Теміржол кластері кеңейе түсті

Мам 15, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Екібастұз қаласында теміржол кластері құрамына кіретін тағы бір кәсіпорын – ұста-бандаждық кешені іске қосылды. Кәсіпорын машина жасау өндірісіне қажет түрлі бөлшек шығарады. Бұл — елімізде индустрия 4.0 стандарттарына сай жабдықталған жоғары деңгейдегі алғашқы өндіріс. Сонымен қатар, шаһарда жаңа металлургиялық зауыттың капсуласы салынды.

Көп бөлшегі өзімізде өндіріледі

2021 жылдың қарашасында Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен келіп, «Проммашкомплект» кәсіпорнының тынысымен танысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс аясын кеңейтіп, отандық нарыққа қажет өнімдер шығаруға қатысты тапсырма берген еді. Сол міндет бүгінде орындалып, «RAILCAST SYSTEMS» ЖШС іске қосылды.

Зауыттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов 125 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған бұл кәсіпорында 600 жұмыс орны ашылатынын атап өтті. Мұндағы қызметкерлердің орташа жалақысы 495 мың теңге болмақ. Айта кетейік, жаңа ашылған кәсіпорын «Railways systems KZ» холдингі құрамына кіреді. Бұл — толық циклді машинажасау холдингі. Жаңа өндіріс орны теміржол саласына қажетті ұста-бандаждық өнімдерінің сұранысын толық қанағаттандырады.

— Жаңа бандаждау кешені жыл сайын 160 мыңнан астам өнім шығару арқылы шағын және орта бизнестің тапсырысын орындауға қауқарлы. Бір жылда 100 млрд теңгеге дейінгі тапсырысты қабылдай алады. Осы жобаның жүзеге асуы нәтижесінде бюджетке салықтық түсімдер 9 млрд теңгеге көбейеді. Бұл қаржы кеншілер шаһарының инженерлік инфрақұрылымын жақсартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге жұмсалады, — деді А.Байханов.

Екібастұзға арнайы келген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа кәсіпорынның ел үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Яғни, машинажасау саласында отандық үлесті арттыруға бағытталғанын атап өтті.

— Кешеннің іске қосылуы арқылы бұған дейін сырттан импорттап келген компоненттерді отандық өнімге алмастыруға мүмкіндік туды. Яғни, саланы импортқа тәуелділіктен арылтады. Сонымен қатар, өндіріс өнімдерін сыртқа экспорттау да жоспарланған. Теміржол машинажасау – өнеркәсіптің тірегі, еліміздің көліктік қауіпсіздігін, Қазақстанның индустриялық дамуының стратегиялық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бүгінде Екібастұз қаласында теміржол саласы өнімдерінің кластері қалыптасып жатқанын әлем тануда. Бұл тек бастама деп білемін. Алдағы уақытта технологиялық әлеуетті одан әрі арттырып, өнімділікті кеңейту керек, — деді министр.

Өз кезегінде «Railways Systems KZ» холдингінің басқарма төрағасы Сергей Павлингер «RAILCAST SYSTEMS» ЖШС – Екібастұздағы теміржол кластері аясында ашылып отырған жетінші кәсіпорын екенін тілге тиек етті. Жеті зауыт жалпы алғанда 127 өнім түрін шығарады. Оның 70 түрі сыртқа экспортталады.

— Мұның бәрі — еліміздегі оң инвестициялық климаттың нәтижесі. 12 жыл бұрын холдинг құру идеясын айтқанымызда, сенімсіздік танытқандар болды. Қазіргі таңда идеяның іске асқанын көріп отырмыз. Мұнда 3500-ге жуық адам еңбек етеді. Жаңа деңгейге шығып жатырмыз. Жаңа өндіріс орны толық қуаттылығына көшкенде 800-ден аса адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде Екібастұз кеншілер мен энергетиктердің ғана қаласы емес, шағын шаһар емес, индустриялық тарихы ерек қалаға айналуда.

Іске қосылған кәсіпорында жылына локомотивке арналған 88 мың өңделмеген бандаж, локомотив және вагон білігінің 36 мың, ірі тісті доңғалақтың 25 мың дайындамасы, 9400 илемделген доңғалақ центрі, дефор-
мация құралының 2000 соғу дайындамасы шығарылады. Технологиялық үдеріс толығымен автомат-тандырылған, роботтандырылған.

Металлургияға серпін береді

Сонымен қатар, Екібастұз қаласында жаңа металлургиялық зауыттың капсуласы салынды. Бұл жобаға 500 млрд теңгеден астам қаржы құйылып отыр. «Rail Way Steel» ЖШС 2028 жылы іске қосылған соң мұнда жылына 1 млн тонна болат шығарылады. Капсула салу рәсімінде алғаш болып сөз алған аймақ басшысы жалпы биыл өңірімізге 1,2 трлн теңге инвестиция тарту көзделгенін атап өтті.

— Өңдеу секторы мен машина жасау саласын дамыту – өңіріміздің экономикалық әлеуетін арттырудың негізгі тірегі. Бұл бағытта Екібастұз қаласының орны зор. Бүгін электрометаллургиялық зауыттың капсуласын салдық. Бұл жобаның бүкіл ел үшін орны ерекше. Бәріміз Екібастұз қаласының еліміздің ірі өндірістік орталығының біріне айналып жатқанына куәміз. Жоғары технологиялық өндірістің басталуы кеншілер шаһарында металлур-гиялық кластердің дамуына жаңа серпін береді. Құны 500 млрд теңге  болатын мұндай ірі инвестициялық жобаның жүзеге асуы және 1 мыңнан астам жоғары жалақылы жұмыс орнының ашылуы мемлекеттің инвестициялық саясатының тұрақтылығын көрсетеді, — деді А.Байханов.

Жалпы, соңғы алты жылда өңірдегі өңдеу өнеркәсібі үш есе, өндіріс алты пайызға өсті. Бұл – соңғы 10 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Биыл облыста 30-дан астам инвестициялық жоба іске асып, сол арқылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Министр Ерсайын Нағаспаев та жаңа металлургиялық зауыт еліміздің өнеркәсіп саласындағы маңызды белестердің бірі екенін тілге тиек етті. Бұл зауыт теміржол кешенін сапалы болатпен қамтитын болады.

— Бұл зауыттың ашылуы барлық металлургиялық сала дамуының жаңа кезеңін бастайды. Жобаның жүзеге асуы ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие сапалы болат шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында робот-тандырылған технологияның қолда-нылуы арқылы өнім халықаралық талаптарға сай келеді. Сол арқылы еліміздің әлемдік нарықтағы орны да айшықтала түседі, — деді министр.

Ал Сергей Павлингер де жаңа жоба өзімізді шикізатпен қамти отырып, экспорттық әлеуетті жақсартуға оң ықпал ететінін айтты. Жоғары технологиялық металл өнімінің 40 пайызын ТМД және ЕО елдеріне экспорттау жоспарда бар. Холдинг басшылығы кадр мәселесі барын да жасырмады. Себебі, жоғары технологиялық жабдық-тарда білікті арнайы мамандардың жұмыс істеуі қажет етіледі. Бүгінде шетелден келіп жатқандары бар. Айтуынша, Екібастұзға 72 отбасы, яғни, мамандар көшіп келген. Алдағы уақытта жергілікті азаматтарды оқытуды жалғастырмақ. Ол үшін холдинг жеке колледж салуды жоспарлап отыр. Одан бөлек, екібастұздық екі білім ордасымен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуде. Холдинг басшысы жаңа зауыттардың экологиялық тұрғыдан еш қаупі жоқтығын мәлім етті. Себебі, әлемдік озық тәжірибе, жоғары технология қолданылатын көрінеді.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Екібастұзда жаңадан салынып жатқан тағы бір цехтің құрылыс жұмыстарымен танысты. Болат құятын цех құрылысы басталып кеткен. «Railways systems KZ» холдингі бас директоры Роман Павлингердің айтуынша, цехті 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізілуде. 43 мың шаршы метр аумақты алатын цехтің жаз бойы сэндвич панельдермен қаңқасы тұрғызылып, технологиялық жабдықтар жеткізіледі деп күтілуде. 60 млрд теңге инвес-тиция салынатын бұл жоба 400 адамға жұмыс орнын ашады. Мұнда болаттың екі түрлі құймасы өндірілмек. Бірі көміртекті болаттан, екіншісі марганецтік болаттан шығарылады. Өнім теміржол саласына қажетті бағыттамалық бұрмалар, айқастырмалар шыға-руға қолданылады. Тіпті, жартылай вагондар, 80 яуттық вагондар өндірісіне де жарайды. Кәсіпорын болаттан құйылатын бұйымның 50-ден астам түрін өндірмек. Жаңа цех осы қуатты еселей түсуге ықпал етеді деп күтілуде. Аталған цех те өзгеге тәуелділіктен арылтып, өз тапсырыстарын, яғни, теміржол саласына қажетті бөлшектерді уақытылы жасауға мүмкіндік береді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ. 

Екібастұз қаласы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.