Бүгінгі таңда Павлодар облысында 28 ауыл орталықтандырылған су құбырына қосылмаған. Бұған елді мекендердегі тұрғындар санының 500 адамнан аз болуы себеп. Ал аймақта халықты таза ауызсумен қамтудың жалпы көрсеткіші 92 пайызды құрайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Күлбаршын Арынова облыс аумағында жалпы 352 елді мекен бар екенін атап өтті. Айтуынша, оның 224-і орталықтандырылған таза ауызсуға қосылған. Қалған 128 елді мекен тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Ал болашағы жоқ 28 ауылға ауызсу құбырын тарту мүлдем қарастырылмаған. Бұған тұрғындар санының 500 адамнан аз болуы себеп.
— Биыл 16 ауылға су құбыры тартылатын болады. Бұған 2,2 млрд теңге бөлінген. Осы жылы өңірдегі сумен қамту көрсеткіші 99,3 пайызға жетеді деп жоспарланған. Қала тұрғындарын сумен қамту көрсеткіші 97 пайызды құрайды. Биыл 5,3 млрд теңгеге 6 жоба іске асырылады. Су құбырын тарту жұмыстары аяқталғанда сумен қамту деңгейі 98 пайызға жетеді. Шаһар жұртшылығын 100 пайыз таза ауызсумен қамту үшін 10 жобаның құжаты дайындалып жатыр. Бұл екінші Павлодар, Саяжай, Лесозауыт шағын аудандары аумағындағы үйлерге қатысты. Қазір барлық жобаның егжей-тегжейлі жоспары пысықталуда. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін жобаға қаражат сұрау үшін министрлікке құжаттар жіберілетін болады, — деді ол.
Сонымен қатар, Күлбаршын Арынова Жетекші ауылындағы су құбырының мәселесіне тоқталып, аталмыш елді мекендегі су жүйесінің үш жылдан бері пайдалануға берілмеуінің себебін жауапсыз мердігердің жұмысымен байланыстырды.
— Биыл қалалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Қазір бұл ауылда су құбырын тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Қажетті жабдықтар сатып алынды. Бұл жоба ауылдың екінші бөлігін сумен қамтуға бағытталған. Ескі су құбырында апат болып, ауыл сусыз қалған болатын, — деді ол.
Қазір табылған ақауларды жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл су құбыры іске қосылады. Сондай-ақ, былтыр Екібастұз қаласын сумен қамту жұмысы толық аяқталды. Қала 100 пайыз су желісіне қосылған. Ал Ақсу қаласында жаңа салынған шағын аудандарға қазір су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалар жыл соңына дейін аяқталады.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ