейді департамент өкілдері.
Нұржайна ШОДЫР.
