Тозу көрсеткішін кеміту көзделген

Қыр 4, 2025

Облысымызда қазіргі таңда инженерлік желілердің 68,2 пайызы тозған. 2026 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 109 млрд теңгеге 1 мың шақырым желіні жөндеу көзделген. Бұл жобалар іске асса, құбырлардың тозу көрсеткішін бір жылда 3 пайызға кеміту мүмкін болмақ.

Бұл туралы ұлттық жобаны іске асыру барысын түсіндіруге арналған семинар-кеңесте мәлім болды. Өңірдің барлық табиғи монополиялар субъектілерінің, коммуналдық қызметке жауапты орган өкілдері жиналған кездесуде Астанадан арнайы келген мамандар жобаға қатысу, өтінім беру жолдарын түсіндірді.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов ұлттық жоба стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.

— Ұлттық жоба коммуналдық инфрақұрылымның сенімді жұмысын арттырады, халықтың өмір сүру сапасына оң әсер етеді. Ал оның сәтті іске асуы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен сала кәсіпорындарының, сарапшылық қауымдастықтың бірлескен жұмысына тікелей байланысты. Облысымыз алғашқылардың бірі болып ұлттық жобаны жүзеге асыруда. Биыл Павлодар қаласында ТМ-20 жаңа жылу магистралінің құрылысы жүргізілуде. Оған 9,8 млрд теңге бөлінді, — деді С.Батырғожинов.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров ұлттық жобаны таныстырып берді. Жоба былтыр желтоқсан айында қабылданған. Биыл шілдеде ел Президенті арнайы заң қабылдады. Қазіргі таңда қажетті 26 құқықтық-нормативтік құжат әзір-ленуде. Қысқасы, құзырлы министрлік ел үшін маңызды ұлттық жобаны іске асыру кезеңін бастап кетті.

— Ұлттық жоба арқылы Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, инженерлік желілер тозуын 40 пайызға дейін төмендету, апаттық жағдайды азайту, коммуналдық қызметтердің сапасы мен беріктігін арттыру көзделген. Сонымен қатар, жаңа жылу, электр көздерін салу, ескілерін жаңғырту, жалпы, электр және жылу энергиясының тапшылығына жол бермеу мақсатында қолға алынып отыр, — дейді Қанат Құлназаров.

Мұнда ұзақ мерзімді жеңілдікті қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылған. Қаржы көздері ретінде халықаралық қор ұйымдары, екінші деңгейлі банктер, бюджет қаражаты қолданылмақ. Мемлекет тарапынан субсидиялау тетіктері де қарастырылған көрінеді.

Бұл ретте, министрлік еліміздегі барлық табиғи монополиялар субъектілеріндегі инфрақұрылымның тозуын арнайы аймақтарға бөліп қарастырып отыр. Мәселен, Павлодар облысында төрт субъект «қызыл» аймаққа кіреді. Атап өтсек, жылумен қамту саласында «Павлодар жылу желілері» және «Екібастұз жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде құбырлар қатты тозған. Алғашқысында желілердің 93 пайызы ескірсе, екіншісінде тозу көрсеткіші 81,5 пайызды құраған. Ал сумен қамту бағытында «Ақсу су арнасы» кәсіпорнының жағдайы мәз емес. Мұндағы тозу көрсеткіші 70 пайызға жеткен. Дәл осы кәсіпорында су бұру бойынша да құбырлардың 70 пайызы тозыпты.

Жалпы, еліміз бойынша инженерлік желілер тозуының орташа көрсеткіші 70 пайызға жуықтайды.

Комитет өкілінің мәлімдеуінше, Павлодар облысында 2026 жылы 109 млрд теңгеге 1 мың шақырымдық құбыр жөнделсе, тозу 3 пайызға төмендейді. Ал бес жылдық ұлттық жоба аясында 2030 жылға қарай аймақта орташа тозу көрсеткіші 61 пайызға төмендейді деп болжануда.

Тағы бір ескеретіні, министрлік желілерді ауыстыру, жөндеу бағытында отандық тауар өндірушілерге басымдық бермек. Осылайша, отандық өнеркәсіпті дамытуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасауды мақсат етуде.

Мамандар табиғи монополия субъектілерін ұзақ мерзімді және «арзан» ақшаны пайдаланып қалуға шақырды. Сонымен қатар, жиында ұлттық жобаның техникалық операторы деп танылған «ҚазЦентрЖКХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Макка Шингазиева жобаны іске асыру нұсқаулығын кеңірек таныстырды. Ал «Байтерек» ҰБХ АҚ басқарушы директоры Әлия Мұрзағалиева дәл осы ұлттық жоба шеңберінде қаржыландыру тетіктерін түсіндірді. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерден өнімдерін сатып алу және оларды қолдау жайы да сөз болды. Семинар барысында коммуналдық қызмет саласындағы кәсіпорын, мемлекеттік орган өкілдері сұрақтарын қойып, жауап алды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.